Әзірге 11 жолдама
Әзірге 11 жолдама
137
оқылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында Қазақстан дербес мемлекет ретінде қатысқан жаздық Олимпиада ойындарында намысты қолдан бермеген Ұлттық құрама сапында болған жетісулықтар жақсы жақтарынан көріне білді. Юрий Мельниченко, Александр Парыгин, Нұрбақыт Теңізбаев сияқты спортшыларымыз табысты өнерлерімен үлгі көрсете алды. Сондықтан Олимпиада ойындары қарсаңында төрткүл дүниенің төрт жылда бір рет келетін байрақты додасына баратын құрама сапындағы жетісулықтарды бір түгендеп қою қалыптасқан.

Қазір Ұлттық құрама командада Олимпиада ойындарында бақ сынауға жол ашатын   62 лицензия бар. Қазақстандықтар спорттың 26 түрінен ел намысын қорғауға дайын. Олардың арасындағы Алматы облысы спортшы­лары жеңіп алған жолдама саны – 11. Облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев жыл басындағы жиында Олимпиада ойындарына Алматы облысы оннан аса жолдама иеленеді деген еді. Білікті басшы, мықты спортшының болжамы дәл шықты.  Жетісулық жүйріктер жолдаманы жанқалтаға басып, сынаққа дайындыққа кірісті.  Дүниежүзілік  дүбірлі додаға қатысатын спортшылардың ішінде ұлтымыздың оң жамбасына келетін күрес түрінен, оның ішінде   грек-рим күресінен Асхат Дильмухамедов бар. Соңғы жылдары допинг дауына ілігіп, шектеулерге шалынып, қатарлары қатты сиреген ауыр атлеттер арасынан бұл жолы суырылып шыққан саңлақтар Зульфия Чиншанло мен Игорь Сонға сенім артамыз. Допинг дауынан соң  әлемдік «ВАДА» Қазақстаннан тек екі штангашыға Олимпиада ойынына қатысуға рұқсат берген. Сол екі жолдаманы да  жетісулық зілтеміршілер иеленді.

Кейінгі кезде Алматы облысының  велошабандоздары да жақсы өнер көрсетіп жүр. Соның арқасында велоспорттан (трек)  Сергей Пономаревқа үміт артып отырмыз. Жетісулық жеңіл атлеттер де шашасына шаң жұқтырмас деген сенім бар. Жеңіл атлетиканың спорттық жүріс түрінен   Айман Ратова, ядро лақтырудан  Иван Иванов өзінің екінші олимпиадасына қатысады. Байдарка мен каноэда есуден  Светлана Усова сынға түседі. Садақшылар  Санжар Мұсаев, Денис Ганькин, Ильфат Абдуллиндер жеке-дара сынақта және  командалық есепте бақ сынайды.  Жалпы, садақ спортынан облысымыздың спортшылары республика бойынша үздік атанып жүр. Әлем чемпионатында садақ ату спортынан Қазақстан қоржынына тұңғыш олжа салған жетісулық спортшы,  жастар арасында әлемнің күмісін ен­шілеген – Санжар Мұсаев. Осы оғлан­дарымыз Токиода олжа салса, нағыз сенсация болары сөзсіз. 

Бұдан басқа тағы да жолдама алып қалар деп үміт артып отырған спорт­шыларымыз бар. Тасжолдағы велосипед спортынан  Юрий Натаров, Данил Фоминых, жүзуден Мария Федотова, садақ атудан  Фарида Түкебаеваның жолы болып кетсе, жолдама саны 15-ке жетеді.
Болат АБАҒАН, 
Алматы облысы