Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров және қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досов 7 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Ақтөбе қалалық № 2 сотының баспасөз қызметі. Ақтөбе қалалық № 2 сотында қала әкімінің орынбасары Жангелді Әбубәкіров, қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досов, мердігер мекеме басшысы С.Жанасбаев, бас есепші Д.Дүйсемби, жеке кәсіпкер Н.Мұстафинге қатысты қылмыстық істі қарады. Оларға Қылмыстық кодекстің «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» бабы бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, 2019 жылы қараша айында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ж.Әбубәкіров және қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Досовқа өзі таңдап алған «КДС-Астана» ЖШС-мен қаланы жаңа жылдық безендіруге мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасауға және орындалған жұмыс актісіне қол қоюға нұсқау берген. Досов заңсыз нұсқауларды орындап, серіктестік шотына 100 млн теңге аударған. «КДС-Астана» ЖШС басшысы С.Жанасбаев пен бас бухгалтері Д.Дүйсемби өз тарапынан Досовқа шартқа және орындалған жұмыстар актісіне қол қоюға жәрдемдескен. Қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру мақсатында С.Жанасбаев «Мустафин Н.К» жеке кәсіпкерімен бірге қаланы безендіру үшін тауар жеткізуге шарт жасап, 60 млн теңге аударған. Тауар жеткізілмеген. Қылмыс салдарынан мемлекетке 90 426 475 теңге залал келді.
«Сот Н.Досов пен Ж.Әбубәкіровтің кәсіби антты бұзуын жазасын ауырлататын мән-жай ретінде таныды. Жанасбаев, Дүйсемби және Мұстафинге қатысты айыптау актісінде ауырлататын мән-жайлар көрсетілмеген. Сот өз бастамасы бойынша оларды анықтауға құқылы емес. Заңның айтылған талаптарын негізге ала отырып, келген зиянның өтелмегенін ескеріп, сот Досов пен Әбубәкіровті 7 жылға, Жанасбаев пен Мұстафинді 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Дүйсембиге 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оның жас баласы болуына байланысты жазасын өтеуді 5 жылға кейінге қалдырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.