Нұр-Сұлтан қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде сарбаздар шағымынан кейін тергеу басталды. Әлеуметтік желіде рота жетекшісінің әрекетіне шағым түсірген сарбаздар жазбасы пайда болды. Жазбада әскери қызметкер оларды қинап, қорлайтыны жазылған. Сарбаздардың үндеуі zhaloby___astana парақшасында жарияланған. "Біздің ротаға жақында ғана ауысып келсе де, бұл адамнан шаршадық. Сарбаздарды моральдық және психологиялық тұрғыдан "қажытады": төмендетіп, жануарларға теңейді. Дөрекі сөздер айтып, балағаттайды: өзімізден бастап ата-анамызға дейін. Сарбаздар әскерде қызмет еткісі келмейді. Балағаттайтындай ол кім?
Сонымен қатар заңсыз бұйрықтар береді, мысалы, "Рота соғыста" (бұл кезде сарбаздар тұтқындар секілді жерге жатып, қолдарын басына қоюы тиіс. Бұл бұйрықты әжетханада да береді). Тіпті "Рота, темекі" деп айғайлайды. 5 секундтың ішінде ешкім темекі бермесе, бізді заңсыз бұйрық беріп, қинайды. Біз мұндай қорлық үшін әскерге қызмет етуге келген жоқпыз", - делінген жазбада.Сарбаздардың айтуынша, олар тегін берілуі тиіс киімдерді өз ақшасына сатып алуға мәжбүр. Олар арнайы киім жетпейтінін айтады.
"Күн жылынған соң әр сарбазға екі іш киім мен жейде берілуі керек. Алайда әлі алмадық. Бұрынғы сарбаздардан қалған ескі іш киімдер мен жейдені киіп жүрміз. Олардың бояуы да кетіп қалған. Ал қызметтік киімдер 3-5 шақырту бойына мүлде ауыспаған. Қарапайым заттарды дүкеннен сатып аламыз, дегенмен ол да тегін берілуі тиіс. Айта берсек, ұзаққа созылады. Бізге жоғарыдан әділ тексеріс қажет. Біз қызмет еткіміз келмейді", - деп жазылған 5573 әскери бөлімі 4 батальон 12 рота сарбаздарының хабарламасында.Ұлттық ұлан хабарламаға қатысты пікір білдірді. Әскери бөлім командиріне қатысты тергеу тағайындағаны хабарланған. Тергеу негізінде әскери полициямен бірлесе отырып, бөлім сарбаздарынан әлеуметтік сауалнама алынған.
"Жиналған ақпаратты сараптау негізінде шағымда көрсетілген деректер дәлелденбеді. 12 рота старшинасы, ІІІ санат сержанты Смағұловқа оң сипаттама берілді. Өз саласының тәжірибелі қызметкері. Ұлттық ұлан басшылығы мен әскери бөлім командирінен алған марапаттары да бар. Ұлттық ұланда 2004 жылдан бері қызмет етіп келеді. Үйленген, ұлы бар. Қызмет барысында қол астындағы сабраздарға қатысты дөрекі қарым-қатыс байқалмады, - деді Ұлттық ұлан баспасөз қызметі өкілі.