Ауылдық округтердің әкімдерін сайлау мәселесі талқыланды
Ауылдық округтердің әкімдерін сайлау мәселесі талқыланды
192
оқылды
Орталық сайлау комиссиясының ауылдық округтердің әкімдерін сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі отырысы өтіп жатыр. Отырысқа мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Әділет, Қаржы, Ішкі істер министрліктерінің, сондай-ақ, саяси партиялардың өкілдері, бейнеконференциябайланыс режимінде облыстардың аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда. Отырыстың күн тәртібіне келесі мәселелер шығарылды:
  1. Қазақстан Республикасы аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің әкімдерін сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгі күнтізбелік жоспарын бекіту туралы;
  2. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы;
  3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестікті тексеру үшін аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігіне кандидаттардың аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына ұсынатын құжаттарының тізбесі туралы;
  4. Қазақстан Республикасы аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы;
  5. Қазақстан Республикасы аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің әкімдерін сайлауды қаржыландыру туралы, оның ішінде кандидаттардың шығыстары мәселелері бойынша;
  6. Ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау жөніндегі науқан кезеңінде электораттық оқытуды ұйымдастыру туралы және «Қазақстан Республикасы аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау: сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» оқу-әдістемелік кешені  туралы;
  7. Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі шаралар туралы;
  8. Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы аумақтық сайлау комиссияларының интернет-беттерімен жұмыс істеу және оларды сүйемелдеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы.
  Отырыстың бірінші бөлігінде күн тәртібінің төрт мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев баяндама жасады. Ол ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу кезіндегі барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының өкілеттіктері туралы егжей-тегжейлі баяндады, сондай-ақ, әкімдерді сайлау кезіндегі Орталық сайлау комиссиясы өз өкілеттіктері шеңберінде аумақтық сайлау комиссияларына әдіснамалық көмек көрсететінін, сайлау құжаттарының нысандарын белгілейтінін және сайлау іс-шараларын қаржыландыруды қамтамасыз ететінін атап өтті. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын дайындау және өткізу аудандар мен қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының ерекше құзыреті. Баяндама аясында Ерлан Дауылбаев сайлау науқанының әрбір кезеңіне тоқталды. Осылайша, ол Қазақстан Республикасының Сайлау туралы Конституциялық заңына сәйкес сайлауды аумақтық сайлау комиссиялары кемінде 40 күн бұрын тағайындайды және өз қызметін атқарып отырған әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын өткізеді. Әкімнің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, сайлау тағайындалған күннен бастап бір ай ішінде тағайындалады және бір ай мерзімде өткізіледі. Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге он бес күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Кандидаттар келесі тәсілдер бойынша ұсынылуы мүмкін: 1) саяси партиялар өз мүшелері арасынан ұсынады. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы; 2) дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1%-ының қолдарын жинауды қамтамасыз ете отырып, өзін-өзі ұсыну арқылы жүзеге асырылады. 3) егер ұсыну аяқталатын күнге екіден кем кандидат ұсынылса, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі ұсынады. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болып сайлану үшін Қазақстан Республикасының азаматының жасы 25-ке толған, іс-әрекетке қабілетті, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес, соттылығының және сыбайлас жемқорлық бойынша қылмысы, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасау фактілері болмауы керек. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда, дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайызы дауысының қолдауына ие болуы тиіс. Сайлаушыларды қолдау олардың қолдарын жинаумен куәландырылады. Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлау күнінен 10 күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады. Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған кезден,  яғни сайлау күніне дейін 10 күн бұрын басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша сағат 00-де аяқталады. Сайлау қорытындыларын ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиясы үш күн ішінде анықтайды. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып сайланды деп есептеледі. Ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиялары жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеуді жүзеге асырады. Сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады. Отырыстың екінші мәселесі бойынша Ортсайлауком мүшесі Серік Сыдықов сөз сөйледі. Ол аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттерді, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауының енгізілуіне байланысты Ортсайлаукомның «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» № 4/408 қаулысына мына мәселелер бойынша Ортсайлаукомның 11 қаулысына түзетулер енгізу көзделгенін хабарлады: 1) Арнаулы уақытша шот ашу және сайлау қорының қаражатын жұмсау қағидалары (ОСК-ның 1999 жылғы 7 тамыздағы № 19/222 қаулысы); 2) Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті, мәслихаттары депутаттарының, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын ақпараттық қамтамасыз ету қағидалары (ОСК-ның 2007 жылғы 25 маусымдағы № 90/178 қаулысы); 3) Сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттары (ОСК-ның 2018 жылғы 25 тамыздағы № 12/198 қаулысы); 4) Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру және есепке алу қағидалары (ОСК-ның 2009 жылғы 8 сәуірдегі № 161/306 қаулысы); 5) Сенім білдірілген адамдарды тіркеу жөніндегі нұсқаулық (ОСК-ның 2011 жылғы 21 қарашадағы № 62/108 қаулысы); 6) Сайлау құжаттарын сақтау қағидалары (ОСК-ның 2014 жылғы 17 шілдедегі № 11/236 қаулысы); 7) Қазақстан Республикасының Президентін, Парламент Мәжілісі депутаттарын, мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерінің нысандары (ОСК-ның 2018 жылғы 23 тамыздағы № 11/192 қаулысы); 8) Дауыс беруге арналған сайлаушылардың тізімдерін қалыптастыру, сондай-ақ оларды сайлау комиссияларына ұсыну қағидалары (ОСК-ның 2018 жылғы 23 тамыздағы № 11/197 қаулысы); 9) Мерзімді баспасөз басылымдарының сайлау комиссияларының хабарларын республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат есебінен орналастыру қағидалары мен көлемі (ОСК-ның 2018 жылғы 25 тамыздағы № 12/201 қаулысы); 10) Кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшін қаражат бөлу қағидалары мен көлемдері (ОСК-ның 2018 жылғы 25 тамыздағы № 12/202 қаулысы); 11) Кандидатура алып тасталған, кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күші жойылған, кандидаттарды, партиялық тізімдерді тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайларда сайлау бюллетеньдеріне өзгерістер енгізу қағидалары (ОСК-ның 2018 жылғы 19 қыркүйектегі № 16/209 қаулысы). Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев сөз сөйледі. Ол аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтері әкімдеріне кандидаттар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестікті тексеру үшін аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына мынадай құжаттарды ұсынатынын хабарлады: 1) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; 2) тізбеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің ауылдық округтің әкіміне кандидаттың қызметтiк тiзiмі; 3) еңбек кітапшасының көшірмесі; 4) білімі туралы құжаттардың көшірмелері. «Болашақ» халықаралық стипендиясын иеленушілерге берілген білімі туралы құжаттарға «Халықааралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы берген Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша оқуды аяқтау туралы анықтаманың көшірмесі қоса беріледі. Отырыстың төртінші мәселесі бойынша Ортсайлауком аппаратының сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Дәурен Ысқақов баяндама жасады. Ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңға сәйкес Ортсайлауком Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын белгілейтінін хабарлады. Осылайша, Ортсайлауком ауыл әкімдерін сайлау бойынша сайлау құжаттарының 18 нысанын дайындады. Сайлау құжаттарының ұсынылып отырған нысандары сайлауға ұсыну, тіркеу және оның қорытындыларын белгілеу сияқты сайлаудың нақты кезеңдерінде сайлау комиссияларының ресімдік шараларын реттеуді көздеп отыр.