ДДҰ 15 пен 49 жас аралығындағы қыз-келіншектерге ішімдік ішуіне тыйым салуға шақырды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 15-тен 49 жас аралығындағы қыз-келіншектерге ішімдік ішуіне тыйым салу керегін айтты.

Daily Mail-дің хабарлауынша, ұйымның алкогольді тұтынумен күресудің ғаламдық іс-қимыл жоспарына сәйкес, ең алдымен, балалар мен жүкті әйелдер, бала көтеретін жастағы қыз-келіншектердің арасында  ішімдік ішудің тежеуін көздеп отыр.

Сарапшылардың сөзінше, ішімдіктің салдарынан көп адамның денсаулығы құрып, аурушаңдыққа душар болады. Ашуға бой алдырып, психикасын бұзады. Оған қоса, мастықтың кесірінен адам күш қолданып, зорлық-зомбылыққа дейін барады.

«Ішімдіктің денсаулыққа тигізер залалы өте үлкен. Оны жүктіліктің бірінші үш апталығынан-ақ байқауға болады. Мәселен, тоқтаусыз ішкен болашақ ананың ағзасы ішімдікпен уланады. Ал бұл нәрестенің қалыпты дамуын бұзып, түрлі ауруға шалдықтырады. Тіпті, дүниеге кемтар сәбиді әкелуі де мүмкін. Сондықтан нәрестелі болады деген қыз-келіншектердің бәріне ішімдік ішуге тыйым салуға шақырамыз», - делінген ұйымның хабарламасында.

Олардың зерттеуінше, соңғы жылдары қыз-келіншектердің дені сау сәбиді дүниеге әкелуі сиреп кеткен. Аналардың жарық дүниеге әкелген кішкентайлары көбіне өлі немесе ішкі ағзасының ақауы бар болып шыққан. Мамандар сол үшін қыз-келіншектердің ішімдікті шектен тыс ішуі денсаулыққа зиян екенін дәлелдеп, тыйым салуды талап етуде. Олардың бұл шешімін Ұлыбританияның дәрігерлері бірауыздан қолдап отыр.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.