Тозығы жеткен желілер тұрғындарды әурелеуде
Тозығы жеткен желілер тұрғындарды әурелеуде
142
оқылды

Елорданың тап іргесіндегі Це­лино­град ауданының бірнеше ауылы Маминнің тапсырмасына неге мән берілмеді?

Ал бүгінде бұл тапсырманы орындау мерзімі осы жылдың 30 тамызына дейін ұзартылыпты. Ал Целиноград ауданының әкімдігі тапсырмаға сәйкес Талапкер ауылында бірқатар жұмыс жүргізілгенін, бірақ электр желілерін Ақмола электр­желілік үлестіру компаниясына берудің әлі шешім таппағанын алға тартты. «Целиноград ауданы әкімдігі әлеу­меттік жауапкершілік шеңберінде жұмыс кестесін жасап, Талапкер ауылындағы электр жабдықтарын қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір 49 қосалқы электр стансаларының 12-сі Ақмола электржелілік үлестіру ком­паниясына өткізіліп, 520 абонентпен ке­лісімшарт жасалды. 5 қосалқы станса қалпына келтірілгенімен электр қосыл­маған. 32 стансаны белгіленген уақытқа дейін қалпына келтіру жоспарланған. Оның ішінде 10 станса қайта қалпына келтіріліп кернеу беріледі, ал 22 станса қайта жабдықталып Ақмола электр­желілік үлестіру компаниясына беріл­мек», – дейді Целиноград ауданы әкім­дігіндегілер. Алайда Ақмола электржелілері үлес­тіру компаниясының сенімді басқаруына беру басы ашық күйінде қалған. Өйткені электр желілері Целиноград ауданы әкім­дігінің теңгерімінде болғандықтан жа­рықты үлестіру компаниясы бекітілген тарифпен электр желілеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеуден мүлдем бас тартқан. Яғни, қызмет көрсету үшін жекеменшік компания әкімдіктен электр энергиясына тарифтің көтерілуін талап еткен. Мәселені Целиноград ауданы әкімдігіне қарасты тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық бөлімінің басшысы Валерий Асамбаевтан анықтап көрдік.

20 миллиард теңгенің электр желілері күтімсіз тұр

«Мәселе тек Талапкер ауылында ғана емес. Қараөткел, Қоянды, Қызылсуат, Қосшы ауылдарында да дәл осындай жағдай. Мәселе аудан және облыс дең­гейінде шешілмейді. Ол үшін бірнеше министрліктер тарапынан заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі тиіс. Бірнеше мәрте осы жай бойынша жиындар өткенімен Парламент және министрліктер тарапынан мәселе ше­шілмей келеді. Электр желілерінде апат­тар жиі болады. Өйткені Ақмола электр­желілік үлестіру компаниясы қызмет көрсетпейді. Бірақ шығындарды төлеуге әкімдікке шоттарды береді. Алайда жөндеу жұмыс­тарын жүргізуге әкімдікте арнайы қаражат қарасты­рылмаған. Ал электр энергиясы үшін төленген ақша соларға түсіп жатыр. Ал электр желілері әкімдіктің қарауында тұр. Бұл мәселе жылда кө­теріледі. Бірақ, 20 миллиард теңгенің электр желілері күтімсіз тұр. Он мыңдаған абоненттің жарығы жиі өше­ді», – дейді Валерий Асамбаев. желілер Мәселені «Nur Otan» партиясының Ақмола облысы филиалы бірнеше мәрте жоғары деңгейде көтерген. Бірақ күні бүгінге дейін заңға тиісті өзгерістер мен то­лықтырулар енгізілмей, министр­лік­тердің тарапынан нақты жауап бе­ріл­меген. «Біз аталған мәселені шешу үшін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулинге осы жылдың ақ­пан айында хат жаздық. Онда Пар­ламент Төрағасынан «Табиғи монопо­лиялар туралы», «Мем­лекеттік мүлік туралы» заңдар мен «Салық және бюд­жетке түсе­тін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарас­тыруға ықпал етуін өтіндік. Парламент Мәжілісінен хат­тардың Энергетика және Ұлттық экономика министрлігіне жол­данғаны туралы жауап келді. Бірақ күні бүгінге дейін жоғарыдағы ми­­нистр­ліктерден еш жауап жоқ. Филиал төраға­сының орын­басары бұдан кейін де Ұлттық экономика министрлігі мен Энергетика министр­лігіне хат жазды. Бірақ ми­нистрліктер қимылдамай отыр. Ми­нистрліктер Пар­ламент Мәжілісінің де, біздің «Nur Otan» партиясы филиалынан жолданған хатқа әлі жауап түскен жоқ», – дейді «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалынан.

Бірі жауапты 23 маусымға дейін береді, тағы бірі департаментке сілтеді

Біз де тиісті министрліктерден аталған заңдарға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу мәселесінің жайы қандай деңгейде екенін сұрап білмекке бекіндік. Хаттың шығыс және кіріс нөмірлері мен министр­ліктегі орындау­шылардың бай­ланыстарын білген соң сұрағымызды тікелей қойдық. Бірақ тұшымды жауап алу мүмкін бол­мады. «Бізге хат 9 маусым күні түсті. Ресми түрде 23 маусымға дейін жауап береміз», – деді Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінен. Ал Ұлттық экономика министрлігі таяқтың ұшын Ақмола облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департа­ментіне сілтеді. Сөйтіп, министрлікке заң жобаларын өзгертуге қатысты жолда­ған партия хатына жауапты облыстық де­партамент басшылығынан іздедік. «Бұл мәселе былтырдан бері көтеріліп жатыр. Бюджеттің ақшасымен салынған электр желілерін әкімдік жекеменшік компанияға бере алмайды. Ал «АРЭК» тарифтің көтерілгенін сұрайды. Аталған мәселе бойынша заңға әлі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жоқ. Дегенмен жақында заңнан шығатын нормативтік ережеге өзгеріс енгізіліп, онда әкімдік энергия үлестіруші компанияға электр желілерін беруге болатындай жағдай жасалды. Бірақ онда электр энер­гиясы­ның тарифін көтеру қажет болады. Ақмола электржелілік үлестіру компа­ниясына 2016-2020 жылға бекітілген тарифі біткен. Компания 2021-2025 жыл­дарға тарифті бекітуге өтініммен шықты. Соған сәйкес биылға электр өндіруші компаниядан шығатын тариф 5,8 теңге, ал электр энер­гиясын ірі мөлшерде сатып алып, кейін халыққа тарату қызметін атқаратын «АРЭК Энергсбыт» компа­ниясына орташа 22,323 теңге, оның ішінде тұр­ғын­д­арға 16,808 теңге, заңды тұлғаларға 28,744 теңге, ал әлеуметтік маңызы бар ны­сандарға 22,32 теңге кө­лемінде болады деп бекітілді», – дейді Ақмола облысы Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының міндетін атқарушы Азамат Сабыржан.

P.S.

Сонымен, «Nur Otan» партиясы кө­терген электр энергиясы мәселесі әлі де басы ашық күйінде қалған. Парламент және тиісті министрліктер тарапынан заңға өзгерістер мен толықтырулар қашан енгізілетіні белгісіз. Ал он мыңдаған тұрғын мәселе түбегейлі шешілгенше тозығы жет­кен электр желілерін пайдалана тұрады. Демек, бірде электр жарығы болады, бірде болмайды. Басқа амал жоқ. Ал электр энергиясының бағасы бөлек әңгіме.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы