Білімді әйел ғана саналы ұрпақ тәрбиелей ме?
Білімді әйел ғана саналы ұрпақ тәрбиелей ме?
691
оқылды

Қыздардың Адами капиталдың маңызы қандай?

Иә, қыздардың білім алуы қай ғасырда бол­масын өзекті. Өйткені 1920-1930 жылдары елі­мізде бастауыш мектепте оқитындардың 11%-ы ғана қазақ қыздары болған. Қазір бәрі басқаша. Мәселен, 7-10 жас аралығындағы 99,8% қыз мектепке барады. 2020/21 оқу жылында 3,4 млн бала жалпы мектепте білім алса, соның 1,7 мил­­лионы – қыз бала. Ауылды жерге келсек, мек­тепте оқитын 1,5 млн баланың 962 мыңнан аста­мы – қыз. Статистиканы одан ары қазба­ласақ, биыл 128 494 қыз 9-сыныпты аяқтаса, 75 303 қыз 11-сыныпты бітірді. Ұлттық ста­тистика бюросының 2019 жылғы мәліметі бойын­ша, 222 мыңнан астам қыз колледжде білім алады. 321 643 қыз бала ЖОО-да білімін жалғастырып жатыр. Ал 20 901 қыз магистра­турада білімін шың­даса, 2019 жылы 579 қыз-келіншек докторантураны бітірген. Ал жоғарыда айтқан адами капиталға кел­сек, оның еңбек нарығындағы орны, білімі, денсаулығы, физикалық қабілеті де негізге алы­нады. Қазір дамыған елдерде адами капиталға біліммен қатар денсаулықтың да үлкен үлесі бар. Сол үшін адами капиталға үнемі инвестиция құю қажет. Инвестицияны қажет ететін ол – білім мен медицина. Яғни, көкірегі ояу, көзі ашық, дені сау адам кез келген тығы­рықтан шыға алады. Ғалымдар зерттеуінде бойындағы қарым-қабілетін білетін жандар дағдарыс кезеңдерінде жол таба білетінін жазған. Сон­дықтан қаржы капиталы басым адам кез келген ситуациядан шыға алады деу қате. Өйткені білім мен денсаулықты негіз еткен адами капиталдың бәсі жоғары. Десек те, дені сау, білімді адам қабілетін еңбек нарығында сынайтыны белгілі. Елімізде бастауыш, орта, жоғары біліммен қамту дең­гейінің жоғары екені мәлім. Бірақ олардың іске келгенде осалдық танытатынын байқаймыз. Яғни, олардың икем дағдысы аға ұрпақпен салыстырғанда төмен. Мұны қай саланы алып қарамасаңыз да, байқау оңай. Ал бұл сыни тұрғыдан ойлау дағдысымен тікелей байла­нысты. Сондықтан қазір Қазақстанның адами капиталды дамыту индексінде көтерілуі үшін сыни тұрғыдан ойлауға ден қойылған.

Саналы ұрпақты кім тәрбиелейді?

«Мұның бәрінің қыздардың білім алуына қандай қатысы бар?» дерсіз. Өйткені қыз­дардың заман талабына сай білім алуы сауатты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады. Мы­салы, көзі ашық келіншек құрсағына бала біткеннен бастап не істеу керегін біледі. Тал­дама жасату, дәрумен қабылдау, дұрыс та­мақтанудың маңызын тү­сінеді. Демек, келер ұрпақтың денсаулық критерийі барынша қадағаланады деген сөз. Артынша оның жақсы мектепте білім алып, үйірмеге қатысуына да жағдай жасалады. Осы тұста әлеуметтанушы Аяулым Сағын­баеваның айтуынша, тек ЖОО дипломы бар қыздар саналы ұрпақ тәрбиелейді деу қате пікір екенін айтады. Жалпы, рухани кеніші бай, саналы келіншектер де тәрбиелі ұл-қыз өсіріп отыр. «Халықтың 51,5%-ы әйелдер болғандықтан, әрине міндетті түрде олардың еңбек нарығында атқаратын қызметі жоғарылап барады. Сон­дықтан әйелдің білім деңгейі, денсаулық деңгейі жақсы болса, болашақтағы демогра­фиялық ахуалға әсер етеді. Бірақ гендерлік өтпелі кезең мен демографиялық өтпелі кезеңге қарасақ, әйел адамның білім деңгейі көтерілген сайын, ол гендерлік өтпелі кезеңді оңай еңсереді. Тиісінше оның еңбек нарығындағы үлесі артқан сайын, туу деңгейі төмендейді. Әрине, білімі жоғары, денсаулығы жақсы әйел­дің дүниеге дені сау ұрпақ әкелу ықтималдығы жоғары. Бірақ бала тәрбиесіне келсек, бәрі балаға қаншалықты көңіл бөлінетініне байла­нысты. Отбасындағы құндылық да маңызды рөл ойнайды. Қазір жаңа туған балалардың арасында аутоиммундық туабітті аурулар кө­бейіп бара жатыр. Сондықтан баланың аман-сау дүниеге келу факторын алып қарасақ, мұн­да әйелдің білімінен гөрі денсаулығы маңызды», – дейді әлеуметтанушы-демограф Аяулым Сағынбаева. Сондай-ақ ол ұрпақ тәрбиесіне келгенде негізгі жүк анаға түскенімен, әкенің де үлесі барын атап өтті. Оның айтуынша, баланың мектеп қабырғасында, әртүрлі үйірмеде, қо­ғамдық ортаға бейімделуі де бала тәрбиесіне әсер етеді. Әрі ол елімізде әйел не бала тәр­бие­сіне не жұмысқа басымдық беретінін ұмыт қалдырмады. Яғни, мансап жолын таңдаған әйелдің баласын атасы мен әжесі, күтушісі, балабақша қарайтыны белгілі. Сондықтан әлеу­меттанушы мұндай мәселеге келгенде, жалпы емес, жекелей жағдайға мән беруді ұсынады.

Білім берумен мәселе шешілмейді

ЮНИСЕФ қоры ұсынған зерттеулерге сүйенсек, осындай тұжырым жасауға болады. Иә, әлемде кейінгі екі онжылдықта мектепке бар­майтын қыздардың саны 79 миллионға азайған. Бірақ 15-19 жастағы әрбір жиырма­сыншы қыз бен әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Сондықтан қордың атқарушы директоры баяндамасында әлемдік көшбас­шылар 25 жыл бұрын берген уәдесінде тұрып, әйелдер мен қыздардың білім алуына жағдай жасағанымен, оларға құрметпен қарайтын қауіпсіз қоғам құруға күші жетпегенін мәлім­деген. Оның айтуынша, тек білім алуға қол­жетімділікті қамтамасыз ету жеткіліксіз. Қыздар зорлық-зомбылықтан ада, қоғамда тең мүм­кіндікке ие болғанда ғана шынайы теңдік орнайды. Қордың зерттеуінше, Қазақстандағы әйел­дер мен қыздардың жыныстық және репро­дуктивті денсаулығы мен құқығы бұзылған. Мәселен, елімізде қыздардың 50%-ы отбасында күш қолдану арқылы тәрбиеленіп жатыр. Соның ішінде 21%-ы физикалық жазаға ұшы­раса, қалған 45%-ы психологиялық қысым көреді. Таңданарлығы, зерттеуде 15-19 жастағы қазақ қыздарының 9%-ы күйеуінің әйеліне қол көтеруге құқы бар деп есептейтіні көрсетілген. «Әйелдер мен қыздар уақыты мен күшін ер адамдарға қарағанда үш есе көп жұмсауға мәж­бүр болғандықтан, олар оқуды аяқтағаннан кейін жақсы және қауіпсіз жұмысқа орналасуы қиын. Мұндай жағдайды бүкіл адамзаттың игілігіне қарай өзгерту қажет. Қыздар техника және цифрлық технологиялар саласында жұмыс істеу үшін болашақта қажет болатын дағдыларды меңгеруге ұмытылуы қажет», – делінген зерт­теуде. Ұйым ұсынған зерттеуді зерделесек, біздің қоғамдағы қарама-қайшылықпен бетпе-бет келеміз. Аймақтарда әлі де болса қыздардың жоғары білімін жалғастыруға тыйым салып, ертерек тұрмыс құруын қалайтын ата-ана бар. Білімі мен білігі сәйкес келсе де, жұмыс беруші­лер түйіндемедегі «тұрмыс құрған» деген пунктке үрке қарайтыны жасырын емес. Бірақ олар да жауапкершілік тұрғысынан алғанда қыз-келіншектерге жетері жоғын білсе де, мойындағысы келмейтіндей әсер қалдырады. «Ана бір қолымен бесікті тербейтінін» айтсақ та, әлеуметтік ортада құрмет көрсетпейтініміз тағы бар. Алайда бала тәрбиесіне келгенде оларға қоятын талабымыз жоғары.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ