Мұндай дүкен ашуды Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қолға алды.
Студенттер енді кеңсе тауарлары мен оқу-жазу кезінде қажет болатын құралдарды ешкімнің араласуынсыз өздері ала алады. Адалдық дүкенінде әрбір тауардың бағасы жазылған. Ондағы заттарды сатып алушы студенттер мен оқытушылар ақшасын арнайы жәшікке салып кетеді.
– Мұндай әдіс жастарды адалдық қағидатына тәрбиелейді,– дейді университет ректоры Дария Қожамжарова. – Бұл университет жастарына әрбір іс-әрекетін ойланып, бағамдап барып жасауға жол көрсетеді. Білім ордасында сондай-ақ бүгінен бастап «Парасат» мектебі де жұмыс істей бастады. Ол жастарға үш түрлі бағытта тәрибе береді. Оның алғашқысы саналы ұрпақ, екіншісі ізгілік елшісі деген тақырыпты қамтиды. Бұл бағытта өңірдегі сәулелі ғұмыр кешкен, адалдықты ту еткен азаматтармен кездесулер ұйымдастарылады. Ал соңғысы жемқорлықтан ада қоғам құруды көздеп отыр.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы