Нулы өлкеде су тапшы
Нулы өлкеде су тапшы
172
оқылды

КЕСТЕ НЕГЕ САҚТАЛМАЙДЫ?

«Булаев су» ЖШС бас ди­ректоры Жәнібек Жанәділов тү­сін­діргендей, мұндай жағдайдың қалыптасқанына бау-бақша суару кезеңі кінәлі. «Міне, екі жыл бол­­ды, маусым-шілде айларында су қат. Өйткені осы кезде тұр­­ғындар бау-бақша суару үшін суды шама­дан тыс көп қолданады. Басқа ай­ларда суды 24 сағат бойы үзбей берген күннің өзінде 450-500 текше метр ғана жұмсалса, мау­сым-шілдеде 1 200-1 900 текше метр су шығындаймыз. Оның үстіне, соңғы кезде күн ыстық. Ол-ол ма, жекеменшік жер үйлер­дің иелері заңсыз сорғылар орна­тып алған. Соның кесірінен су магистралі зардап шегіп жатыр. Қысым жеткіліксіз, колонкаларға су жетпей қалады», – дейді ди­ректор. Кәсіпорынның 3 200 абоненті бар. Олар су беру кестесі сақ­­тал­­майтынын айтып шағымданып отыр. Оған қатысты директордың өз жауабы бар екен. Кесте бойын­ша тіршілік нәрі таңғы 6-дан 10-ға дейін, одан соң 12.00-ден 15.00-ге дейін және 18.00-ден түнгі 1-ге дейін беріледі. Бірақ директорға сенсек, қысымның аздығынан су колонкаларға жеткенше 40 ми­нуттай уақыт өтетін көрінеді. Әрі резервуарларға су толтырып алу үшін 2-3 сағаттық үзіліс міндетті түрде қажет. Ал қараңғы түскен кезде үлкен-үлкен бөшкелермен келіп су ұрлаушылардың кесірінен бұл компания түнде суды өшіріп тастауға мәжбүр. Жәнібек Кирил­лұлы су мә­селесі биыл шешіле­тінін айтып сендірді. Ол үшін пай­даланудан қалған ескі су мұ­наралары іске қосылмақ. Ал Есіл ауданындағы Явленка ауылындағы су тапшылығын жою үшін аудан тұрғындарын сумен қамтып отырған «Ақ бұлақ – 2020» ЖШС директоры Ермек Таш­мақанов биыл тамыз айында диф­ференциалды тариф енгізу жо­басын қорғамақшы. Себебі кей­біреулер беті-қолын жууға су таба алмай отырғанда, басқалары жеміс-жидегін суарады. Ал диф­фе­рен­циалды тариф бойынша 1 адамға 3 текше метр су 145 теңге­ден са­тылатын болады. Ал одан артық пайдаланғысы келсе, әрбір текше метрі, яғни мың литрі үшін 1 300 теңгеден төлеуі тиіс. «Сонда ғана адамдар ойланып, суды оңды-солды шаша бермейді. Бау-бақша суаруға, көлік жууға тех­никалық су сатып алсын. Біздікі – тұрмыстық мақсатта қолда­ныла­тын су. Жалпы, біздің тұтыну­шыларымыздың 20 пайызы ғана аздаған қиындықтарға тап болып отыр. Жаңа резервуар салу да жоспарымызда бар. Жаңа үйлер салынып жатқандықтан, қуат­тылықты арттырған жөн. Жалпы, су тапшылығы мәселесі биыл ше­­шімін табады», – деді Ермек Ташмақанов. Мұнда да жаз ай­ларында су тұтыну көлемі екі есе артады екен: 540 текше метрден 900-ге дейін.

БАУ-БАҚША МЕН МАЛДАН БАС ТАРТЫП ОТЫР

Су тапшылығы салдарынан кей­бір тұрғындар бау-бақша бап­тап, мал бағудан бас тартуға мәж­бүр. Облыс орталығының іргесін­де тұрған 2 мыңдай тұрғыны бар Якорь ауылында апталап су бол­май қалады. Соның салдарынан Наталья Божко жуырда сауып отырған жалғыз сиыры мен 30 қойын сатып жіберіпті. «Басқа амал болмаған соң, осындай қа­дамға бардық. Мал сусыз тіршілік ете алмайды. Мен ғана емес, ауыл­дастарымның барлығы дер­лік малдарын өткізіп жатыр», – дейді Якорь ауылының тұрғыны Наталья Божко. Бұл ауылдағы су тапшылығына жерасты су желісінің жаңартыл­мағаны себеп. Қысым көбейсе, құбырлар шыдас бермейді. «Елу жылда ел жаңа» дегенмен, якорь­лықтарға 50 жыл бойы қызмет көрсетіп келе жатқан желі жаңар­тылмағалы қай заман?! Якорь ауыл­дық округінің әкімі Валерий Тихийдің айтуынша, биыл құбыр­ларды ауыстыруға 475 мил­лион теңге бөлініпті. Жобалық-смета­лық құжаттары сараптамаға тап­сырылған. Сараптамадан соң бай­­қау жарияланбақ. Бірақ жұ­мыстар нақты қашан басталып, қашан аяқталары белгісіз. Әлеуметтік желіде пайда бол­ған Якорьдағы су мәселесі туралы шуды облыстық Энер­гетика және тұрғын үй-комму­налдық шаруа­шылық басқар­масының басшысы Әділбек Әубәкіров хайп деп ба­ғалады. «Су мәселесі бойынша жұмыстар үнемі жүргізіледі. Бірақ осындай теріс әрекеттер барлық жұмысымызды жоққа шыға­ра­ды», – дейді ол. Дегенмен осы жарияла­ным­ның арқасында Тайынша, Шаға­лалы, Қиялы, Чапаево, Виногра­довка, Глубокое, Антоновка, Соколовка, Жаңажол, Мамлютка, Пеньково ауылдарында да су тап­шылығы бар екені белгілі болды. Ал облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы биыл Солтүстік Қазақстан облы­сын­дағы ауылдардың 80 пайыздан астамын таза ауызсумен қамту жоспарлаған. Осы жұмыстарға 11 миллиард теңгеден астам қар­жы бөлінбекші. Осы ақша құмға сіңген судай жоқ болмай, халық­тың қажеттілігіне жұмсалса игі. Құбырлардың тозығы жетіп, қау­сап тұрған 70 пайызы жөнделсе, тіршілік нәріне қатысты мәселе­нің шешімі де табылар ма еді, қайтер еді?

Роза ШӘКЕНОВА