«Жылына 200-ден астам аспап дайындаймыз. Өндірісімізде отандық және шетелдік материалдарды пайдаланамыз. Мысалы, жаңғақ ағашын, шырша, үйеңкі, қызыл ағаш, африкалық тропикалық ағаштар. Музыкалық аспаптардың көпшілігін ұлттық нақышты сақтай отырып, ерекше этностильде дайындаймыз. Сондықтан сапалы бұйым әзірлеу – біз үшін өте маңызды шарт», - деді Абзал Әкімбек.
Оның айтуынша, өз ісін бастау үшін Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының көмегіне жүгінген. Соның арқасында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 2,5 млн теңге грант ұтып алған. «Мемлекеттік қолдаудың арқасында хоббиім кәсіпке айналды. Сол қаражатқа станоктар мен құралдарды сатып алдым. Қазір шеберханада менімен бірге тағы үш адам жұмыс істейді», - деді жас кәсіпкер.