Шымкентте 7 жыл бойы жасырынып жүрген қылмыскер ұсталды
Шымкентте 7 жыл бойы жасырынып жүрген қылмыскер ұсталды
Шымкент қаласында криминалдық полиция қызметкерлері топ болып қыз зорлап, сот төрелігінен жасырынып жүрген күдіктіні ұстады. Бұған дейін полиция қызметкерлері оның үш серіктесін тұтқындап, қылмыстық жауапкершілікке тартқан еді. Олар 2014 жылдың наурыз айында Шымкент қаласының Игілік ауылында Москвич-412 автокөлігінің салонында 23 жастағы таныс қызды зорлаған. Күдіктінің тұрған жерін анықтап, ұстау үшін көршілері мен туыстарынан, жақын достары мен таныстарынан, бұрынғы серіктестерінен жауап алынды. Ол бой тасалауы мүмкін мекенжайлар тексерілді. Тергеу органдары жасырынған күдіктіге мемлекетаралық, содан кейін халықаралық іздеу жариялады. Оның бой тасалауы мүмкін елдерге - Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясының ІІМ-не бағдар жолданды. Қылмыс жасалғанға дейін күдікті Ресей аумағына бірнеше рет барғаны анықталды. Осыған байланысты қазақстандық детективтер көрші елге іссапармен барды. Алайда 7 жыл іздеуден кейін қашқынның орналасқан жері анықталып, ол Шымкент қаласындағы «Эврика» сауда орталығының жанында тұтқындалды. Ұсталған күдікті бой тасалап жүргенде туыстарымен және достарымен араласуын тоқтатқан. Әртүрлі қалаларда жалдамалы пәтерлерде тұрып, үй жөндеумен айналысқан. Әшкере болмас үшін басына үнемі қалпақ киіп, қара көзілдірік таққан. Сақал-мұртын өсірген. Адамдар көп жиналатын жерлерге, қоғамдық орындарға бармаған. Қазір ол Шымкент қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.