Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның сессияжабар жалпы отырысы өтті. Жиында бірқатар ратификациялық заң жобаcы мақұлданып, жаңа заң жобалары жұмысқа алынды. Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерге көшпес бұрын депутаттар Мәжіліс Төрағасының ұсынысы бойынша Есеп комитетінің жаңа мүшелері ретінде Рүстем Нұрпейісов пен Юлия Энгельді тағайындады.
Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының баяндамасы бойынша Мәжіліс депутаты Қанат Мусиннің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады. Қ.Мусин осының алдында Жоғарғы Cоттың судьясы лауазымына сайланған. Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулиннің ұсынысымен палатаның Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы болып А.Қожахметов сайланды.
Жалпы отырыста депутаттар Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Армения мен Қырғызстан Республикасының қосылуына байланысты түзетулерді қамтитын ратификациялық заң жобаларын мақұлдады. Хаттамада осы екі елдің электр энергетикалық жүйесі бойынша мемлекетаралық берудің жылдық болжамды көлемдерін айқындау, алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамды мемлекетаралық берудің көлемдері бойынша өтінімді қалыптастыру және беру, мүше мемлекеттер арасында мемлекетаралық берудің жоспарланған көлемдерінің іске асырылуын есептеуді жүргізу бөлігінде өзгерістер енгізіледі.
Отырыста депутаттар мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Құжатта өнім берушіні таңдау процесін едәуір жеңілдетуге және жылдамдатуға, сондай-ақ ашық бәсекелі нарық құру есебінен бюджет қаражатының үнемделуін арттыруға мүмкіндік беретін «электронды дүкен» ұғымы айқындалды. Бұған қоса, әлеуетті өнім берушілерге конкурсқа қатысуға өтінімді қамтамасыз ету үшін ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін де жеке шотқа ақша салуға мүмкіндік беретін «электронды әмиян» ұғымы нақтыланды.
Сатып алынатын тауарларды автоматтандырып сәйкестендіру мақсатында тауарлардың біріздендірілген сипаттамасын қалыптастыруға арналған «электронды тауарлар каталогі» деген жаңа ұғым енгізілмек. «Оффтейк-келісімшарттар» түріндегі мемлекеттік сатып алу туралы ұзақмерзімді кепілдендірілген шарттар жасасуға және тағы басқа бірқатар маңызды түзету қарастырылған.
Мәжіліс Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты және ТМД қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің біріккен байланыс жүйесі туралы келісімді ратификациялайтын жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Оларды күзде, келесі сессияда қарайтын болады.
Е.СЕНБАЙ