Қазақстанда мемқызметшілерді зейнетақымен қамту принципі өзгереді
Қазақстанда мемқызметшілерді зейнетақымен қамту принципі өзгереді
153
оқылды
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілерді зейнетақымен қамту мәселесіндегі әдістерді қайта қарауды ұсынып отыр. Бұл жайында бүгін  Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында белгілі болды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Деңгейі жоғары кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту және ұстап қалу үшін оның тартымдылығын арттыру талап етіледі. Қоғамның игілігіне жұмыс істеуді қалайтын және ол қолынан келетін мамандардың барлығы өздері үшін барлық жағдайдың жасалатындығына сенімді болуы тиіс. Алдыңғы қатарлы шет елдердің тәжірибесінде бәсекеге қабілетті әрі тұрақтылығына кепілдік бар жалақыдан бөлек мемлекеттік қызметшіге жекелеген әлеуметтік кепілдік те ұсынылады», - деді комиссия отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Дәуешов.
Оның алға тартқан дерегіне сәйкес, Францияда мемлекеттік қызметшілерге айтарлықтай әлеуметтік топтама беріледі. Оған балаға арналған жоғары жәрдемақы, қоғамдық көліктегі жеңілдік, банктерден арзан займ кіреді. Бұған қоса, зейнетақы мөлшері соңғы жалақысы мен жыл сайынғы төлемге байланысты болады. Және де зейнетақы соңғы жұмыс орнындағы жалақының 75-85 пайызын құрайды. Ал Ұлыбританияда мемлекеттік қызметшілердің зейнетақысы жоғары зейнетақы аударымдарының есебінен қомақты болып келеді. Жапонияда мемлекеттік қызметшіге берілетін әлеуметтік топтамаға тұрғын үй және қоғамдық көлік өтемақысы кіреді. Германия, Австралия, Ұлыбританияда мемлекеттік қызметшілер үшін медициналық сақтандыру міндетті саналады. Міне, осы тәжірибелерді ескере отырып еліміздің Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілерді зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі тәсілдерін қайта қарауды ұсынып отыр.
«Бүгінде әкімшілік мемлекеттік қызметшілерде зейнетақы аударымы бөлігінде қандай да бір басымдық жоқ. Бұған қоса, мемлекеттік қызметші зейнеткерлікке шығатын сәтте зейнетақы қорында жинақталған аталған қаражат инфляция мен өмір сүру деңгейінің артуын ескергенде ары қарай тіршілік етуін қамтамасыз ете алмайды. Осыған орай, мемлекеттік органның есебінен әлеуметтік аударымның жоғары пайызын белгілеу ұсынылады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік қызметте болған әр жылы үшін жинақталған зейнетақы жинағына қосымша аударым жасау да ұсынып отыр. Айта кетерлігі, мұндай норма Қазақстанда әскери қызметшілер үшін қолданылады», - деді Марат Дәуешов.