Ет те кетті қымбаттап...
Ет те кетті қымбаттап...
291
оқылды

Қазақстанда картоп пен сәбізден кейін ет бағасы шарықтай бастады. Жағдайды алдымен жемшөп мәселесі ушықтыра түскен. Сондай-ақ сарапшылар теңгенің құны түсіп, бензиннің де бағасы артқандықтан, оның тасымалмен жеткізілетін еттің де есебіне әсер етіп жатқанын айтуда. Сол себепті майлы тал­шық пен ыстық сорпа халықтың күнделікті тұтынатын тағамдар тізімінен шығып барады. Қойды қорашсынып, жылқыны жілік­теген қазақ енді олардан арзандау тауық пен балықты талғажау етуге мәжбүр.

Қарын майланбай, көңіл жайланбайды

Таяуда Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департамен­тінің директоры Ербол Есенеев кар­топтың маусымдық өнім болған соң қымбаттағанын алға тартты. Сондық­тан ол мәселе осы жазда-ақ реттелетін көрінеді. Есесіне маман жауын-ша­шынның аздығы, су же­тіс­пеушілігі және құрал-жабдық­тардың қымбат­тығы шөп жинауға әсер етіп, соның салдары­нан еттің бағасы шарықтап кетуі мүмкін екенін ескертті. Мысалы, 2020 жылы Жамбыл облысында 20 келі шөп бағасы 400-500 теңге болса, биыл 1 000-1 200 теңгеге жеткен. Ал жемнің бағасы 1 келісі үшін 65 тең­геден асады. Өзге өңірдегі шаруалар болса, бір түп шөптің 17 мың теңгеге дейін өскенін айтып, дүрліге бас­тады.

Ет сатушылар енді Қызылорда, Маңғыстау облыстарындағы мал­дар­­дың қырылуына алаңдап отыр. Ол да тапшылықты арттырып, өнім­дер­дің қым­баттай түсуіне ұрын­дыруы ықти­мал. Сонымен қатар жауын-шашын­ның аздығынан биыл Алматы облысын да қуаңшылық қысып тұр. Салдарынан өңірде жем­шөп бағасы шарықтап, бір айда 100 қойдың азығына 300 мың теңге шығындалатыны белгілі болды.

«Жемшөп құны осылай шарықтай берсе, шаруалар күзде жаппай малдарын сатады. Себебі қыста оны бағу тиімсіз. Ал мал аз болған соң, ет пен сүт қымбаттайды. Алдын ала есептеулер бойынша, жыл соңына дейін еттің құны 1 келісі үшін 3 мың теңгеден артуы мүмкін» екенін ескертті Ербол Есенеев. Оның пікірінше, өрістерді суарып, шабындықтар мен жайылымдардағы шөптің өсуін қадағалау керек. Сонымен қатар фермерлерге трактор, шөп шабатын машина, пресс-жинағыш және қосымша жабдықтар алуға 140-150 миллион теңге кетеді екен. Оның үстіне қазір ет комби­наттарының шаруасы да оңып тұрған жоқ. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының басым бөлігі бор­дақылауға жұмса­латын­дықтан, көбі соған бет бұрған. Бірақ бізде бордақылау алаң­дары үшін жемшөп өсіріп, дайындайтын шаруашылықтардың өзі тым аз. Сондықтан Үкіметке субсидия мәселесін қайта қарап, жайылымдардың жайын ойлап қойған маңызды.
Статистикаға сүйенсек, былтыр елдегі әр тұрғын орта есеппен 21,3 келі ет пен ет өнімін тұтыныпты. Ал Energyprom зерттеу­шілері елімізде бір жыл ішінде еттің бағасы күрт қымбаттап кеткенін дәлелдеді. Жіктеп айтқанда, қой еті – 16,2 пайызға, жылқы еті – 11,9 пайызға, сиыр еті 8 пайызға дейін көтерілген. «Қарын майланбай, көңіл жайланбайтынын» ескерсек, қазір өс­кемен­діктер бағаның сөйтіп күннен-күнге шарықтап бара жатқанына наразы. Онда қой еті – 2 100-2 300 теңге, жылқының қазысы 3 500 теңгеге жеткен. Ал сиырдың еті – 2 800 теңге. Бұл өсім сөреде ет мол болғанымен, тұтынушының азайғанын аңғартты.
Біз кеше Нұр-Сұлтан қаласының «Ша­рын» базарында қой еті – 3 500, жылқы еті – 2 500, сиыр еті – 2 300-2 500, тартылған еттің 2 мың теңге көлемінде екенін көрдік. «Magnum» сауда желісінде баға әртүрлі. Онда да қой еті 2 300 теңгеден басталса, сиыр етінің келісі 2 мың теңгені төңірек­тейді. Жылқы еті жоқ. Алматыдан алған ақпаратқа сүйенсек, «Көк базардағы» қой етінің 1 келісі – 2 700-3 000 теңге,  жылқы еті – 3 600 теңге, ал сиыр еті – 2 200 теңге. Ал «Түрксіб» базарында қой еті – 2 500-2 700, жылқы еті – 3 400, сиыр еті 2 300 теңгеден сатылып жатыр екен. Баға 100-200 теңгеге ауытқып тұр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі осы қымбатшылықты біле тұра, әлі де «бәрі жақсы» деуден танатын емес. Дәлелдеріне ден қойсақ, бүгінде республика бойынша қой етінің қоры – 7,8 мың тонна, жылқы етінің қоры – 7,3 мың тонна және сиыр еті – 16,5 мың тонна. «Өңірлердегі қоймалар үнемі толықтырылып отыратындықтан, елімізде ет тапшылығы күтілмейді. Ет бағасының өсуі өндірістің немесе мал басының жетіспеушілігіне байланысты емес» деседі ведомство өкілдері. Уәждеріне сенсек, нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылығы өніміне және тауар­лардың басқа түрлеріне бағаны кәсіпкерлер өндіріс, сақтау, тасымалдау кезінде жұм­саған шығындарды ескере отырып, сұра­ныс пен ұсыныс негізінде дербес белгі­лейтін көрінеді.

Өз малымызды өзбекстанға сатып жатырмыз

Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылдық округінің орталығында әйгілі «Қарабұлақ мал базары» бар. Әйгілі болатын себебі, ол – анау-мынау емес, Орта Азиядағы ең үлкен мал базары! Ал ондағы төрт түліктің көбін көрші өзбектер сатып алып кетіп жатыр. Міне, енді мәселені осы тұстан өрбітейік. 2012 жылғы мәлімет бойынша, Қарабұлақ халқы 45 мыңға жуық, ал бейресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде онда 50 мыңнан астам адам өмір сүруде. «Негізгі бөлігін, яғни 99 пайызға жуығын өзбектер құрайды» деп жазылған Вики­педияда. Сол халқы тығыз орналасқан ауылдағы жоғарыда аталған мал базарына 10 мыңнан астам мал басы сыяды. Ауылдың іші-сырты толған ала шапанды ағайын. Яғни, тұрғындарының басым бөлігі де, мал базарына Өзбекстаннан келетіні де солар болған соң, пысық көршіміздің гәпірісуінің өзінде гәп бар.
Қарап отырсақ, қазір ол ағайынның мал саны Қазақстандағыдан екі есе көп. Неге десеңіз, олар төрт түлігін Қарабұлақ мал базары арқылы біздің есебімізден көбейтіп отыр. Мысалы, 2019 жылы шетелге 300 мың бас тірі мал сатылған. Оның ішінде Қазақстан мал біткенді Өзбекстанға сату үшін асылдандырып жатқандай әсер қалдырады. Бұл мәселені дер кезінде Сенат депутаттары да көтерген-ді. Сонда елдегі репродуктивті аналық малдың Өзбекстанға асып жатқанына алаңдаған олар Премьер-Министрден мал экспортына қатысты ұстанымдарды қайта қарауды сұрады.

«Соңғы кезде Қазақстан­нан сыртқа сатылған ірі малдың саны 2 есе, уақ малдың саны 7 есе өскен. Оның 80 пайызын Өзбекстан азаматтары сатып ал­ған. Олар өздерімен шекаралас Түркістан, Қызылорда облыстарынан ғана емес, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарынан да мал­дың сапалысын іріктеп алуда. Ең сорақысы, шетке сатылған малдың 50 пайызға жуығы – репродуктивті аналық бастар. Яғни, көршілес мемлекет Қазақстанның малын етке ғана емес, өздеріндегі мал сапасын жақсартуға және санын көбейту үшін сатып алуда. Бұл – өз кезегінде ет бағасын өсіріп, әлі де 1991 жылдың деңгейіне жете қоймаған Қазақ­стан­дағы мал басының өсуіне кері әсерін тигізеді деген сөз», – деді депутат Әли Бектаев.

Оның пікірінше, әлгі «далаға кеткен» 300 мың бас малды етке айналдырсақ, 260 мың тонна болмақ. Ал елімізде дайын ет ретінде небәрі 4 800 тонна өнім сатылған. Сонда тірідей сатылған ет көлемі – дайын өнім ретінде сатылған еттен 5,4 есе көп деген сөз.
Еске сала кетсек, 2020 жылғы 1 қаңтар­дан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі малды тірілей экспорттауды тоқтатып көріп еді, өзімдікі деген өндірісі жоқ, тек Қарабұлақ секілді базарларға арқа сүйеп жаман үйренген қазақ шаруалары «сең соққан балықтай» сенделді де қалды. Сөй­тіп, Өзбекстан сияқты ірі өткізу нарығынан айырылған олар фермаларын жаппай сата бастады. Аграрлық кеңесші Кирилл Павловтың айтуынша, өзбектер ондай импортты жақсы көреді. Өйткені  оларда тұяқ, мүйіз, тері, ішек-қарын өңделеді. Сондай-ақ жанымызда сиырдың ішек-қарынын жақсы көретін үлкен Қытай нарығы тұр. Ал бізде жүнді бастапқы өңдеумен айналысатын барлық фабрика жабылып, ел бойынша екеуі ғана қалған. Басқасының бәрін қоқысқа тастаймыз. Сондықтан Кирилл Павловтан Павлодар, Ақтөбе, Ақмола, Түркістан және Қараған­ды облыстарының 20-ға жуық шаруа­шылығы фермаларын толық сатуға көмек­тесуін сұрапты. Оған қоса, қазір адамдар­дың мал шаруашылығында жұмыс істеуге деген ынтасы да жоқ көрінеді.
Осы орайда, Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев елдің мал шаруашылығы толық күйреу алдында тұр деп дабыл қағуда.

«Қызылорда облысын­дағы бір оқиғаны айтып берейін. Бұл тірі малды сатуға мораторий енгізілгенге дейін болды. 2019 жылы бір фермада 16 мың қой болған. Бұл – Қызылорда облысының нақты бір ауданындағы қой басының 50 пайызы. Шаруашылықтың иесіне өзбектер келіп, одан 15 мың мал басын сатып алды. Ол тек мың қой қалдырды. Ал 15 мың қойды, оның ішінде көбінесе саулықтарын сатқан. Қандай жағдайға тап болғанын елестетіп көріңізші!.. Өзбек ағайындар қаракөлді өндіру үшін қойдың барлығын дерлік алып кетті. Олар осы саланы дамытып, Ауғанстанмен бірге Африка нарықтарына шығады», – дейді ол.

Міне, жері біздің бір облыстың көлеміндей Өзбекстан тек Қарабұлақ базары арқылы-ақ қазақтың «аузын ұрып», өздері Орта Азиядағы мал шаруашылығы державасына айналмақ ниетте. Сондықтан Қызылорда облысында өткен «Мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері туралы» семинарда ғалымдар тірі малды экспорт­тауға наразылық білдірді. Олай болса елдің гендік қорындағы асылтұқымды мал жоғалады екен.

Бір тоқты 60 мыңтеңгеден асады!

Бабаларымыз «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» дегенді біліп айтқан ғой. Жоғарыдағы дерекке қарап отырсақ, төрт түліктің ішінде ең қымбаты – қойдың еті. Оның ішінде биыл қозының бағасы 2 есе өскен. «Оған қой санының азаюы мен жемшөптің қымбаттауы себеп», – дейді сатушылар. Мысалы, қазір Алматыдағы мал базарында 25 келідей ет беретін 1 марқа 55 мың теңгеге бағаланып тұр. Мысалы, 55 мыңды 25 келіге бөлсек, 2 200 теңгеден шығады. Ал кей базарда 22 келі еттің өзі 60 мың теңгеге сатылып жатқан көрінеді. Былтыр ғана тірі марқа-тоқты­лардың бағасы 20-25 мың теңге көлемінде еді, қазір туғанына бір-ақ ай болған қозының өзі – 20 мың, ал наурыз айында туғандары – 55 мың теңге!
Таяуда Мәжілістегі «Nur Otan» фрак­циясының депутаты Ерлан Сайыров Facebook  парақшасына базарлардағы азық-түлік пен ет бағасын бағдарлап, көргенін жазды. «Бір сөзбен айтсақ, ет бағасы «күйіп» тұр! Әсіресе, қой етінің бағасы аспанға шарықтап кеткен. Келісі 3 мың теңгеге жеткен! «Бір тоқты 60 мың теңгеден асады», – дейді саудагерлер.

Менің ойым­ша, министрлер кабинеттерінен шығып, халықтың әлеуметтік жай-күйін, бағаны бағдарлап, нақты шара қолдануы керек! Бүгінде халық жаппай тұтынатын тауар­лардың (ет, азық-түлік) бағасына мемле­кеттік реттеу қажет!»  деп шыр-пыр етті ол. Ал Азаттық радиосы тілшісінің «Қой еті неге қымбат?» деген сұрағына сатушылар: «Үш жылдан бері малдың көбі Өзбекстанға кетіп жатыр ғой» деп жауап беріпті. Әне, жоғарыда айтылған базар мәселесі осыған саяды!

Айта кетсек, Венесуэла президенті Николас Мадуро биыл алғаш рет ең төмен­гі жалақыны 1,8 миллион боливардан 7 миллион боливарға (2,50 доллар) арттырған еді. Алайда ол халықтың 1 келі ет сатып алуына жетпейді. Өйткені еттің келісі – 3,75 доллар. Ал анау 7 миллион боливар 1 келі қатық пен 1 литр сүт сатып алуға ғана жете­ді. Сол сияқты  біздің ең төменгі жалақы 42 500 теңгеге бір марқа да кел­мейді. Асып-тасып отырғанымыз шамалы.
Еркеғали БЕЙСЕН