Тұрсынбай Құлахметтің келесі қарсыласы белгілі болды
Тұрсынбай Құлахметтің келесі қарсыласы белгілі болды
115
оқылды
Орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Тұрсынбай Құлахметтің (3-0, 2 KO) келесі қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды Vesti.kz. Боксшы 10-шілде Алматыда өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегінде жұдырықтасады. Бастапқыда Тұрсынбайдың қарсыласы, украиналық Станислав Скороход (20-2, 17 КО) болу керек еді. Алайда Скороход жарақат салдарынан жекпе-жектен бас тартуға мәжбүр болды. Осыдан кейін қазақстандық боксшы әлеуметтік желі арқылы өзге қарсылас табу қиын болып жатқанын хабарлаған. Тұрсынбайдың сөзінше, мықты боксшылардың бәрі жұдырықтасудан бас тартып жатыр. Алдағы айқаста Тұрсынбай Құлахметтің қарсыласы, ресейлік 37 жастағы Алексей Евченко (19-14, 8 КО) болады. Бұл туралы MTK Kazakhstan менеджерлік компаниясы өзінің Іnstagram желісінде хабарлап, постер жариялады. "Рокки" лақап атты ресейлік боксшы 2010 жылы тәжікстандық Шерали Мамадалиевті жеңіп, WBO тұжырымы бойынша Еуропа чемпионы болған. Ал кейінгі рет отандасы Карен Чухаджянға есе жіберді.