«Дуалсыз қала» бастамасы Алматының ажарын ашты
«Дуалсыз қала» бастамасы Алматының ажарын ашты

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, егер үйлер жаппай биік дуалмен қоршалса, онда қылмыс өршіп тұр деген сөз. Ал жұртшылық үшін жерұйыққа айналған жайлы елді мекендерде қоршау адам бойынан аспайды. Дамыған елдер одан мүлдем арылуда. Еліміздің ең ірі мегаполисі ©Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі[/caption] Алматының ғаламат жаңғыруының бастау-межесі ретінде 2015 жылды есептеуге болады. Дәл сол жылы «Алматы-2020» жаңа даму бағдарламасы жобасының тұсауы кесілді. Бұл қаланы өркендетуге, оны қалалықтардың өмір сүруі мен жұмыс істеуі үшін барынша жайлы болатын халықаралық деңгейдегі заманауи мегаполиске айналдыруға бағытталған кешенді жоспар болатын. Бұл мақсатқа жету үшін жүйелі тәсіл, зор күш-жігер және алматылықтардың қолдауы талап етілді. Расында, қала билігі қалалықтарға иек артты, олардың шаһарды түлетуге белсене атсалысуынан үміт етті. Шын мәнінде, бұл – теңдессіз қадам болатын: алматылықтар жобаларды түзуге қатысу, төл ұсыныстарын ілгерілету, сын-ескертпелер айту мүмкіндігіне ие болды. «Алматы-2020» даму бағдарламасы аясында қолға алынған әрбір жаңа жоба қоғамдық тыңдауға шығарылды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға оң ықпал етті. «Дуалсыз қала» алматылық жобасы да осы игі бетбұрыстардың шапағатын көрген бастамалардың бірі. Ол 2017 жылдың көктемінде іске қосылды. «Дуалсыздандырудың» бірнеше айында Алматы 150 шақырымнан астам ескі, тот басқан қоршаулардан және басқа да кеспірсіз конструкциялардан арылып, жеңілдеп қалды. Негізінен, сүру жұмыстары қаланың орталық бөлігінде, парктер мен скверлер айналасында жүрді. Жобаны ірі ұйымдар, университеттер, дүкендер қолдады. Олардың көбі бұрынғы қоршау орнына бұта мен ағаш отырғызды. Одан бірер жыл ішінде табиғи әрі тамаша дуалдар пайда болды. Табиғи қоршаудың темірден жақсы екенін түсіндірудің қажеті шамалы болса керек. Өйткені олар біріншіден, көше шуын басады, екіншіден, қаланы оттегімен қанықтырады. Үшіншіден, ол әдемі. «Дуалсыз қала» бағдарламасына алғашқылар қатарында қосылған «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов айтқандай, темір қамалдар өткен ғасырдың көрінісі, ал қауіпсіздікті бейнебақылау камералары жақсырақ қамтамасыз етеді. «Дуалдардан бас тарту айналаны шолу үшін де көбірек кеңістік пен өріс ұсынады. Әрі адамдар да қала аумағында қымсынбай, еркін қозғала алады», – дейді Р.Алшанов. [caption id="attachment_146826" align="alignnone" width="1200"]Алматы ©А.Мұрзанов[/caption] Алматыны түрлентудің басты бастамашысы, қаланың экс-әкімі Бауыржан Байбек 2017 жылы педагогтердің тамыз кеңесіндегі сөзінде атап өткендей, дуалдар – өзгелерден іргені аулақ салуға деген құлшыныстан туған дүние, тиісінше, бұл ой-сана анахронизмі, ескірген стереотиптер және құндылықтарымызға кереғар ғадеттер. Ұлан-байтақ даланы ен жайлаған, алып аумаққа иелік еткен қазақ атам ешқашан ауылды қоршатпаған. Мұндай жабық, жат мінез-құлық бодан заманда қалыптасқаны құпия емес. «Верный қаласының тарихына үңілсек, ХІХ ғасырда қаламыздағы ауқаттылар қара бұқарадан оқшаулану мақсатында биік дуалдар қоя бастапты. Дуалдар әлеуметтік сегрегацияның элементі болған. Сол себепті мысалы, Америка Құрама Штаттарында тіпті жеке үйлер де үлкен дуалдармен жабылмайды», – деп дәйектеді Б.Байбек. Әрине, жаңашылдықты қоғам бірден қабылдай алмай жатады, көбіне наразылық туады. Алматыдағы қоршауларды жоюдың айналасында да пікірталас өрбіді. Алайда алматылықтар қаланың бейнесі жақсарғанына көз жеткізген соң, пікірлерін өзгертті. «Көпшілік қатарлы мен де дуалдарды алып тастаудың дұрыстығына күмәндана қарағанмын. Дегенмен, интернеттен шығып, айналаға зер сала қарағанымда, оның нәтижесінде қала көрінісінің қалай өзгергенін байқадым, сөйтіп, пікірімді өзгерттім. Біріншіден, бұл әдемі көрініс сүйсіндіреді. Екіншіден, дуалдардың жойылуы кеңістікті ұлғайтты, тынысты кеңейтті. Ал үшіншіден, қоршауларды күресінге жіберу жедел жәрдем, авариялық техникаканың ғимараттарға кедергісіз кіруін қамтамасыз етті. Әсіресе, бағдарламаға қосылғандардың көбісінің дуал орнына жасыл желек егуі қатты ұнады. Қала табиғатпен үйлесім тапты», – дейді Алматы тұрғыны Ләйла Имашева. Шаһарды қоршау атаулыдан адалау сыртында қала билігі рұқсатнама құжаттарына сәйкес келмейтін жарнамалық қалқандарды да жойды. Ол кезде қаланың әр жерінде қаптап орналасқан 2 мың жарнамалық қалқанның 138-і лайықсыз екені анықталды. Бұған қоса, барлық жарнамалық конструкцияны бірыңғай сәулет стандарттарына сәйкестендіру туралы шешім қабылданды. Бұрынғы әкімдердің неге осыны жасамағаны белгісіз. Осы тұрғыдағы жаңашылдыққа тоқталсақ, «Алматы қаласының аумағын абаттандыру ережелеріне» 2015 жылы түзетулер енгізіліп, сыртқы жарнаманың жаңа конструкцияларының ортақ форматы бекітілді. Осылайша, қаланың сәнін бұзған, ірі, 6х3 метрлік бұрынғы жарнамалық билбордтар мейлінше ықшам жаңаларына ауыстырылды. «Жалпы алғанда, жасалғанның және жасалып жатқанның бәрі құндылықтар жүйесін өзгертуге ықпал етеді. Қоршау-дуалдарды жаппай жою, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін көшелер мен тротуарларды кеңейту, жарнамалық конструкцияларды трансформациялау алматылықтардың ашық санасын қалыптастырады. Қоғамдық кеңістікке оң әсер етеді. Демек, бұл – позитивті үрдіс-тренд», – деп атап өтті саясаттанушы Юрий Булуктаев, 2018 жылы Алматыны түрлендірудің аралық қорытындысын шығарып. Айтпақшы, жаңа мегаполис саналатын елорда бертінде, екі-үш жыл бұрын Алматының «дуалсыз қала» тәжірибесін өзінде енгізе бастады. Жақсы үлгі мейлінше жаюға лайық.

Ерік Ерденов