Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаровтың өкімімен Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлім басшысының міндетін атқарушы Бахтияр Қуанышбек қызметінен босатылды, - деп хабарлады ҚазАқпарат. Бұған дейін Маңғыстаудың Мұнайлы ауданындағы әкімдіктің бөлім басшысы басшыларын иіссумен «сатып алмақ» болғаны жазылған видео әлеуметтік желіде тарады. Айта кетейік, видеода Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бахтияр Қуанышбектің әріптестерімен әңгімесі жазылған. Ал сол видеода аты аталған облыстық басқарманың екі басшысы «бұл видеожазба сыбайлас жемқорлыққа шақырады» деп құзырлы орынға арыз-шағым түсірді. Айта кетейік, Бахтияр Қуанышбеков осыдан бір жарым ай бұрын Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы қызметіне тағайындалған болатын.