Қорғалжындықтарды шіркей мазалап тұр
Қорғалжындықтарды шіркей мазалап тұр
213
оқылды

Қорғалжын ауданының Аудан әкімдігі құрғақ уәде беріп келеді

– Шыбын-шіркей бізде бұрыннан көп болатын. Биыл былтырғыдан аз болғаны­мен, әлі көп. Күндіз жел болып аса білін­бейді. Дегенмен кешкі тымық басталғанда көбейіп кетеді. Тіпті, бақшаға шығып жұмыс істей алмаймыз.  Балаларымызды кешкі уақытта далаға шығара алмайтындай күйге жеттік. Бірден үсті-бастарын шағып тастайды. Ересек адамдардың да сыртта жүріп-тұруы қиын. Аузы-мұрнымызға дейін кіріп кетеді. Ауыл шаруашылығымен айналысатын, мал бағатын адамдар күні бойы шыбын-шіркеймен алысады. Шір­кейдің шабуылынан шаруасы шатқаяқтаған шаруа қожалықтары жетерлік. Оларды дезинфекциялауға қаражат бөлінуі керек. Бірақ жергілікті әкімдіктен осы күнге дейін шыбын-шіркейге қарсы қаражат бөлінген жоқ. Былтыр ақша бөлінеді деп уәде берген. Биыл дәл сол жағдай тағы қай­таланды. Олар бюджеттен бөлінуі үшін облыстан берілуі керек дейді, – дейді Қорғалжын ауылының тұрғыны Нұргүл Иманова. Тұрғындар былтыр шыбын-шіркейді улау үшін өз күштерімен ақша жинауға кірісіпті. Бірақ аудандық прокуратура мұның заңсыздығын айтып, ақша жинауды тоқтатқан екен. Дегенмен тұрғындар жергілікті атқарушы биліктен бастап құзыретті органдарға хат жазып, сондай-ақ әлеуметтік желілерде де мәселелерін жиі көтеріп жүр.

Қаржы босқа кетуі мүмкін...

Қорғалжындықтарды мазалаған шыбын-шіркей жайын аудан әкімінен сұрап, пікірін білген едік. – Иә, шыбын-шіркей мәселесі жыл сайын мамыр-маусым айларында болады. Негізі,  бұл – 2011 жылдан бері келе жатқан өзекті мәселе.  Сумен көктемгі уақытта ағып келеді. Қазір былтырғыдай аса қалың емес сияқты. Көп болып ұшып жатқанын байқаған жоқпын. Былтыр Семейдің Шәкәрім атындағы университетімен келісім жасағанбыз. Бірақ карантин салдарынан олар бізге келе алмады. Биыл Қорғалжын ауылдық округының әкімдігі арқылы 1 миллион теңге сомасында қаржы шығарып, елордадан агротехникалық университеттің ғалымдарын арнайы шақыртып, зерттеу жасаттық. Бұл бір жылда біте қалатындай шаруа емес. Павлодар облысында да дәл осындай жағдай болып, бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлініпті. Бірақ нәтижесі шамалы көрінеді. Сондықтан ғалымдардың ай­туынша, бұған кемінде үш жыл бойы жұмыс жүргізу қажет. Әрі тек көктем айларында дәрі сеппесе, қазір жүргізсек қаржы құр босқа кетпек, – дейді Қорғал­жын ауданының әкімі Берік Жанбаев. Мәселені ауылдық округ әкімі толығы­рақ баяндады. Айтуынша, енді бюджеттік өтінім облыстық бюджеттік комиссиясында қаралуы тиіс. «Бізде сәуір-мамыр айларында Нұр-Сұлтан қаласынан агротехникалық университеттің ғалымдары келіп кешенді түрде зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғалымдардың айтуынша, Қорғалжында шыбын-шіркейдің 8 түрі бар екен. Олардың ішінде «Сібір шіркейі» дегені аса қауіпті болып тұр. Химиялық дәрілерді қолдануға болмайды, тек биологиялық препараттарды қолдану қажетін айтты. Сондай-ақ оларды улау үшін жалғыз Қорғалжын ауылының аумағын емес, Нұра өзенінің бойын улау керек. Зерттеушілер 400 гектар аумаққа зерттеу жүргізді. Есептеулерінше, тек бір рет дәрілеу, ұшақ жалдау сияқты жұмыстарға 23 миллион теңге қажет. Ал ол кезең-кезеңімен 3 жыл бойы жүргізілуі керек. Яғни, 63 миллион теңге қаражат қажет. Аудандық бюджетте мұндай қаражат жоқ. Шыбын-шіркейдің көбеюі судың келуіне байланысты. Биыл су көп келді. Бірақ ол бірден төмен түсіп кетті. Сондықтан биыл шыбын-шіркей былтырғы жылдан аз. Ал келер жылы егер су болмаса мүлде болмауы да мүмкін», – дейді Қорғалжын ауылдық округының әкімі Бауыржан Байқадамов. Мәселені осы аудандағы Қорғалжын қорығы басшылығынан білмек болдық.

Бір-екі ай шыдауға болады...

– Шіркей тұщы сулы таза өзендердің маңында тіршілік етеді. Бұл – табиғи жағдай. Бір-екі ай шыдауға болады. Олар далада да, өзенде де, кез келген жерде болады. Сондықтан шыбын-шіркейді дезинфекциялау мүмкін емес деп ойлай­мын. Қоқиқаздар тұзды суларды мекен­дейді. Олар шыбын-шіркей ауламайды. Ресейде, тұтас Сібірде, тіпті Америкада да шіркей көп. Бірақ ешкім оларға дезин­фекция жасап жатқан жоқ. Оларды құртуға болады. Онда бүкіл табиғат, жан-жануарға орасан зиян келеді, – дейді «Қорғалжын» қорығы дирек­торының орынбасары Алексей Кошкин. Ал ғалымдар табиғатқа залал шек­тірмей-ақ шыбын-шіркейден құтылуға болатынын айтады. «Біз наурыз-мамыр айларында бес рет зерттеу жұмысын жүргіздік. Қансорғыш шіркейдің үш түрінің жұмыртқалары мен дернәсілдерін алып зерттедік. Бұл жердің Қорғалжын қорығының аумағында орналасуына байланысты биологиялық препараттарды әуе әдісімен улауға кеңес берілді. Бұл табиғатқа еш зиянын тигіз­бейді», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы агро­техникалық университетінің оқытушы-профессоры Людмила Лидер. Әзірге жергілікті билік залалсыздандыру шараларын бастай алмайтынын айтады. Ал қорғалжындық жұрт алдағы жазды тағы шіркейдің шабуылымен қарсы алатынына қапалы.  

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы