Үй ауласында тұрған көлікті айдап әкетіп, орманға тығып қойған күдікті ұсталды
Үй ауласында тұрған көлікті айдап әкетіп, орманға тығып қойған күдікті ұсталды
Полиция елордада көлікті айдап әкетіп, бұталардың арасына жасырып қойған күдіктіні ұстады. Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Ауди С-4» маркалы автокөліктің иесі полицияға шағымданған. Белгісіз біреулер жәбірленушінің  Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан үйінің ауласынан көлігін ұрлап кеткен. Шығын көлемі бір жарым миллион теңге деп бағаланып отыр. Оқиға орнын тексеру барысында күдікті ұсталды. Ол үйдің жанынан өтіп бара жатып, есігі жабылмаған көлікті байқаған, көліктің ішінен қосалқы кілттерін тауып алған. Сөйтіп, көлікті қаладан сыртқа айдап шығып, Ақмола облысы Қабанбай батыр кентінің маңында орналасқан орман алқабына тығып қойған. Ол көліктің аккумуляторын алып сатып жібергені белгілі болды. Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті «Сарыарқа» ауданы Полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері 25 жастағы күдіктіні ұстады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр.