Биыл сайлауда жеңіске жеткен «Жол картасын бекіткен болатын. Бүгінде Жол картасындағы міндеттер орындалып жатыр ма? Құрылыс саласында қандай мәселе бар? «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық мәслихатындағы фракциясында депутаттар осы және өзге де мәселелерді талқылады.
Мәжілісті «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Бейсен Тәжібаев ашып, жүргізіп отырды. Фракция жетекшісі Жол картасындағы әрбір жоспар орындалуы үшін депутаттар да бақылауды күшейтуі тиіс екенін жеткізді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер жайлы Түркістан облысының Стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қ.Қайыпбектің хабарламасы тыңдалды. Екінші мәселе бойынша Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Т.Егетаев хабарлама жасады. Ол басқарманың 2020 жылғы атқарған жұмыстары және «Nur Otan» партиясының Түркістан облысы бойынша «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы аясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары туралы айтып берді. Оның Жол картасы жоспарға сай жүзеге асып жатқанын жеткізді. 2025 жылға дейін 1 290 427 шаршы метр тұрғын үй немесе 21 379 пәтер беру жоспарланса, 2021 жылы 6 238 пәтер,13 медициналық нысан, 85 мектеп, 1 балабақша, 50 спорт нысаны, 8 мәдениет нысаны беріліп, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін 167 нысан бейімдеуден өткізіледі деп жоспарланған. Қазір осы бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Қаралған мәселелер жетінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жетінші сессиясының қаралуына ұсынылды. Мәжілісте депутаттар тиісті басшыларға ауылдарда, елді мекендердегі «сақалды құрылыстар» және өзге де мәселелер бойынша ұсыныс айтты. Құрылыс саласындағы кемшіліктер де сөз болып, аудан, қала әкімдіктері мен басқарма тарапынан ұсыныс бойынша жұмыс жүргізілетін болды.
Әбілмансұр ЖАСАН