Екі облыста төтенше жағдай жариялануы мүмкін
Екі облыста төтенше жағдай жариялануы мүмкін
Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында төтенше жағдай енгізілуі мүмкін. Мәжіліс депутаттары осындай бастама көтерді, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.  Депутаттардың айтуынша, бұған өңірлерде мал азығына қатысты жағдайдың өте қиын болуы себеп болып отыр. Онда аштан тек ресми мәліметтер бойынша, екі мыңға жуық бас мал қырылып қалған. Сонымен қатар алыпсатарлардың кесірінен басқа облыстардан әкелінетін жем-шөпті алуға көп фермердің қалтасы көтермейді. Мысалы, бір орам шөптің бағасы 17 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл елдегі орташа бағадан төрт есе қымбат.
Депутаттар үкіметті шұғыл шаралар қабылдауға шақырды, олар көптеген қарапайым проблема, оның ішінде жем-шөппен қамтамасыз ету республикада әлі күнге дейін шешілмегенін айтты.
Желіде Маңғыстау облысында аштан азып кеткен жылқылардың суреттері талқыланған болатын. Суреттерді Facebook қолданушысы Бердімұрат Төрекенов жариялады. Оның айтуынша, Маңғыстау облысындағы бірнеше ауылда жылқылар өлім аузында тұр. Биыл далада жаңбыр жоқ, жайылымдар кеуіп кеткен, жем жетіспегеннен жылқыларға берер азық жоқ.