Көпбалалы ананың аутсорсинг компаниясы
Көпбалалы ананың аутсорсинг компаниясы
128
оқылды

Қапшағай қаласында тұратын төрт баланың анасы Дина Абселемова мемлекеттік бағдарлама бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, бухгалтерлік аутсорсинг қызметін көрсететін жеке компания құрды.

Дина өткен жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлер палатасы өткізетін «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасын ойдағыдай аяқтаған. Оқуын сәтті тәмамдап, бизнес-жобасына 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант алып, осы қаражатқа бухгалтерлік аутсорсинг қызметін көрсететін жеке компания ашты. Қазір шағын компанияның  штатында бес қызметкер бар. 

«Мамандығым қаржыгер болғандық­тан, жеке өз ісімді ашып, тәуелсіз жұмыс істегім келіп  жүрді. Осы мақсатта  мемлекеттік қолдау арқасында кәсіпкерлік негіздерін оқып шықтым. Мен ашқан аутсорсинг компаниясы заңды және жеке тұлғаларға бухгалтерлік қызмет көрсетеді. Түрлі бағыттағы 20-дан астам компанияның бухгалтерлік есебін жүргіземіз», – дейді  Дина Абселемова.

Кәсіпкердің айтуынша, жақын жылдары нарықта аутсорсинг компаниялардың үлесі арта береді. Себебі шағын кәсіпкерлік субъектілеріне штатта бірнеше бухгалтер, қаржыгер секілді қызметкерді ұстау тиімсіз екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Қазірдің өзінде микробизнес қана емес, ірі компаниялар бірқатар қызметін аутсорсингке ауыстыруда. Сондықтан нарықта сұраныс болғандықтан, бұл бағыт алда да  дами береді деп тұжырым жасауға болады.  Бастысы, қызмет көрсету сапасын үнемі жетілдіріп, компанияның табысты бола түсуін қамтамасыз ету керек. Сонымен бірге мамандар заманға сай шұғыл түрде қызмет атқаратын, өзі ісіне  адал, жауапты болуы тиіс.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Мейірман Сауранбеков биыл Қапшағай өңірінде «Бастау Бизнес» жобасын 58 адам аяқтап, қазір 30 қатысушы оқуын жалғастырып, соның ішінде 13 азамат өз ісін дамыту үшін 200 АЕК көлемінде грант алғанын айтады.
Болат Абаған, 
Алматы облысы