Ұн экспорты тұралап қалмасын
Ұн экспорты  тұралап қалмасын
126
оқылды

Әлемдегі ірі ұн экспорттаушы елдердің бірі болып саналатын Қазақстанның кейінгі кездері үздіктер қатарынан шығып қалу қаупі үлкен. Олай деуімізге сыртқы нарыққа тасымалданатын ұн көлемінің жылдан-жылға азайып бара жатқаны себеп болып отыр.

Кейінгі жылдардың есебіне үңілсек, оған тек коронавирус ін­деті кері әсер етті десек, қатты қа­те­­лесеміз. Мәселен, республика 2018 жылы қаңтар айында – 270,3 мың тонна, 2019 жылдың сәй­­­­­ке­сінше мерзімін­де –  164,3 мың тонна, 2020 жылы 90,9 мың тонна ұн экспорттаса, 2021 жыл­дың қаңтарында ол соңғы 10 жылдағы ең төменгі көр­сеткіш 68,4 мың тоннаға дейін құ­лды­раған.

Отандық өнеркәсіп неге тоқырады?

Әдетте, қазақстандық ұн Қы­тайға, Өзбекстанға, Ауғанстанға, Тәжікстанға, Қырғыз Респуб­ли­касына, Түрікменстанға және бас­қа да елдерге экспортталады. Бірақ кейінгі жылдары аталған елдер бізден дайын өнімді емес, бидай сатып алып, одан өздері ұн өндіруге көшкен. Мәселен, қа­зақстандық ұнды ірі тұты­ну­шы­ның бірі – Өз­бекстан соңғы жылдары көпте­ген диірмен ор­натып, өздері тар­татын болған. Сол себепті ала ша­панды ағайын біздің елден та­­­­сы­мал­данатын бидайға қосымша құн салығын алып тастап, ұнға, ке­рісінше баж салығын үстемелеп қосты. Сөйте тұра, өздерінің ас­­тықпен жабдық­таушыларына теміржол көлігінің тасымалдау мөлшерлемесін ай­тарлықтай жеңілдетті.

Ұн өнеркәсіптерінің бәсе­ке­­­ге қабілеттілігіне коммуналдық қыз­меттердің қымбаттығы да кедергі келтіріп отыр. Өзбек­стандағы электр энергиясының құны – 8 тең­ге, ал бізде – 24 теңге. Сол себепті қазақстандық ұн өнді­рушілер үшін аз пайызбен несие беру, коммуналдық қызметтерді (энергия, су, газ) төмендету мәсе­лесі өте көкейкесті проблемаға айналып отыр.

Қазақстанның астық өндіру­шілер одағының президенті Ев­гений Ганның айтуынша, ұн өнім­дерін экспорттау кезінде ҚҚС-ын өтеудің әрта­­рап­тан­дырылған тә­сілін енгізуді ұсын­ған, бірақ бұл мәселе 2,5 жыл болды, әлі Үкімет қарауында жат­қан көрінеді. Егер бұл құжат қабылданатын болса, онда сырт­қы нарыққа шикізатты емес, дайын өнімді тасымал­дау­шы­лар­дың қатары арта түсер еді, әрі бұл отандық ұн өндірушілерге үлкен қолдау болмақ.

Сонымен қатар теміржол опе­раторларының астық тасымалын үзіліссіз қамтамасыз ете алмауы, тарифтердің көпе-көрінеу қым­бат­тығы да отандық диір­меннің жұ­мысына кері әсер еткен. Мысалы, қазақстандық ұн­ның 50% өндіріп отырған Шым­кент қаласы мен Түркістан об­лысы­­­­ның диірменді кәсіп­орындары жыл сайын келі­­сім­шарт бойын­ша келісілген ас­тықты солтүстік өңірлерден жет­кізе алмай қи­налады.

Оның үстіне ірі трейдерлер би­дайды отандық диірмендерге өткізгеннен гөрі, шикізат ретінде шетелге тікелей сатқанды ұтымды көреді.Сатып алып, шетелдерге сатып жатыр. Салдарынан отан­дық ұн тартатын диірмендер ши­­кізатқа зәру. Бұл жағдай да өнді­рістің құлдырауына әкеледі. Мы­салы, 2000 жылдары елде 2 300 ұн өн­ді­руші компания болса, қазір олар­дың 300-ге жуығы қалған. Диір­мендердің 50% банкротқа ұшы­рап, жұмыстарын тоқтатқан.

Экспорттық шектеу неге соқтырды?

Коронавирус індетіне бай­ланысты Үкімет ел ішінде азық-түлік тапшылығының алдын алу мақсатында былтыр сәуір-мамыр айларында қазақстандық ұн экс­портына тыйым салды. Шектеу тек 1 маусымда алынды. Бірақ бұл уақыт аралығында отандық ұн өн­дірушілердің сыртқы на­рық­тағы орнын басқа экс­порт­таушы елдер иеленіп үлгерген еді. Бұл біздің ұн өнеркәсібін дағдартып тастады. Енді қа­зақстандық ұнмен жаб­дық­таушылардың жоғалған на­рығын қайта жаулап алуы оңай бол­майтыны анық және бұл ұзақ­қа созылатын процесс.

Мәселен, біздің ұнның 70%-ын тұтынушы Ауғанстан осы уа­қытша шектеу кезінде бірден Ук­­­раина астығына ауысып кетті. Олар Ук­раин ұнын Иран порт­та­ры арқылы жеткізетін болды. Сондай-ақ Қы­тай нарығы да біз­дің өндіру­ші­лердің көзінен бұл-бұл ұшты.

– Біз ҚХР нарығын иелену үшін табандатқан бес жыл бойы еңбектенген едік, былтырғы ас­тық тасымалына қойылған шек­теудің кесірінен енді оны жо­ғалтып ал­дық. Қазір оны түрік экспорт­шы­лары жаулап алды. Сондай-ақ Ау­стралиядан, Ка­нададан тасымал­дайтын болды, – дейді қараған­дылық «Мутлу» комбинатының директоры Дос-Мұқасан Тәу­кебаев.

Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасы да қазақ ұнынан ішінара Ресейдің өніміне ауысып кеткен. Бұл Ресей өнді­­рушілерінің Орталық Азияға енуіне мүмкіндік берді, ал бо­ла­шақта тіпті бұл нарықтан қа­за­қстандық экс­портшыларды ығыс­тырып шығару қаупі де үл­кен. Міне, астық экс­портына қойыл­ған уақытша шек­теудің отан­дық өндірушілер үшін (бидай, ұн) қан­шалықты соққы болып тиге­нін осыдан-ақ көруге болады.

Жоғалтқан нарыққа қайта орала аламыз ба?

Әрине, шектеу алынғалы бері ұн экспорты бірте-бірте арта бас­тады. Өткен үш айда Қазақстан 330 мың тонна ұн экспорттаған. Алайда бұл жағдайдың өзінде өткен жылғы көрсеткішке қол жеткізу әзірше мүм­кін болмай отыр. Бір жақсы­сы – ұнның ба­ғасы артты. Ұнның бір тоннасы былтырғы 270 дол­­лардан биыл 340 долларға дейін көтерілді.

Қазір отандық ұн кәсіп­орын­дары толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Дос-Мұқасан Тәуке­баевтың айтуынша, егер мемлекет тарапынан тиісінше қолдау бол­са, қазіргі қуаты­­нан үш есе артық өнім өндіруге қау­қарлы. Әлбетте, ол үшін ең ал­дымен өндірілген өнімді өткізу үшін сыртқы на­рықтың қайта жаулап алуы тиіс. Өйткені тек бір жыл ішінде Қазақстанның ұн экспорты 31%, яғни 822 мың тон­наға дейін құлдырап кеткен. Салыстыру үшін: еліміз әлемде ұн экспорты бойынша бірінші орынға шыққан 2007 жылы сыртқы на­рыққа 1 млн 454 мың тонна экс­порт­таған. Одан кейінгі үш жыл бойы да үздік орында тұрды (2008 – 1,8 млн тонна, 2009 – 2,247 млн тонна, 2010 – 2,296,7 млн тонна). Бірақ одан кейінгі жылдары бұл көрсеткіш төмендей берді. Яғни, ұн экс­порты шарықтаған жылдар­дың көрсеткіші мен былтырғы жыл­дың көрсеткішін салыс­тыр­сақ, үш есе құлдыраған. 

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің мәлімдеуінше, еліміз 2024 жылға қарай ауыл шаруа­шы­лығының тауарлары экспор­ты­ның 50%-ын өңделген өнімдері құрайды деп мәлімдеген болатын. Оның ішінде ұн өндірісінің үлесі үлкен. Бұл мақсатқа қалай қол жеткізетіні – алдағы жылдардың еншісінде.

Бір айта кетерлігі, қазақстандық бидайдың қамырлығы өте жоғары – 28-32%-ға жетті. Бұл – әлемде ең үздік сапа. Сөйте тұра, сыртқы ұн экспорты нарығын жоғалтып алуы­мыз өкінішті. Салыстыру үшін: АҚШ бидайының ең үздік сұрып­тарының қамырлығы – 20-24%, Ресейдің оңтүстігіндегі жоғары қа­мырлық – 20-23%, Ұлыбритания бидайы сұрыптарының жоғары қа­мырлығы –18-20%. 

Дәулет АСАУ