Заңсыз карьерлер табиғатты бүлдіріп жатыр
Заңсыз карьерлер  табиғатты бүлдіріп жатыр
392
оқылды

Мамыр айының соңын ала Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясының бір топ мүшесі Үкі­метке депутаттық сауал жолдады. Мұнда заңсыз жұмыс істеп жатқан карьер мәселесі көтеріліп, оның адам денсаулығы мен экологияны айықпас кеселге ұрындырып, мемлекетті қып-қызыл шығынға батырып отырғаны айтылған.

Бас прокуратураның мәліметінше, соңғы үш жылда республикада карьерді заңсыз игеруге байланысты 303 қылмыс­тық құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде Алматы облысында –39, Ақмола облысында – 32, Түркістан облысында – 32, Павлодар облысында – 23, Шығыс Қазақстан облысында – 27, Шымкент қаласында –11, өзге аймақтардың да жағдайы осыған ұқсас.

Топырақ  тозып, су лайланады

Әрине, заңсыз немесе жасы­рын түрде жұмыс істеп тұрған карьерде еңбек қорғау мен табиғат сақтауға қатыс­ты қарапайым қағидалардың өзі орындал­майтыны түсінікті. Қараусыз кеніш­терден көлденең табыс табушылар жер қойнауын пайдалануға қатысты қолда­ныстағы барлық құқықтық реттеудің қағидатын өрескел бұзған. Сонымен бірге экологиялық қауіпсіздікті қам­тама­сыз ету, табиғи ресурстарды пай­дала­нуды мемлекеттік реттеу, тағы басқа біршама Экологиялық және Жер ко­дексінің талабы тәрк етілген. Бұл, бірін­шіден, кеніштің ішіне түскен адамның өзінің денсаулығы мен өміріне қауіпті. Екіншіден, мұндай бейберекет кәсіп жерді тоздырып, топырақтың құнарлы қабатын түбегейлі талқандап бітеді. Сондай-ақ өңірдің инфрақұрылымын да айтарлықтай зиян шектіріп отыр.

Мұндай жағдай жергілікті халықтың, әсіресе табиғат қорғаушыларының наразылығын тудырып, тіпті оның соңы әлеуметтік шиеленіске соқтырып жатады. Мәселен, жуырда Атырау облысының Тасқала ауылында туған жердің бауырын аяусыз тілгілеп жатқан карьер жұмысына төзбеген жүздеген ауылдықтар заңсыз кеніштің жабылуын талап етіп, митингіге шықты. Түркістан облысында да Арыс, Бадам және Ақсу өзендері айналасының бейберекет қазылуы жұртшылықтың ашу-ызасын келтірген. Ал Боралдай өзенінің бойын­да 16 жылдан бері жұмыс істеп тұрған тас, құм өндіретін карьердің кесірінен аталған өзеннің суы тартылып, ондағы Қызыл кітапқа енген балықтардың саны 10 есе азайып кеткен. 

Бүгінде елорданың маңайында 54 заңсыз карьердің бар екені анықталды. Сондай-ақ Ақмола облысы аума­ғын­да карьерде жұмыс істеген 28 жер қой­науын пайдаланушының рұқсаты бол­ма­ған. Жамбыл облысында өз бетінше қазылған 32 кеніш орны тіркелген. Ал Алматы қаласында көпқабатты тұрғын үйдің жанына жақын орналасқан №1 карьер қожайындарының тым асқақтап кеткені соншалық, олар жер қазу жұ­мыс­тарын жүргізу үшін құзырлы орган­дардың келісімін алу қажет деп таппаған.
Ал Шығыс Қазақстан облысының құқық қорғаушылары бір жылдың ішінде өңірде заңсыз алтын өндірумен айналысатын 69 ірі жер қойнауын пайдаланушыны әшкерелеген. Заң­сыз алтын өндіру ісі облыстың 10 ауда­нында анықталған. Олар өз кәсіптері үшін мемлекетке баж салығын төлеме­ген, жерге рекультивация жасамаған. Соның салдарынан мемлекетке 456 мил­лион теңге зиян келтірген. Ал эко­лог­тер одан табиғатқа келген зардапты 3 миллиард теңгеге бағалап отыр.
Мәселен, Жарма ауданының «Тау дала» орман шаруашылығы аумағында алтын өндірумен айналысқан компания жұмыстарын Былқылдақ өзенінен 50-100 метрдей қашықтықта жүргізген. Бұл ерекше қорғалатын аймаққа жатады. Жер қазу жұмыстары кезінде 19 гектар аумақтың топырақты жоғары құнарлы қабаты зақымданған. Қазір аталған компанияның үстінен қылмыстық  іс қозғалып, ол сот қарауына жіберілді.

Алтынның үштен бірі астыртын өндіріледі

Мәжіліс депутаттары жариялаған кейінгі бес жылдың статистикасына сенсек, республика аумағында өндіріл­ген алтынның үштен бірі заңсыз жолмен алынғанына көз жеткіземіз. Мұндай бейбастыққа заңның солқылдақтығы жол берген. Астыртын кен қазушылар­дың әрекеті бізде қылмыстық емес, әкім­шілік заңбұзушылық болып сана­лады. Қазақстанда ұрлық үстінде ұсталған «қара» кен қазушылар бар-жо­ғы 50 мың теңге айыппұл төлеп құты­ла­ды. Салдарынан астыртын кен қазу­шы­лардың 80%-ы үйреншікті «кәсібіне» қай­та көшеді. Ал көрші Ресей мен Бе­ларусьте мұндайларға 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.

«Астыртын кен қазушыларды айып­пұл­мен қорқыта алмайсыз. Кейінгі жыл­дары бірқатар қылмыстық заңдарға әкімшілік құқықбұзушылық мәртебесі берілді. Содан бері министрліктер тарапынан да, Үкімет тарапынан да «қара» кен қазушыларға қарсы қолда­ныла­тын жазаны қатаңдату туралы ұсыныс түскен жоқ. Бағалы металдардың заңсыз айналымымен айналысатын­дардың жауапкершілігін күшейту үшін халықаралық тәжірибеге сүйену қа­жет»,– дейді Парламент Мәжілісінің Төраға­сы Нұрлан Нығматулин.  

Бағалы металдардың заңсыз айна­лымына қатысты бап Қылмыстық ко­декс­тен алынып тасталғалы бері, енді асты­ртын кен қазушылардың әрекеті «Экологияға зиян келтіру» бабы бойын­ша рәсімделеді. Онда да бұл бап «табиғат зиянкестері» бір гектардан кем емес ау­мақ­ты зақымдағанда ғана қол­да­нылады. Сондықтан мұндай істердің көп­шілігі сотқа жетпей, бұзылып жата­ды.  

Былтыр Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаментінің қызметкерлері «Қайрақ» автомобиль өткізу пунктінде Ресейдің Челябі облысына кетіп бара жатқан жүк автомашинасын тексеріп, жалпы салмағы шамамен 10 тонна бола­тын алтын кенін тапты. Құжат бойынша жүк «кварцит» ретінде рәсімделген. 1 тонна кеннен 1 келіге дейін алтын шы­ға­ды, Ұлттық банктің дерегі бойынша, 1 грамм алтынның құны – 25 213 теңге. Сонда тәркіленген кеннен алынған өнімнің сомасы шамамен 250 млн  тең­гені құрайды.
Сарапшылардың айтуынша, ел ау­ма­ғынан жыл сайын контрабандалық тәсілмен құрамында алтыны бар 2 500 тонна кен шетелге жасырын жөнелтіледі. Ол 500 келі таза алтын. Бұл ақшаға шақ­қанда 5,5 млрд теңгені құрайды. Поли­цей­лер 5 жылда 20 мыңнан астам астыр­тын алтын іздеушілерді ұстаған. Бұл на­­рық­та жекелеген «қара» кен қазушы­лар­дан басқа ірі қылмыстық топ та жұмыс істейді.
Дәулет АСАУ