2001 жыл: азат елдің алғашқы мерейтойы
2001 жыл: азат елдің алғашқы мерейтойы

2001 жыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 10 жыл толды. Сол жылы еліміз азаттық алғаннан кейінгі алғашқы жылдардағы ауыр кезеңді артқа тастап, даму жолына түскен болатын. Тәуелсіздіктің 10 жылдығында Қа­зақстан көрші мемлекеттердің басым бөлігімен шекараны белгілеуді аяқтады.

Әрине, тәуелсіздік жылнамасы туралы сыр шерткенде әр жылдың өзіндік ерек­шелігі, жетістіктері мен елді елең еткізген оқиғалары болғаны еске түседі. Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы мерей­тойын, яғни 10 жылдығын Қазақстан алға қойған нақты мақсаттармен, азды-көпті табыс­тармен қарсы алды. 10 жыл ішінде Қарулы Күштер құрылды, мемлекеттіліктің бар­лық нышаны толық орнықты, төл ва­люта қолданысқа енгізіліп, көршілермен шекара келісімдері аяқтала бастады. «Қиын-қыстау күндерде қажет болар» деп ашқан Ұлттық қордың да қоржыны толып, «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарла­масында көрсетілген межелерге қарай қадам баса бастадық. Сол жылы елорданың Арқа төріне қоныс тепкеніне және зей­нетақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілгеніне үш жыл толған болатын. Қазақстан әлем­дегі және аймақтағы бейбітшілікті сақтау ісіне мықтап араласуға бел буды.

Қысқасы, 2001 жылдың айшықты оқи­ғалары мол болды. Тіпті, тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы 10 жылды ғасырға татитын кезең ретінде бағаладық. Оны Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та атап өткен бо­латын.

«Осы жылдардың iшiнде бұл жол­дың сорабын алдымен Түркi қаға­натын, кейiннен Қыпшақ конфедерациясы мен Қазақ хандығын құрған өзiмiздiң ұлы ба­баларымыздың бұдан мың жарым жылдан астам уақыт бұрын тартқанын бiз есiмiзден шығарған емеспiз. Ойлансақ, арман­да­ғанымыз, аңсағанымыз осы емес пе едi! Бүгiнгi күнi, менiң бiлуiмше көкiрегi ояу кез келген азамат «Тәуелсiздiк маған емес, бiзге, менiң елiме не бердi, қолымызды неге жеткiздi?» деген сауалды өзiне қоймай тұра алмайды. Осы мiнбеде тұрып, ағым­нан жарылып: бұл сауалдар менiң өзiммен iлесе жүретiн күнбе-күнгi серiгiм екенiн, жатсам-тұрсам ойымнан еш кетпейтiн қымбат сырласым, басқан қадамымды, көкейдегi ойымды аңдып тұратын сын­шым екенiн айтуым керек. Көне «Күлтегiн ескерткiшi» жазуында: «Елiн елдiктi еттi, жауын бейбiт еттi» деген сөздер бар екен. Осыдан мың жылдан көп бұрын айтылып, тасқа қашалған бұл сөздер бiздiң басы­мыздағы бүгiнгi жағдайға тiкелей қатысы бар сияқты» деген еді сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев.

Шекара шегенделген жыл

Әрине, Қазақстан өзімен қоңсылас 5 мемлекетпен арадағы шекараға қатысты келіссөздерді ұзақ уақыт жүргізгені белгілі. Әсіресе, Ресеймен арадағы шекараны делимитациялау ұзаққа созылғаны бар. Алайда 2001 жылы еліміз Ресейден басқа көршілермен арадағы шекара келіссөз­дерін толық аяқтады. Сол жылы Қазақстан Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Түрікменстанмен арадағы шекараны дели­митациялау жөніндегі келіссөздерді, Қытаймен арадағы шекара белгілерін ор­натуды аяқтады. Сөйтіп, әлемдік сарап­шылар әдетте жер мәселесінде өз дегенінен қайтпайтын ел деп бағалайтын Қытай мемлекетімен арадағы шекараны бекем­дедік. Нәтижесінде, ұзындығы 1 783 ша­қырым болатын шекараға 688 белгі ор­натылды. Олардың 346-сы Қазақстан жа­ғында болса, 342-сі Қытай жағында еді. Ал түстіктегі үш елмен арадағы шекараны демаркациялау ісі кейін аяқталды.

Алғаш рет қаржы рақымшылығы өтті

2001 жылы Қазақстан посткеңестік мемлекеттер арасында алғаш рет қаржы рақымшылығын жариялады. Сөйтіп, тәуелсіздік алғаннан кейінгі елең-алаң шақта пысықайлардың заңды немесе заңға томпақтау тәсілдермен жинап алған қаржысын заңдастыруға мүмкіндік бе­рілді. Елбасы осынау бастаманы жүзеге асыра отырып, шетелдерде сақтаулы жатқан қаржының ел экономикасына қызмет етуіне мүмкіндік берген болатын. Қаржысын елге әкелгендердің қудалан­­­байтынына кепілдік берілді. Ал елдегі 16 коммерциялық банк қаржысын заңдас­тырмақ болған азаматтарға арнайы шот ашты. Сөйтіп, 20 күн ішінде 3 мыңға жуық отандасымыз 480 миллион долларды заңдастырды. Әрине, алғашқы қаржы амнистиясынан тым мол ақша түскен жоқ. Алайда сол 480 млн доллардың өзі ел экономикасына қызмет ететінін ескерсек, шараны тиімді болды деуге болады. Өйт­кені жалған кәсіпкерлікпен айналысу, салықтан жалтару, нысандарды қитұрқы тәсілмен жекешелендіру тәрізді тәсіл­дермен байығандар қаржысын заңды ай­налымға енгізу арқылы экономикаға азды-көпті қызмет етті. Дегенмен сол жылы ел дамуына заңдастырылған қар­жыдан гөрі экономикадағы нақты да­мудың пайдасы көбірек болған еді. Мә­селен, 2001 жылы банктер берген несие көлемi 460 миллиард теңгеге жетті. Ұлттық банктiң қайта қаржыландыру мөлшер­лемесi 1994 жылғы тамыздағы 340 пайыз­дан 2001 жылы 9 пайызға дейiн төмендедi. 2001 жылғы инфляция 1992 жылғы 3 061 пайыздың орнына 7 пайызға дейін төмендеді. 2001 жылдың жазына дейін 106,8 мың жұмыс орны құрылды. 18,3 миллион тоннадан астам астық жиналды. Сол жылы елдегі ең жоғары және ең төменгі жалақының арасындағы айырма­шылық та алғаш рет қысқара бастады. Қазақстан тұрақты даму жолына түсті. Ел астанасы мол қаржы тартатын орталыққа айналып, елде құрылыс саласы қарқынды дамыды. Сол жылы бір ғана Астананың өзінде 68 нысан пайдалануға берілді. Елдегі жолдарды жөндеп, жаңасын салу да сол жылы басталды.

Рим папасы – Қазақстанда

2001 жылы Қазақстан әлемдегі бей­бітшілікті сақтау ісіне үлес қосуға бел шеше кірісті. Әсіресе, дін атын жамылып текетіреске баратын топтардың ықпалын азайту керек екенін ел басшылығы жақсы түсінді. Өйткені іргедегі Ауғанстанда тәлібтер әбден күшейіп, Орталық Азия мен тәлібтердің арасында жалғыз буфер – Солтүстік альянс қалған болатын. Тіпті, 2001 жылдың күзінде террористер Сол­түстік альянс жетекшісі Ахмад Шах Масудты өлтірді де, 11 қыркүйек күні Нью-Йорктағы Дүниежүзілік сауда ор­талығының қос ғимаратын жарып жіберді. Бұл жағдай әлемде терроризм қаупінің артқанының нақты дәлел еді. Ал Қазақстан билігі экстремистерден төнетін қауіптің алдын алуға ерте қамданды. Экстремистер мен радикалдардың қоғамда іріткі салуына жол бермеу жағын да қарастырды. Әрі халықаралық қауымдастыққа елдің бей­бітшілік сүйгіш позициясын мойын­дату қажет болатын. Бәлкім содан да болар, 2001 жылдың күзінде Астанаға сол кездегі Рим Папасы Иоанн Павел ІІ ар­найы сапармен келді. Сөйтіп, әлемдік саясатта өз орны бар дінбасы тұңғыш рет Орталық Азия жеріне табан тіреген болатын. Са­пардың «тұңғыш» болатын себебі бұ­рын-соңды бұл өлкеге ешқашан католиктердің дінбасы келмеген-ді. Әрі Қазақстанда католиктер де көп емес еді. Ел халқының басым бөлігі мұсылмандар болса, одан кейінгі орынды христиан православтары иеленетін. Демек, Иоанн Павел ІІ-нің сапарының діни астарынан гөрі саяси сипаты басым болды деуге негіз бар. Әри­не, жаһанға танылған қайраткер Қазақстан үшін құдайдан тілек тілейтінін де айтты. Алайда іс жүзінде Қазақстан билігі жаһанға айрықша месседж жолдаған болатын. Яғни, ел атауындағы «стан» жалғауы ай­мақтағы Ауғанстан, Пәкістан қатарлы елдермен ассоциацияланбауы қажет екенін, елдің прогреске ұмтылысы зор екенін жаһан жұртына танытты. Арада екі жыл өткенде, 2003 жылы Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер жетекші­лерінің алғашқы құрылтайын өткізді. Демек, Рим Папасының сапары дінаралық диалогтің жаңа форматын қалыптас­тырудың алғышарты болды деген сөз.

Түйін. Жалпы, 2001 жылдың оқиғаларын кеңірек талдар болсақ, әңгімеге арқау болар тақырып аз емес. Сол жылы Қазақстан йод тапшылығымен күреске мықтап кіріскені есте қалыпты. Еңбек миграциясын реттейтін заңның да қабылданғаны сол кез. Қазақстан көрші мемлекеттерден келетін еңбек миг­ранттары үшін тартымды елге айнала бас­тады. Семейде Ертіс өзенінің үстінен аспалы көпір де 2001 жылы салынған еді. Әлемдегі алғашқы ғарыш турисі Денис Тито да сол жылы қазақ жеріндегі Байқоңырдан Талғат Мұсабаевпен бірге ғарышқа ұшқаны бар. Атақты Каспий құбыр консорциумы (КТК) желісі де сол жылы іске қосылып, Қазақстан мұнайы алыс шетелдерге тасы­малдана бас­тады. Ең қызығы, қазақстан­­дықтар алғаш рет 2001 жылы боулинг ойынымен танысқан болатын.

Ардақ СҰЛТАН