Таластың төменгі сағасына су жетпейді
Таластың төменгі сағасына су жетпейді
Соңғы жылдары көрші қырғыз елінен бастау алатын Талас өзенінің суы төменгі сағаға, яғни Сарысу ау­да­нының аумағына ілдәлап келетін болды. Ал Аса өзе­нінің мұнда жететін табынының арнасы кепкелі қашан? Енді Талас өзені бойынан су қоймасы салынатын болса, онсыз да сылдырап келіп жатқан судың жолын бөгеп, тоспа жасайтын болса, шалғайдағы шаруа­лардың тұрмысы тұралайды дейді сарысулық шаруа­лар. Ал Талас өзенінің бойынан су қоймасы салынады деген әңгіменің шыққанына біраз болды. Бұл жоба құжат жүзінде қат­талып, бағдарламаға енгізіліп те қойыпты. Ол туралы был­тыр облыс әкімдігі ауыл шаруа­шылығы басқармасының бас­­шысы Берік Нығмашев: «Ирригациялық және дренаж­дық жүйелерді жетілдіру жо­басы­ның 2 фазасы» рес­пуб­­ли­калық бағдарламасы ая­сын­да 2021 жылға дейін көлемі 40,9 миллион текше метрді құрай­тын 3 су қоймасын салу көз­делуде. Атап айтсақ, Қордай ау­данын­дағы Ырғайты өзенінде «Ырғайты» және Қалғұтты өзенін­де «Қалғұтты» су қой­масы, Байзақ ауда­нын­дағы Талас өзенінде «Ақмола» су қой­масын салу жоспарлануда. Бұл су қоймаларының құрылысы аяқталғанда пайдаланудағы 34,5 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету дең­гейі артады» деп мәлімдеген болатын. Ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен, кейіннен «Тоғыз­кент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры бо­лып қыз­мет атқарған іскер аза­мат Қыдырбек Абду­маликов: «Көршілес жатқан бұрын­ғы «Үшарал», «Түгіскен» кең­шар­­лары Кеңес одағы кезін­де қара­көл қойын өсіріп, даңқы алысқа кеткен шаруашы­лық­тар еді. Төңірек тегіс тыным­сыз еңбектің ордасы болатын. Тұрғындар мал шаруашы­лығымен қатар қауын, картоп егіп, мол өнім алатын. Осыдан үш жыл бұрын қуаңшылық болды. Былтырдан ағын судың келуі мәз емес. Аса өзенінің табанында тамшы су жоқ. Ха­лықтың бағып отырған жылқы­сысу таппай, көбісі іш тастап жатыр. Тұрғындар осы судың бетіне қарап отыр. Су келсетірлік жанданып сала бере­тіні айтпаса да түсінікті. Тіпті, облыс әкі­мі Асқар Мыр­зах­ме­товтің баста­масымен қолға алынған пилоттық жобаға қа­тыс­қысы келетіндер де бар. Бірақ ағын судың аз келуі көп ша­руа­ға қолбайлау болып отыр» – дейді. Ал Әбілда ауылының тұрғыны Қамбар Жайлаубаев былай дейді: – Бір жылдары осы Тоғыз­кенттің аумағында қауын мо­лынан егіліп, өнімі талайдың таңдайын қақтырған. Торлама қауындардың дәмі шынында да тіл үйіреді. Қауынқақ, қауыні­шек, қауынқұрт жасап сатқандар да көп болды. Тіпті, алыс қала­лардан арнайы тапсырыс беріп жатты. Кейіннен бұл кәсіп те саябырсып қалды. Өйткені су тапшылығы сезілуде. Су тір­шіліктің нәрі емес пе? Сон­дықтан бұл мәселе оңтайлы шешілсе екен. Тоғызкент өңірінде ұзақ жылдардан бері тұрып, жауапты қызметтер атқарған еңбек ардагері Жансерік Майыровтың да айтары аз емес. – 1973 жылы оқу орнын бі­тіріп, осы ауылда еңбек жолым­ды бастадым. Сондықтан бұл аймақтың мәселесі маған жақсы таныс. Кеңес Одағы кезінде 150 үй қауын егіп, бақшамен айналысатын. Айнала тегіс ай­дынға құстар ұшып-қонып жату­шы еді. Балық аулап отыра­тындар да көп болатын. Жет­пісінші жылдардан су тап­шылығы сезіле бастады. Сол тұста ауылда тұратын көптеген өзге ұлт өкілдері сыртқа көшіп кетті. Жасыратыны жоқ, Сарысу ауданы халқының 50 пайызы, ма­лының 80 пайызы осы Талас өзенінің бойында отыр. Сондықтан өзен суын төменгі саға­сына дейін жеткізудің ма­ңы­зы зор. Бірақ өкінішке қарай, жағдай басқаша болып тұр. Мотор арқылы құдықтың суымен 300 мың бас қойды қалай суарасыз? Бір қойдың өзі күніне 5 литр су ішеді. Ағын су келмесе өзен суы тартылып кетеді. Қа­зақта «Өзеннің басын­дағы су ішеді, аяғындағы у ішеді» деген сөз бар. Бұл на­қыл дәл осы аймаққа қатысты ай­тылып тұрғандай, – дейді ол. – Бүгінде аудан бойынша 640 шаруа қожалығы тіркелген. Солардың жартысынан астамы Талас, Аса өзендерінің бойында отыр. Тоғызкент, Досбол, Байқадам, Жаңаталап, Жайылма ауылдық округтеріндегі фер­мерлердің кәсібі өзен суымен тығыз байланысты. Егін егіп қа­рық болмаса да мал суарады, жемшөп дайындайды. Қырда 18 мың гектарға ақ егіс егіледі. Сол жерде 35 агроқұрылым бар. Соның барлығы төрт тү­лігін осында ұстайды. Сон­дық­тан да өзен суының аудан эко­но­микасы үшін берері мол, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруа­шылығы бөлімінің басшысы Сейтбек Дариябеков. Досбол ауылдық округінің әкімі Нұрлан Молдабеков те өзен суының ауадай қажет екенін айтып отыр. Қазіргі таңда осы маңдағы көпірден секундына 6 текше метр су өтіп жатыр. Ал Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшысының уақытша міндетін атқарушы Д.Амировтың берген мәліметке сүйенсек, биылғы 10 қаңтарда Сарысу ауданының Тоғызкент ауылдық округіне секун­дына 10 текше метр су жеткен. Мамандар алдағы ақпан айында да Талас өзені бойынша қажетті көлемде су тас­талатынына сендірді. Бай­зақ ауданында «Ақмола» су қой­ма­сының салынатыны ту­­ралы мәселеге қатысты инс­пек­цияның су пайдалануды реттеу және басқару бөлімінің басшысы Марал Егенбердиева жауап берді. «Байзақ және Талас аудандарының шекарасы маңында су қоймасын салу ту­ралы мәселе бірнеше жыл­дардан бері айтылып келеді. Бірақ бұл сөз жүзіндегі дүние. Жоба жа­салмаған. Оның үстіне осы нысанға байланысты қоғам­дық тың­дау өткенде Сарысу ауда­ны­ның тұрғындары қарсылық біл­дірген. Себебі Сарысу ауда­нына су бармай қалады. Сонымен бұл шаруа тоқтап тұр», – деді бөлім басшысы.   Арсен БАЙЗАҚ, Жамбыл облысы