Жоғалған педагог: Түркия еліміздегі БИЛ ұстаздарына да ауыз сала ма?
Жоғалған педагог: Түркия еліміздегі БИЛ ұстаздарына да ауыз сала ма?
146
оқылды

Жақында қырғыз елінде «Са­пат» лицейлер желісінің прези­денті  Қырғыз азаматын ұрлады

Жоғалып кеткен педагог Орхан Инандының әйелі БАҚ-қа берген сұхбатында Орханды Түркиядағы ел­шілікте ұстап отырғанын, оны қинап, қырғыз азаматтығынан бас тартуға мәжбүрлеп жатқанын айтқан. Ал 8 маусым күні ресми түрде Орхан Инандыға халықаралық іздеу жарияланды. Қырғыз парламенті бұл ұрлау ісіне биліктің қатысы болса, әлем алдында «ұят» болатынын, неде болса, мәселенің анық-қанығы 5-10 жылда ортаға шығатынын атап өтті. Сондай-ақ 2019 жылы Қырғыз Республикасының Орхан Инандыны Түркияға экстрадициялаудан бас тартқаны мәлім болды. Жауапты орган «Сапат» желісінің президентіне сақ жүруге, қауіпсіздікті күшейтуге кеңес берген деседі. Бұдан бұрын да Түркия тарапы қырғыз еліндегі лицейлер желісін жабуды сұраған. Сонда экс-пре­зи­дент А.Атамбаев қарсы шығып, ойын анық жеткізген-ді. Осылайша, 2017 жылы алғашында «Себат» аталған түрік лицейлері «Сапат» атауымен қайта құрылды. Мектептер толы­ғымен қырғыз елінің Білім министр­лігінің қарамағына кірді. Бұдан кейін жағдай тұрақ­талған сияқты көрінген еді. Алай­да ара­гідік Түркиядан «ескерту» келіп тұ­рыпты. Мәселен, 2019 жылы Анкара Қырғыз билігінен «Сапат» желісінің қызметкерлері Синан Йылмаз бен Санжар Абдулхакимді сұратқан. Мұны елдегі бас прокуратура ма­құлдағанымен, қоғамда резонанс тудырып, мәселе оң шешімін тап­қан. Одан әріде, 2018 жылы Ердоған Қырғыз Республикасына сапарында «Сапат» желісі туралы әңгіме қозғап, оның орнына «Маариф» түрік қоры жетекшілік ететін мектеп ашу жайын айтқан еді. Міне, 2021 жылы мамыр айында қырғыз елінің Білім ми­нистрлігі Бішкекте «Маариф» қоры­ның мектебі ашылатынын мәлім­деді. Демек, Қырғыз билігі Түркия өтінішін орындауға мәжбүр болған сыңайлы. Яғни, елдегі мектептерді жап­паса да, жаңа үлгідегі білім орда­сын ашуға мәжбүр болған. Ал Орхан Инандының жоғалып кетуіне байла­нысты түрлі пікір айтушылар бар. Айталық, Kazakhstan.kz сайты­ның директоры Доған Йылдыз мәселеге адам құқығы тұрғысынан қарауды ұсынды. «Бұл жерде мемлекеттің ішкі саясатына араласу да бар. Дегенмен мәселені адам құқы­ғы тұрғысынан қарастырғанымыз жөн болар. Қазір мұны БҰҰ және басқа ұйымдар адам құқығына қол сұғу деп қарастырып жатыр. Мысалы, Еуропа мен АҚШ бұл іске «Қырғыз Республикасында педагогті ұрлап кетіпті» деп қарамайды. «Орталық Азияда осындай жағдай болып жатыр» деп ойлайды. Ал Орталық Азия­­ның қатарында Қазақстан да барын ұмытпау керек. Қазір қырғыз еліндегі саяси-экономика­лық жағдай мәз емес. Олар күздегі парламент сайлауына дайындалып жатыр. Сондықтан бұл мәселеге қаржы ара­ласуы бек мүмкін» – дейді Доған Йылдыз.

Жағдай неге ушықты?

Жоғарыдағы оқиғаларға мән бере отырып, «неліктен Түркия мұндай саясат ұстанады?» деп сұрақ қою заңды. Өйткені Түркия билігі әлем­­дегі түрік лицейлеріне «Фетхуллах Гүлен­нің жақтастары» ретінде қарайды. 2016 жылы 15 шілде күні түрік елінде бола жаздаған төң­ке­ріске Ердоған Гүленді кінәлайды. Ал өз кезегінде Гүлен бұған ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Сол үшін билік шетелдегі лицейлерге «террористерді тәрбиелейтін орта» деп көз алартып отыр. Осы жылдар ішінде ша­масы жеткенше Гүленнің үндеуімен құрыл­ған білім ордаларын жауып жатыр. Расы­мен, кейбір елдер Ердоғанның өтінішін орындап, әрекет­ке көшкен. Ал кейбір мемлекеттер қарсы уәж айтып, дегенге көнбейтінін бай­қатқан. Мысалы, Пәкістанда осыған ұқсас жағдай болған. Ердоған Малайзияға сапарында Кара­чиге тоқтап, әуежайда Первез Му­шар­раф­пен кездесіп, түрік лицейін жабуды талап еткен. Осы­­­­лайша, елдегі 2000 мұғалім БҰҰ-ға адам құ­­қығы бұзылғаны туралы шағым жазды. Ал Моңғолияда моңғол-түрік лицейі директорын ұрлау ісі тіркелген. Абырой болғанда, моңғол та­­­­рапы бірден шу көтеріп, директорды әуежай­дан қайтарып алған. Дегенмен мәліметтерге сүйенсек, Габон, Сомали, Нигерия, Эфиопия сияқ­ты елдерде түрік лицейлері жабылған. Өзге елдерде лицейлер жабылмаса да, мұғалім­дерге қысым көрсетіліп, Түркияға мәжбүрлі түрде қайтқан.

Қазақстандағы лицей ұстаздарына қауіп төніп тұр ма?

Қазақстанда білім берген түрік мұғалімдері де шарасыз еліне қайтқанын білеміз. 2017 жы­лы Асқар Жұмаділдаев «Қазақ әдебиеті» газе­тінде Сүлеймен Демирел университетінде өзі­мен бірге дәріс берген 20 шақты түрік оқы­тушы­сының еліне кеткенін айтқан. Одан бө­лек, әлеу­меттік желіде Якуб Доганай, Энис Куртай сияқты оқытушылардың оқиғалары бүк­песіз жарияланды. Қазақстан тарапы олар­дың виза мерзімін ұзартпағандықтан, қаладағы миграция мекемелері жағдайға «назар аудар­ғысы» келме­генінен аталған жылдары төлқұ­жат жасату ісі қиындаған. Осылайша, бірнеше пе­­да­гог елден кетуге мәжбүр болған. Ал Қазақ­стан­нан Түркияға барған мұғалімдерді еш негіз­сіз «түрмеге жабатыны» айтылады. Бұл туралы кезінде экономист Олжас Құдайбер­ге­нов те атап өткен. «Президент және Халық» га­­зе­тінің бас редакторы Марат Тоқашбаев та үздік білім бергені үшін президент қабыл­дауында болған екі мұғалімнің Түркияға қайт­қан соң 25 жылға бас бостандығынан айырыл­ғанын жеткізген. Сол үшін түрмеге отырғысы келмеген ұстаздар өзге елге қоныс аударады. Көп­­­шілігі қауіптен қорқып, Еуропа асып кетеді. Осы тұста қырғыз еліндегі жағдайға қа­рап, «елдегі лицейлердің тағдыры не болмақ?» деп ойлауыңыз мүмкін. Ел Үкіметі 2016 жылы «қазақ-түрік лицейі» атауын «Білім иннова­ция лицейі» деп өзгертті. Қазір елімізде 27 БИЛ жұмыс істеп тұр. Лицейдегі білім беру жүйесі мен стандартына көптің қызығатынын бай­қаймыз. Тіпті, биыл нау­рыздан бері өтіп жат­қан ҰБТ-да ең жоғары 140 ұпайды лицей түлегі жинады. Әрі елімізде, халықаралық додаларда топтың алдынан көрінетін де осы лицейдің оқушылары екені даусыз. Сон­дықтан білімді бірінші орынға қоятын елде мұндай қауіп төн­бесі анық. Оның үстіне, сарапшылар да осыған дәлел ретінде бірнеше фактіні атап берді. Мысалы, атын атағысы келмеген бұрынғы БИЛ оқытушысы лицейлердің тікелей Білім және ғылым министрлігіне қарасты мем­лекет­тік ұйым екенін, тиісінше мемлекет қарама­ғындағы мекемеге ешкімнің қол сұға алмай­тынын атап өтті. Демек, қай тұстан «бұй­рық пен өтініш» түссе де, Қазақстан білім орда­ла­ры­ның мүддесін қорғай алады. Сондай-ақ лицейде білім беретін түрік мұ­ғалімдердің дені мұнда 20 жылдан бері мекен етеді. Көпшілігінің азаматтығы бар. Осындай мәліметтерден кейін еліміздегі лицейлерде білім беретін түрік оқытушыларының тағдыры алаңдатары сөзсіз. Өйткені шетелде болып жатқан оқиғалардан секем алатындар бар. Бірақ сарапшылардың айтуынша, мұғалімдердің құқығы барынша қорғалуы керек. Оның үстіне, көрші елдегі педагогті ұрлау ісін Түркияның барлау қызметі жүзеге асырды дейтін ақпарат бар. Мәселеге барлау қызметі араласқанда іс саяси сипатқа ие болады. Сондықтан Түркия да Қазақстанмен арадағы саяси салқындықты қаламайды деп ойлаймыз. Иә, қай елде болмасын адам құқы, соның ішінде мұғалімнің құқы қатаң қорғалуы керек. Өйткені ол келешек ұрпақты тәрбиелейтін адам. Сондай-ақ БИЛ Қазақстанда жұмыс істеп жатқан жылдар ішінде түрік оқытушылардың білім беру саласындағы үлесі біршама азайған. Алғашында мұғалімдердің 90%-ы түрік азаматы болса, қазір шетелдік мамандарды жергілікті педагогтармен алмастыру саясаты бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Сондықтан шетелден маман тартпай, лицейлерге жергілікті педагогтарды жұмылдырған жөн тәрізді. Ал ой қорыту жағы оқырманның еншісінде. Бастысы, еліміздегі мектеп ұстаздарына қауіп төнбеуі қажет.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ