Ақтөбедегі жол апаты: мектеп директорларының жағдайы ауыр
Ақтөбедегі жол апаты: мектеп директорларының жағдайы ауыр

Жол апатынан аман қалған екі мектеп директорының жағдайы тұрақты ауыр. Олар Ойыл аудандық ауруханасында жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ойыл-Қобда тасжолында жол апаты болып, екі мектеп директоры көз жұмды. Аман қалған екі мектеп директоры қазір Ойыл аудандық ауруханасында жатыр.
«Екі әйел де жансақтау бөлімінде жатыр. Бірнеше сүйегі сынған. Қабырғасы, бұғана, жамбасы... Іш-құрылысын тексеру үшін шағын ота жасалды. Қазір облыс орталығымен байланыста отырмыз. Медициналық санавиация ақыл-кеңесін берді. Жағдайы тұрақталғанша осында болады. Екеуі де есін біледі. Туған-туыстары ауылға келді», — деді Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев.
Айтып өтейік, көлік жүргізушісі мен алдында отырған әйел көз жұмды. Олар №20 мектеп директоры Бағдат Үрімбаева және №33 мектеп директоры Альмира Орақова.
«№ 25 мектеп директоры Шолпан Байәділова, Новый орта мектебінің директоры Ақгүл Қисықова ауруханада. Өзім хирургпін. Реаниматолог-анестезиолог, хирург бәрі жұмыста. Науқастарға қан құйдық. Рентген, УЗД түсірдік. Шолпан Байәділованың сынығы көп. Мереке деп кеткен ешкім жоқ, бәрі жұмыста», — деді Сәндібек Нұрбаев.