Оралда басынан ауыр жарақат алған ер адам жедел жәрдем көлігінде көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 19 маусым күні түс қайта Шолохов пен Циолковский көшелерінің қиылысында болды. Бұрын бір-бірін танымайтын 20 және 46 жастағы тұрғын сөзге келген. Салдарынан төбелес болып, 20 жастағы жігіт ұрған кезде ер адам жерге құлап, жабық бас-ми жарақатын алған. 46 жастағы ер адам есін жимастан, қалалық көпбейінді ауруханаға апара жатқан жолда жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігіне (қасақана ауыр дене жарақатын салу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдем сағат 15.25-те шақыртылып, бригада бес минуттан кейін жетті. Ер адам Шолохов көшесі бойындағы «Гурман» кафесі жанында құлап жатқан. Жабық бас-ми жарақатын алып, комаға түскен ол ауруханаға жетпей, қайтқан.