«Ұлы көшті» салғырттық тежеп тұр
«Ұлы көшті» салғырттық тежеп тұр
109
оқылды

Еліміздегі Жаны ашымастың қасында...

Не үшін? Бұл сұрақтың жауабын қоныс аударушылармен тілдескен кезде таптық. Қызылорда облысынан 2019 жылы Айыр­тау ауданына қоныс аударған Гүлнәрдің әңгімесіне құлақ түрсек, бір жарым жыл­дың ішінде олардың отбасына ешқандай жағдай жасалмапты. «Оңтүстіктегі 170 мың теңге еңбекақымды, өз бизнесімді, 300 мың теңге табысымды тастап, Саумалкөлге кө­шіп келсем, дәл сондай табыс таба аламын ба?» деген сұрағына аспаннан құймақ жаудырған жергілікті шенеуніктер жеме-жемге келгенде жібі түзу жұмыс та тауып бере алмаған.  Аудандық мәдениет үйінде хореограф болып жұмыс істеген Гүлнәрдің 100 000 теңге еңбекақысының жартысы пәтер жалдауға жұмсалған. 6 жан болып көшіп келген көпбалалы отбасының жалғыз табысы сол болған соң  жолдасы бүгінде Нұр-Сұлтан қаласынан жұмыс іздеуге мәжбүр. Інісінің де көрген күні сол. Ақырында Гүлнәр бұл жұмысты тастап, Қызылордадан бір-ақ шыққан. Қазір бала­лары демалыста болғандықтан, уақытша сол жақта табысы жоғары жұмыс істеп жүр. Қоныс аударушыларға үй берілетініне қарамастан, Саумалкөлде  неге пәтер  жалдады дегенге келсек, оларға арналып салынған үйдің құрылысы толық аяқтал­мап­ты. Ит байласа, тұрғысыз айдаладағы үйден гөрі олар мектептің жанынан пәтер жалда­ғанды жөн көрген. Өйткені бағдар­лама бойынша салынған үйлер ауылдың қиыр шетінде орналасқан әрі ол жерге не жол салынбаған, не дұрыс жарық та тар­тыл­маған. Оның үстіне, жарық тартудағы олқылықтардың кесірінен үнемі жарық өшіп, қараңғыда күнелтуге мәжбүр болған. «Су үйдің ішінде болады» деп уәде бер­генімен, атымен жоқ. Санитарлық торап тартылмаған. Ол-ол ма, тіпті үйдің құры­лысы да аяқталмапты. «Әне-міне жұмыс тауып береміз, көктемде үйдің құры­лысын аяқтаймыз деді. Ақырында түк те жоқ. 27 жыл бойы колледжде мұғалім болған ініме: «ауданда 3 колледж бар, содан жұмыс тауып береміз» деген мамандар оған бір жерде экономист болуды ұсынды. Ондай жұмыс қолынан келмейтін болған соң келіспеп еді, өзін кінәлі етіп шығарды» деп ағынан жарылды көңілі қалған келін­шек. Ал Қызылжар ауданындағы Чапаев ауылында тұратын Жанат есімді жігіт қыс бойы құрылысы аяқталмаған үйде тұруға мәжбүр болған. Жаңадан салынған үйлердің суық болғаны сондай, қоныс аудару­шылар сыртқы киімін шешпестен, пальтомен ұйықтапты. Есік-терезелеріне 5 санти­мердей мұз қатқан. Ол шенеунік­тердің немқұрайдылығына қатты күйінеді. «Көктемде күн жылынған соң жөндейміз» деп шығарып салған әкім-қаралар ағайын­дарымыздың қыстан қалай шығатынына жаны ашымаса керек. Күнде комиссия келгенімен, өзгерген ештеңе жоқ. Әрі көктем шыққан соң да шала салынған үй­лерді жөндеуге ешкімнің желкесі жар бере қоймапты. Тек Президенттің тапсыр­масынан кейін ғана жұмысқа кірісе баста­ған екен. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, Жанат отбасымен көрші­сінің үйінде тұрады. Алдағы уақытта ауылдағы басқа  мәселелер де шешіледі деген үмітте. 2019 жылы Арыс қаласындағы апаттан соң Қызылжар өңіріне көшіп келген Серік Әлтаевтың айтуынша, қоныс аударушы­лардың мәселесі Президенттің құлағына жеткеннен кейін қазір барлық жерде жаппай жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. «Бұған дейін біздің көтерген мәселе­лерімізге бәрі немқұрайды қарап келген еді. Адамның жағдайын ойлаған жоқ. Енді Президенттің құлағына жеткен соң  өздері келіп, кем-кетіктерді жазып алып, жұмыс істей бастады», – дейді Серік Өтебайұлы.

Іс насырға шапқан соң ғана  қозғалды

Айыртау аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрболат Галимовтың айтуынша, қазір Саумалкөлдегі үйлерге су тартылып жатыр. Ол үшін үй иелері ақша төлеуі тиіс екен, бірақ соған қарамастан, Нұрболат Мергенұлының сөзіне сенсек, үйлерге су тегін кіргізіліп жатқан көрінеді. Шілде айында септик орнатылмақ. Жол да жөнделіпті. «2019 жылы салынған 32 үйдің 28-інде қазір қоныс аударушылар тұрып жатыр. Былтыр бой көтерген 53 үйдің 23-інде адамдар бар, қалғандарына биыл орналастырамыз. 2 жылдың ішінде біздің ауданнан екі отбасы ғана көшіп кетті» деп есеп берді. Ал еңбек­ақыға қатысты біздің өңірде жалақы аз екенін айтып ақталып, 80-90 мың теңгенің жұмысын ғана ұсына алатынын жеткізді. «Өзім директор бола тұра, алатыным  120 мың теңге, олардың 300-400 мың теңге жалақы туралы сұранысын  біз қанағат­тандыра алмаймыз», – деді ол. Айта кету керек, биыл қоныс аудару­шыларға бөлінетін квота саны едәуір кө­бей­ді. Биылдың өзінде Қызылжар өңірі оң­түстіктен 2 500-ден астам адам немесе 700-ден астам отбасын қабылдамақшы. Соның 162-сі, яғни 500-ден астам адам осы күнге дейін қоныстойын тойлап үлгерді. Салыстырмалы түрде айтсақ, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасының мәлі­метінше, былтыр бұл өңірге 590 отбасы немесе 1 765 адам қоныс аударып, өңірлік квотаға енгізілген болатын. Оларға барлық тиісті жәрде­мақы, көшуге және тұрғын үй жалдауға немесе сатып алуға, бір жыл бойы комму­налдық төлемақыға арналған субси­дия төленді. Олар негізінен Түркістан, Ал­ма­ты, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыс­тарынан көшіп келді. Тіпті, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларын тастап, Қызылжар өңіріне қоныс тепкендер де баршылық. Бағдарламаның көздегені тұрғындарды жұмыспен қамту екені белгілі.  Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма­сының баспасөз хатшысы Назерке Тасқұлованың айтуынша, былтыр 540, биыл 109 жұмысқа жарамды адамның екі қолына бір күрек табылды, ал 160 адам өз кәсібімен айналысуды жөн көрген екен. Оңтүстіктен келген ағайынға облыста ұсынылатын бір мыңнан астам жұмыс орны бар көрінеді. Өңірде, әсіресе мал дәрігерлері,  агрономдар, мұғалімдер, дәрігерлер, зоотехниктер, жүргізушілер және  механизаторлар тапшы. Сондай-ақ құрылысшы мамандығына да сұраныс көп. Жаңа мамандық меңгеруге ниет білдірген адамға  бюджет қаражаты есебінен қайта даярлау курсынан өту мүмкіндігі қарас­тырыл­ған.  Жеке ісімен айналысамын деуші­лер­ге жер телімдерін беруге, несие ресім­деуге мүмкіндік бар.

Биылғы меже – 2 мың  баспана

Солтүстік Қазақстан облысының әлеу­меттік-экономикалық даму жоспарына сәйкес, қоныс аударушыларға арнап биыл екі мыңнан астам баспана бой көтермек. Қоныс аудару бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 691,7 млн теңге, соның ішінде көшу субсидиясын төлеуге  252,9 млн теңге, баспана жалдау шығындарына 353,5 млн теңге, жұмыс берушілердің субсидиясына 85,3 млн теңге қарастырылған. Айта кету керек, қоныс аудару субсидиясы биыл мамырдан бастап екі есеге ұлғайтылды. Бұған дейін 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленіп келсе, енді оның көлемі 70 айлық есептік көрсеткішке жеткізілді. Бұл дегеніңіз –204 мың теңге. Тағы бір өзгеріс: бұрын қоныс аударушылар бір жылдан соң ғана келген жағына қайта көшіп кетсе, мемлекет тарапынан көрсетіл­ген қаржылай көмекті қайтармайтын, биылдан бастап 5 жыл тұрақтамаған адам мемлекеттің көмегін қайтарып беруі тиіс. Мұндай шаралардың не себепті қолға алынғаны түсінікті. Себебі бағдарлама қолға жаңа алынған кезде берілген барлық жәрдемақыны қалталарына басып, кетіп қалушылар көп еді. Мұндай үрдісті саябырсыту үшін осындай амал ойлап табылса керек. 2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келген 22 отбасы, яғни 77 адам қайтадан кетіп қалған болатын. Бір жылға да шыдамай көшіп кеткендер алған жәрдемақыларын өз еркімен қайтарды. Былтыр келген­дердің қаншасы тұрақтағанын жылдың соңындағы мониторинг көрсетеді. Серік Әлтаевтың ойынша, бұл – қалып­ты жағдай. «Тіпті, Шымкент қала­сына маңайдағы ауылдардан көшіп келген­дер де сіңісе алмай, қайтадан кетіп жатады. 100 пайыз сіңісу мүмкін емес. Дегенмен соңғы кезде отандастарымыздың тек 5-10 пайызы ғана оңтүстікке кетіп жатыр. Бұл – жақсы көрсеткіш», – дейді Серік Өте­байұлы. Бүгінде 15 шақты белсенді қата­рында бағдарламаны насихаттау жұмы­сымен айналысып жүрген азамат қайта көшуге ниет білдіргендерді райынан қай­тару үшін тамырын басып көргенге ұқсай­ды. Бірақ «моральдық тұрғыдан олардың ойын өзгерту мүмкін емес» деген қоры­тындыға келген. Оңтүстіктен келген ағайынның кері көшуі өз алдына, бүгінде облыстың тұрақты тұрғындарының да басқа жаққа көшуі азай­май отыр. Облыстық Статистика депар­таментінің мәліметінше, жыл басы­нан бері 2 000-нан астам адам қоныс ау­дарыпты. Ал облысқа көшіп келушілер саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, керісінше 17,3 пайызға азайған. Эмигрант­тардың басым бөлігі (99,7 пайызы)  Ресейге барып тұрақтаған. Өкі­ніш­тісі сол өңірімізден жұмысқа қабілетті, білікті мамандар кетіп жатыр.Мектеп түлектері көрші елде білім сапасы жоғары деп санағандықтан, Ресейге барып оқығанды жөн көреді. Олардың соңынан кетіп жатқан ата-аналары қан­ша­ма?! Айтуларынша, Ресейде зейнеткерлерге көрсетілетін қолдау көп, денсаулық сақтау саласы жақсы дамыған, емханаларда Ден­саулық күні өткізіліп тұрады, тегін тек­серілуге мүмкіндік бар-мыс. Осындай және өзге де себептерге бай­ланысты солтүстікқазақстандықтар саны азаюда. Тағы да статистиканы сөйлетсек, 2021 жылғы 1 сәуірде облыстағы халық саны 542,5 мың адамды құрады. Әрине, көші-қонның оң сальдосын қалыптастыру үшін облыста атқарылып жатқан шаралар да жоқ емес. Бірақ олардың нәтижесі қандай боларын уақыт көрсетеді.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы