Алматыда екі қыз бен анасын фонтандағы ток соқты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әйел адамның сөзінше, ол балаларымен Алматы циркі маңындағы фонтанда демалып отырғанында аяқ киімін шешіп, аяғын фонтанға салайын деп жатқан екі кішкентай қызды көрген."Бір уақытта сол маңдағы кішкентай 2 қыз аяқ киімдерін шешіп, аяқтарын суға салмақ болып отырғанын көрдім. Әп-сәтте байқамай қалдым, екі қыз ортадағы темірге қадалып қалды. Оларды шығарам деп анасы да сол темірге жабысып жатты. Дыбыстары да шықпай, серейіп қалғандарынан ток ұрғанын ұқтым. Тезірек жанымдағы адамдарды шақырып, "көмектесіңдер" деп айқайладым. Мен сияқты суға түсуге көп адамның жүрегі дауаламады. Сол кезде осы Абылай деген жігіт өзін ток соғып жатса да, кезек-кезек оларды судан шығарды. Үшінші қызды басқа бір ересек азамат шығарып алды. Себебі ток ұра бергеннен Абылай да әлсіреп қалды", — дейді Үкілай Бестай.Оның сөзінше, бірінші қыз тез есін жиды.
"Екінші қызды бірден шөптің үстіне жатқызып, кеудесінен басып-басып есін жиғыздық. Олардың анасын асфальттың үстінде кеудесін басып, суын шығарып есін жиғызған еді, кейін қайтадан көгеріп кетті. Сонда да осы Абылай және видеодағы азамат соңына дейін анасы мен қызының өмірі үшін күресін тоқтатпады. Бірінші аман қалған қыз Талдықорғаннан келіпті, анасының құрбысы лагерьден алып 4 баланы қыдыртып жүрген екен. Жазым деген аяқастынан деген осы. Қатты шок алдық. Анасы аман қалса екен деп тілеп отырмын. Өзімнің жанымда кішкентай 5 бала бар еді. Қарбаласта Абылайдың толық аты-жөнін сұрамаппын. Мемлекет осылай өз өмірін қауіпке тіккен бұл жігітті батырлығы үшін марапаттауы керек-ау", — дейді алматылық.