Үнді штамының қаупі
Үнді штамының қаупі
153
оқылды

22 маусым күні Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елордада науқастардан коронавирустың үнді штамы анық­талғанын мәлімдеді. Кейіннен вирустың мұндай түрі Алматы тұрғынынан да табылды. Министр бұл штамның ерекшелігін айтқанда жұрт абдырап қалған-ды. Үнді штамы несімен қауіпті? Расымен, бұл вирусты жұқтырғандар саңырау болып қалуы мүмкін бе?

Жаңа штамның ерекшелігі неде?

Коронавирустың үндістандық «дельта» деп аталатын штамы әлем бойынша жылдам таралып жат­ыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегі бойынша, штамм 90-нан астам елде анықталған. Бұл вирус түрі өзгелеріне қарағанда, 60%-ға тез жұғады. Сондықтан ғалымдар вирус түрінің жылдам таралуына алаңдап отыр.
Неліктен ДДҰ үнді штамына қауіппен қарайды? Себебі ви­­рустың бұл түрімен ауыра қал­саңыз, тұмаумен шатасты­руыңыз әбден мүмкін. Бірақ тұмауға ұқсамайтын 4 белгісі бар. Олар: іш өту, есту қабілетінің нашарлауы, асқазан ауруы мен қан ұюы. Одан кейін үнді штамында инку­бациялық кезең 7 күннің ішінде өтеді. Сон­дықтан ем-дом шарасын аталған аралықта алып үлгеру керек. Мә­селен, 23 сәуір күні Алматыда 37 жастағы келіншектен үнді штамы анықталды. Науқас үй шаруасында, оның 7 жастағы қы­зынан да сына­ма алынған. Қазір ол инфекциялық стационарда ем­деліп жатыр.

Ал Қазақстандағы жалпы жағ­дай қалай? ДСМ бөлім бас­шысы­ның міндетін атқарушы Ақ­марал Сансызбайқызының айтуынша, сәуір мен мамыр айында ел бойын­ша сырқаттану деңгейі тө­мендеген. Маусым айының 10-11-інен бастап науқастардың саны күрт өскен. Осыған байланысты олар елор­да­дағы вирус жұқтыр­ғандардың сы­намасын тексеруге жіберген. Ақ­парат бойынша, 56%-ында «дель­та» штамына ұқсас ы­қ­тимал мута­ция анықталған. Қалған 34%-ында британ штамы. Жауапты маман­ның сөзінше, үнді штамының ерек­шелігі – жұқтыру деңгейі жоғары. Алғашқы бел­гілері ретінде қызу көтерілу, жө­тел, түшкіру білінеді. Одан кейін асқазан-ішек жолдарының бұ­зылуы, ауру сезімі, іш өту, тромб түзілу қабілеті де жоғары, артынша гангренаға ұла­суы мүмкін. Сол себепті бұл штамм науқастардың ау­руханаға түсу ықтималдығын жоғарылатады. 

Биологтердің айтуынша, үнді штамы өкпе қабынуын жылдам­датады. Мысалы, науқас ауруханаға өкпе қабынуының КТ-2 дең­гейі­мен түссе, ертесі КТ-3 анықта­луы мүмкін. Ал үшінші күні жан­сақтау бөліміне түсуі бек мүмкін. Тіп­ті, коронавирусқа қарсы вак­цина алған күнде де штамды жұқ­тыру қаупі бар. Бастысы, үнді шта­­­­мын тұмаудан айыра алу маңызды.
Жалпы, әлем елдері үнді шта­мы таралуынан қауіптеніп отыр. Мы­салы, Сингапур ғалым­дары штамм әлемге жайылып, панде­мия қайта күшіне ене ме деп қор­қады. Егер штамм бұдан да қарқын алса, шека­ралар қайта жабылуы мүмкін. Ал бұл төртінші тол­қын­ның бас­та­ларын нұсқайды. Сол үшін ДДСҰ кешенді зерттеу жүр­гізуге ша­қырып жатыр. Өйткені үнді штамына арналған ғылыми-зерт­­теу, дәрі-дәрмек, вакцина жоқ. Бірақ Спутник V вак­цинасы ан­тиденесі үнді шта­мымен күресу­ге қауқарлы екені айтылады. Қазір жауапты органдар күрес жүргізудің тәсілі жаппай вакциналау деп отыр.

Карантин күшіне ене ме?

Елорда 10 наурыздан бастап «қы­зыл аймақта» тұр. Ал Алматы қаласы «сары аймақта» орналасқан. Жаз басталғалы бері халық каран­тин шараларын сақтауды ысырып қойды. Бетперде тақпау, шоғыр­­ланып жиналу, нысан­дардың ка­­рантин шараларын бұзуы, нау­қастармен қатынаста болған адам­­дар үй карантинін бұзу фактісі кө­бейіп кетті. Мұны ДСМ де рас­тап отыр. Ал бұл жаңа штамм анықталып жатқанда айтарлықтай қауіпті.

Өйткені кейінгі күндері елор­дада ауруханаға түскендердің саны көбейіп, аурухана жүктемесі 51%-ға жеткен. Яғни, бұл жанама түрде науқастардың жағдайы орташа және ауыр екенін көрсетеді. Нау­қас­­­­тарға стационарлық ем қажет. Мәселен, елордада 8 жұқпалы ау­­рулар ауруханасы бар болса, ол жер 2 мыңға жуық төсек-орынмен қам­­­­­тылған. Қазір соның 50%-ы дер­­­­­лік толы. Әрине, қажет болған жағдайда науқастарға арналған басқа да төсек-орындар қарасты­­­рылған. Бірақ жоғарыдағы статис­­тика елордадағы жағдайдың орта­­ша екенін көрсетіп тұр. Сон­­дықтан нысандардың жұмыс істеу уақыты шектеліп, қалада карантин шарасы күшейеді. 

Ал Алматы қаласында «Дельта» 3 тәулікте 10 адамнан анықталды. Себебі мегаполисте адам  көп, соған сай дәмханалар мен ойын алаңдары да жетерлік. Қазір жаз айы бол­ғандықтан, жүріс-тұрыс та жиілеп кетті. Оның үстіне шетелдік ғалым­дар бұл штамды ПТР арқылы анық­тауға қосымша талдамалар қажетін айтады. Сол үшін зерттеу жұмысына кететін қаржы да қо­мақ­ты болмақ. Алматының бас са­­­ни­тар дәрігері Жандарбек Бекшин де «Дельтаның» өте жұқ­­палы вирус екенін, британ штамы­нан екі есе асып түсетінін хабарла­ған. Оның үстіне қалада анықтал­ған үнді штамын растау үшін 8 мил­лион теңге жұмсалған екен. «Клиникада осы штамм бойынша ауруханаға түсу, қайтыс болу ықти­­малдығы жоғары. Басқа штамдарға қарағанда жұқпалылығы 60%-ға жоғары. Қазіргі айналым­дағы штамдар 1 адамнан орта есеппен 3-4 адамға таралатын бол­са, бұл штамм 5-6 адамға жұғады» деген еді ол.
Сонымен, елімізде корона­ви­рустан емделіп жатқан 408 адам­ның жағдайы ауыр. Ақпарат құрал­дарындағы жаңа штамм жайын­дағы мәліметтен соң ел арасында вакци­на алуға құлшыныс артқаны тағы бар. Дәрігерлер де штамның қай түрі болмасын күрес жүргізуге қау­қарлысы вакцина екенін нұс­қайды. Кей елдер шекарасын ашып, ПТР-тестсіз кіруге бола­ты­нын хабар­лағанымен, жағдай әлі тұрақтал­мағанын есте ұстаңыз. «Дель­таның» 90-нан астам елде та­ралғанын ес­керсек, ахуал бір сәтте өзгеріп шыға келуі мүмкін. Одан бөлек, ДДСҰ-ның балаларға вакцина салуға рұқсат бергеніне мән беру керек тәрізді. Көрші Ресей­де жүкті әйел­дерге де вак­цина егу басталады. Мұның бәрі тегін­нен-тегін емес. Өйткені шетел ғалым­дарының айтуынша, жаңа штамның қыр-сырын анықтағанша кемі 6 айға жуық уақыт кетеді. Ал оған дейін сақтанудың жалғыз жолы – ка­рантин шарасын толық орын­дап, вакцина салдыруға бейім болу.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ