Елбасы ойлары сана жаңғыруының қайнары
Елбасы ойлары сана жаңғыруының қайнары
173
оқылды

Елбасының 2017 жылы 12 сәуірде жарық көрген «Жарқын идеяның айналасына біріктіруге мүмкіндік мол

Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын іске асыру бо­йынша өңірлерде жобалық кең­селер ашылып, тыңғылықты жұ­мыс істеп келеді. Соның бірі –  Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқар­масына қарасты «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі. Кеңсе басшысы Зәуре Оралбаева «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының қоғамды шоғыр­ландыруға, зиялы қауым мен жастарды, барлық ұлт өкілдерін Елбасы жариялаған жарқын идеяның айналасына біріктіруге мүмкіндік беретінін айтады. Бағдарлама азаматтық қоғам өкілдері мен жастардың белсенді түрде атсалысуымен жүзеге асады. «Биыл осынау бағдарлама аясында ұйым­дас­тырылған шара қалалық жас­өспірім­дер кітап­ханасында «Бір ел – бір кітап-2021» республикалық акциясы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы аясында басталды. Жоба аясында поэзия жанры бойынша М.Мақатаевтың «Өмірдастан», Ж.Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным», Ұ.Есдәу­лет­тің «Киіз кітап», С.Ақсұң­қарұлының «Көкейімде Күлте­гіннің жазуы», Т.Таңжарықтың «Түн парақтары», Б.Қанапия­новтың «Достояние души» жинақтары таңдалған», – дейді жобалық кеңсе басшысы. Бұдан бөлек, депутаттарды сайлау күні Шымкент қаласын­дағы 312 сайлау учаскесінде алғашқы дауыс берген бірінші сайлаушыларға ұлы ақын Абай Құнанбай­ұлының қара сөздері жазылған кітапты сыйға беруі де бағдарлама аясында жүзеге асқан. Зәуре Оралбаева «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Дәстүр және ғұрып» арнайы жобасының тұсаукесер рәсімінің жөн-жосығы туралы ТВ жобаның түсірілгенін жеткізді. Орталықта ұмытыла бастаған сыбаға сақтау әдісін дәстүрге сай үлгіде көрсетіп, жаңғырту мақса­тында «Сақталушы еді сыбаға...» этнотанымдық іс-шара өткен. Шара Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында халқымыздың «Ерулік», «Сыбаға беру кәдесін» ел арасында кеңінен насихаттауды мақсат еткен.  «Жарасымды дәстүріміздің бірі, құрметті адамға, сыйлы қонаққа, жақын-жуыққа немесе жырақта жүрген үй-ішінің бір мүшесіне арнайы сақталған тиесілі кәделі мүше ұсынылатын дәстүр – «сыбаға». Яғни, халқы­мыздың бір-бірін сыйлағанын білдіретін дәстүрдің бірі. Жиын-тойға келе алмай қалған қадірлі қонақтарына, жақын туыстарына немесе соғым сойғанда арнайы жақындарына бөлінген мүшелерді «сыбаға» дейді. Дәстүрлі ортада түрлі жұмысқа жәрдемдесіп, қол ұшын бергендерге ұсынылатын сый-кәделер де сыбаға деп аталады», – дейді жобалық кеңес басшысы.

Сыры терең әшекей

Көрме орталығында ұйымдас­тырылған «Зергерлік бұйым­дар-2021» атты көрме-жәрмеңке­сіне  Шымкент қаласы зергер­лерінің алтын, күміс бұйымдары­мен қатар, Тараз және Алматы қаласының да зергерлерінің қолынан шыққан әшекей бұйым­дар көпшілік назарына ұсынылды. Үш күнге созылған көрме-жәр­мең­кеде қала қонақтары мен тұр­ғындары «Ұлы даланың жеті қырында» айтылғандай  «Ежелгі металлургия», «Қазақтың әшекей­лерінің сыры терең» деген тақы­рыптарда тың мағлұматқа қанықты. «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының «Киелі жерлер гео­графиясы» жобасына енген Сай­рам тұрғын алабындағы жалпы­ұлттық маңызға ие Қызыр мұнара­сы бүгінде қараусыз күй кешіп отыр. Мұнараның айналасы қоршал­ғанымен, туризм сала­сының мамандары орнатқан QR коды бар тақтайша қиратылып, мұнараның маңайындағы консер­вацияланған жерлер де бұзыла бастаған. Мұнара аумағында тазалық күні аталып өтіп, бұл орынды бақылау Ю.Сареми атындағы №107 мектеп-лицейінің ұжымына бекітілген.

 Жылқы шаруашылығы Ұлы даладан тараған

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының бір бағытында атқа міну мәдениеті айтылғаны белгілі. Онда жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны атап көрсетіледі. Шымкент қаласындағы  Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Ońtústik телеарнасымен бірлесе отырып, Төлеби ауданы Кеңе­сарық елді мекенінде саятшылық, құсбегілік өнерін насихаттау мақсатында «Салбурын мереке ғой саятшыға...» атты теле­визиялық бағдарлама түсірілімін өткізді. «Саятшылық, құсбегілік өнердің қазақ даласында ерте кезеңнен бері қалыптасып, дамығаны белгілі. Бүгінде осы ұлттық саятшылық дәстүрімізді ұмыт қалдырмай, бабадан қалған бағзы өнерді жалғап жүрген, оңтүстік өңіріне белгілі құсбегі Жомарт Кеуеновтің біркүндік табиғатпен үндескен сәттері бейнефильмге арқау болған. Бейнефильмде оның құсбегілік өнерге келу жолы, бұл кәсіптің қыр-сыры, бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулу, аңға салу жолдары көр­сетілген. Сондай-ақ дәстүрді ұлықтап жүретін Шымкенттегі Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Жаңғыру бастауыштан бастала­ды» тақырыбында ұйымдастырған дәрісте  бастауыш сынып мұғалімдерімен пікір алмасу өтіп,  ұлттың жаңғыруы кезеңіне өткен бағдарламаның арнайы жоба­ларын бастауыш сынып сабақ­тарына, негізгі пәндеріне енгізу барысы сөз болған. «Рухы мықты, білімі терең, саналы ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың орны да, рөлі де басым. Бұл бағдарлама ұлттық сипатта, бірақ жеке тұлғалық деңгейде іске асады. Яғни, қоғамдық сана, жеке тұлғалық сананың өзгеруі негізінде жүзеге асады. Олай болса, ұрпақ тәрбиелеу, азамат өсіру, білім беру жұмысымен қатар жүреді. Сол себепті рухани жаңғырудың басты тірегі – ұстаздар. ZOOM желісі арқылы өткен кездесуде бағдарлама аясында қолға алынған жобалар жіті түсіндіріліп, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының мәнісі жіктелді. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы­ның прагматизм, бәсекеге қабілет­тілік, сананың ашықтығы бағыт­тарын санаға сіңіру балабақшадан, бастауыштан қолға алынып, этика және эстетика негіздері, «Туған елім – Қазақстан», «Кітап оқуға құштар мектеп», «Экологиялық ағарту», «Ұлттық тәрбие» жобасы бойынша жұмыс жүргізу жол­дарына  тоқталдық», – дейді «Ру­хани жаңғыру» кеңсесінің жетек­шісі.

Ұмытылған дәстүрлер дәріптелуде

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында жастар арасында «Алтыбақан» ойын-сауық кешін ұйымдастырды.  Өнерпаздар дәстүрлі әндерді нақышына келтіре шырқап, жастар «Арқан тартыс», «Ақшам­шық» секілді қазақ халқының ұлттық ойындарын көрерменге ұсынды. Кеште уақыт ағымына сай ұмытылып бара жатқан «Ұйқы­ашар» мен «Селт еткізер» дәс­түрі дәріптелді. «Тәуелсіздік – өткенімізді зерт­теу, бұл күнге қалай кел­генімізді, кімдердің арқасында жет­кенімізді білу маңызды.  Осы­ған орай еліміздің қыр-сырын зерделей келе, Елбасымыздың:  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде жүзеге аса бастаған «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобалары тарих пен жер арасындағы ықпалдастыққа назар аудартты. 2018 жылы Елбасымыздың қаламынан туған «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ласы ниеті дұрыс әрбір қазақ­стандықты мақтаныш сезіміне бөледі, ел мен жердің өткені, тағдыры, келешегі жайлы қалың ойға жетеледі. Осы орайда кітапханада «Ұлы дала – ұлттық тарих тірегі»  тақы­рыбын­да кітап көрмесі ұйымдастырылды», – дейді Зәуре Оралбаева. М.Әуезов атындағы ОҚУ бас­шылығы мен «Рухани жаңғыру» және Қазақстан халқы Ассам­блеясының ұйымдастыруымен Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында «Шымкент: мыңжылдықтар та­рихы және қазіргі заман» атты апталық форумы болып өтті. Үшін­ші мегаполистегі ескі қала­шық аумағында «Рухани жаңғыру» бағытында қолға алынған Shymqala этноауылы ашылып, жұ­мысын бастады. Иә, Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын сим­волдық қалқанымыз, әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы болып қала бермек.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы