Биыл еурокубоктік доданың іріктеу кезеңіне қатысатын қазақстандық клубтардың қарсыластары өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда қарымды. Жеребеде төрт командамызға да Еуропадағы мықты клубтар түсті. Оларға қарсы қауқар таныта алар ма екенбіз? Алдымен ел чемпиондарының ежелгі қарсыластарына тоқталайық.
Араға 16 жыл салып Чемпиондар лигасына қайта оралған «Қайраттың» бұл турнирдегі жолы жеңіл болмайын деп тұр. Жарысты бірінші іріктеу кезеңінен бастайтын алматылық клубқа Израиль чемпионы хайфалық «Маккаби» қарсылас атанды. Естеріңізде болса, былтыр Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде дәл осы клуб «Қайратты» жарыс жолынан шығарып жіберген. Бұл жолы да екі клубтың жолы қайтадан түйісіп отыр. Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойыны 6/7 шілдеде Хайфада, қарымта ойын 13/14 шілдеде Алматыда өтеді.
Несін жасырайық, «Қайратпен» салыстырғанда «Маккабидің» еурокубоктардағы тәжірибесі мол. Бірнеше рет Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңдерінде өнер көрсетті. Былтырғы маусымда «Маккаби» Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде «Железничар», «Қайрат» пен «Ростовты» жеңіп, плей-офф сатысында лондондық «Тоттенхэмнен» ғана жеңіліп қалған. Сондықтан алматылық ұжымға израильдік командаға қарсы тұру оңай бола қоймас. Бұл жерде тек қазақстандық клубтың алғашқы ойыны сырт алаңда болатыны аз да болса командаға үміт сыйлайды. Өз кезегінде Prosports.kz сайтының журналисі Есет Төлеш биылғы додадағы «Қайраттың» мүмкіндігіне қысқаша тоқталып өтті.
– «Маккабиге» қарсы матч «Қайрат» үшін алдымен психологиялық тұрғыда қиын болатын шығар. Себебі алматылық клубтың израильдіктерге қарсы жолы болмайды. Бұған дейін Израиль командалары «Қайратты» үш рет Еуропа лигасынан шығарып жіберген. Оның үстіне, алматылық команда биылғы маусымды сәтсіз өткізіп жатыр. Қазақстан чемпионатында үшінші орында келеді. Көш басындағы «Астанадан» 8 ұпайға қалып тұр. Таяуда бас бапкері Алексей Шпилевский командадан кетіп қалды. Бұл да команда үшін ауыр соққы. «Маккабиге» қарсы ойынға аз уақыт қалды. Хайфалық клуб қазір бабында. Биыл команда 27 матч өткізіп, оның төртеуінде ғана жеңілген. Сол себепті бұл ойын ел чемпиондары үшін оңайға түспейді, – дейді Есет.
Күні кеше «Қайраттың» черногориялық жартылай қорғаушысы Небойша Косович те спорт басылымдарына Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі қарсыласы туралы пікір берді.
– «Маккаби Хайфамен» жолымыз қайтадан түйісті. Бұл жолы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде ойнаймыз. «Қайраттың» құрамы қазір жақсы ойыншылармен толысты. Сол себепті келесі кезеңге өте аламыз деп ойлаймын. Біздің командамыздың алдында тұрған жалғыз проблема ол – Еуропа аренасындағы матчтарда тәжірибеміздің аздығы. Вагнер Лавтың тәжірибесі бізге көмектесетініне сенеміз. Мен қарсылас команданың бұған дейін өткізген біраз ойындарын қарап шықтым. Жап-жақсы команда, керемет ойыншылары бар. Бірақ біз қарсыласты жеңуге, келесі кезеңге өтуге тырысамыз, – деді Косович.
Басқасы басқа, ел чемпиондары сапындағы үздік ойыншылардың бірі саналатын черногориялық футболшының командасымен келесі кезеңге өтуге ұмтылысы жоғары екенін байқадық. Қалғанын ойын көрсетер.
Ал Конференция лигасының іріктеуіне Қазақстаннан үш клуб қатысады. Олар – елордалық «Астана», қостанайлық «Тобыл» және қарағандылық «Шахтер». Үш команда да турнирді екінші іріктеу кезеңінен бастайды. «Астана» бұл кезеңде грекиялық «Арис» командасымен кездеседі. «Тобылдың» қарсыласы хорватиялық «Хайдук» клубы. «Шахтер» румыниялық «Стяуамен» ойнайды. Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінің алғашқы кездесулері 22 шілдеде, қарымта ойындар 29 шілдеде өтеді.
Аталған сындағы қазақстандық клубтардың арасында қостанайлық командаға үлкен сенім артылып отыр. Жанкүйерлер «Тобыл» хорваттармен тең жағдайда ойын өрнегін көрсете алады деп есептейді. Жалпы, Хорватияда бір ғана гранд бар, ол Загребтің «Динамосы». Қалған клубтардың деңгейі қарайлас. Өткен маусымда «Хайдук» чемпионатты 4-орынмен аяқтады. Демек, «Тобылға» үшінші кезеңге сенімді қадам жасауға болатындай.
Хорватияның танымал Jutarnji List порталының футбол шолушысы Драко Рузич те Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде қиын қарсыласқа түскенін жазған. Сарапшы бұл кездесуде неге қазақстандық клуб аутсайдер саналмайтынын түсіндіре келе «Тобылдың» басты артықшылығын атап өткен.
Былтырғы қарқынын жоғалтқан «Шахтерде» «Стяуаға» қарсы тұра алатын шама да, қарқын да аз. «Тұран» мен «Қайсардан» жеңіліп жүрген клубтың еуропалық азулы команданы жеңетініне сену қиын. Қарағандылық клубқа қос ойында ірі есеппен жеңілмеу, барынша тең есепті ұстау маңызды саналатыны анық. Бір қызығы, румыниялық «Стяуаның» жанкүйерлері «Шахтерға» қарсы ойнау қиын екенін, келесі кезеңге өтуге мүмкіндіктерінің аз екенін айтыпты. Олар командаларының бұрынғыдай азулы емес екенін, кейінгі кезде жақсы нәтиже көрсете алмай жүргенін сөз еткен. Ендеше румындарға қарсы ойында «кеншілерден» еуромаусымда «Ақтөбенің» кеткен есесін қайтаратын ерік-жігер күтеміз.
Қазақстанның алты дүркін чемпионы «Астана» командасы Конференция лигасындағы барлық қатысушының ішіндегі ең мықтысына тап болды. «Арис» жанкүйерлері Конференция лигасының екінші турында азулы қарсыласқа кезіккендерін айтып, бұл командаға қарсы сақ ойнау керек екенін атап өткен. «Оларда чемпионат орта шебіне жетті, сондықтан «Астананың» футболшылары нағыз бабында. Біздің футболшыларға қорғаныста аса сақ ойнаған жөн» деп ескертеді.
Футболдан Қазақстан U-21 жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат Нұрдәулетов биылғы еуромаусымдағы ел клубтарының ешқайсысының жолы жеңіл болмайтынын айтып отыр.
– Былтырғы еуромаусым біздің клубтар үшін сәтсіз болды. Осы жылы сол олқылықтың орнын толтыруға тиіспіз. Төрт клубқа да еуромаусым алдында барлық жағдай жасалып жатыр. Оның үстіне, чемпионат та нақ қызған шағында. Еуропада көптеген біріншілікте чемпионат әлі басталмады. Ол біз үшін үлкен көмек десе де болады. Бұл жерде отандық командалардан мынау өтеді, мынау өте алмайды деп айта алмаймын. Бәріне де мықты қарсыластар тап болды. «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы қарсыласы хайфалық «Маккабиді» жақсы біледі. Алғашқы ойынын сырт алаңда, қарымта ойынды өз алаңында өткізеді. Өзге де командаларға келесі кезеңге өтуге мүмкіндік бар. Барлығына сәттілік жолдас болсын, – дейді футбол маманы.
Біз де еурокубоктік ойындарда командаларымыздың жеңісті ойындары көп болса деп тілейміз. Ал қалғаны бапкерлер мен ойыншылардың өз қолында.
Абылайхан ЖҰМАШ