Қуаңшылық қымбатшылыққа ұласпай ма?
Қуаңшылық қымбатшылыққа  ұласпай ма?
117
оқылды

Биыл еліміздің кей аймағында болған қуаңшылық төрт түлік бағып, күн көріп отырған халыққа ауыр тиді. Маңғыстау облысы мен Аралда қырылған малға бүтін ел куә болды. Әйтеуір, жұттың залалын әбден тартып болған соң екі өңірге малға азық болатын жемшөп жете бастаған еді. Бірақ жүздеген түлігінен айырылған ағайын еңбегі өтеусіз қалды. Осындай кезде жауапты мекемелердің «жауын жаумады, қуаңшылық болдыдан» басқа айтары жоқ. Ал «оның алдын алуға болмас па еді?» деген сауал жұртты әлі толғандырады. Бір кесапат екінші кесір тудырмай қоймасы анық. Енді биыл жемшөп бағасы одан әрі шарықтайтындай. Демек, мал баққан халықтың бейнеті еселенбек.

Әкімдіктер қуаңшылықты кінәлаудан әрі аспайды

Маңғыстауда соңғы 3 айда 1 400 бас мал қырылған екен. Бұдан бөлек, әлеу­меттік желіде де талғажау етер азық таппай, арып-ашып жүрген төрт түлік­тер жайлы мәлімет таралып кеткенін білеміз. Қоқыс арасынан картон теріп жеп жүрген түйелердің бейнежазбасын көріп, біраз жұрт таңырқаған еді. Көп ұзамай Қызылорданың Арал ауданында осы жағдай қайталанды. 500-ге жуық түлік қырылды. Ба­сым бөлігі жылқы төлі. Бұл жайтты жұтқа баламасқа шара жоқ. Аз уақыттың ішінде ауылдағы ел ба­ры­нан қағылды. Онсыз да эколо­гия­лық апат аумағының ахуалы көпке аян. Сырдария өзені тарты­лып, көлдері кеуіп кетудің ал­дында тұрған аралдық­тар­­ды енді қуаң­шылық бүйірден қысты. Биыл жайылым жерлері мүлдем көгер­меген. Ал бұл тұста қуаңшылық жайлаған өңірдегі әкімдіктер қандай қарекет жасады дерсіз. Шыны сол, жергілікті билік әдеттегідей тек салдарымен күресті. Тіпті, тым кеш қимыл­дады.

Мәселен, Маңғыстау облысының әкім­дігі аймақтағы жағдай әбден ушығып, қырыл­ған мал жайлы бүтін ел хабардар болғасын іске көшкені жасырын емес. Әйтеуір, әкімдік Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысынан жем­шөп алдыру үшін 200 миллион теңге бөліп, ар­на­йы жұмыс тобын құрғанын жария етті. Осы жерде бізді бір сауал толғандырады. Былтыр да Маңғыстауда қуаңшылық болды. Дәл қазіргідей мыңдап мал қырылмаса да, жұрт қолда бар төрт түлігін әрең сақтап қалды. Мал азығының бағасы өзге аймақтармен салыс­тырғанда 2-3 есе қымбаттады. Сол кезде-ақ тұрғындар келесі жылдың бұдан да ауыр болуы мүмкін екенін болжаған. Бұл жайлы бұқаралық ақпарат құралдары көп жазды. Облыс­тың басшылығы осының бәрін естіген­мен, ескермеген тәрізді. Мал қырылып, жұт болған сайын айтатын бір ғана сылтауы бар. Қыстағы қардың, көктемдегі жауынның аз болғанын айтып, «салдары қуаңшылық» дейді. Ешкімді жазықты етпей, оңай сытылудың жолы іспетті.

Аралдықтар да Ақтөбе облысынан көмек алған. Әуелі 116 тонна жоңышқа жеткізілсе, алда тағы да 518 тонна мал азығын алмақ екен. Айтпақшы, қуаңшылық кесірінен Аралдағы жұрттың көбі төрт түлігін азын-аулақ ақшаға өткізіп жіберуге асық секілді. Құр босқа жа­рам­сыз болып өлгенінше, соны жөн көргендей. Қазір Қызылорданың өзге аудандарының хал­қы Аралдан арзан бағаға мал сатып алып жа­тыр. Бір жылқыны 40-50 мың теңгеден сау­далап жатқандар жетерлік. Бірақ әбден азған жылқылар ұзақ жолға шыдай ма, жоқ па,  ол сатып алған адамның шаруасы.

Біз екі өңірдегі жұттың жайын талқылап жатқанымызда, «Қазгидрометтің» болжамы елді шошытты. Синоптиктер алдағы уақытта алты өңірде құрғақшылық болатынын айтып отыр. Ақмоланың Жақсы ауданы, Ақтөбенің Әйтеке би, Хромтау аудандары, Шығыс Қазақстанның Бесқарағай мен Абай ауданы және Маңғыстаудың Қарақия ауданы, Қостанай облысының Амангелді ауданы құрғақшы­лық­тың зардабын қатты тартуы мүмкін екен. Бұл өңірлер бүгінде қандай әзірлік жүргізіп жат­қанынан бейхабармыз. Дегенмен мал қыры­латын жағдайға жеткізе қоймас. Әйткенмен, бір нәрсені ұмытпаған жөн. Елімізде күнін төрт түлікпен көріп отырған ағайынға енді оңай болмайтын секілді. Себебі жемшөптің бағасы биыл біршама қымбат­тайтынын алдын ала біліп отырмыз.

Ескі шөп құны екі есе өскен

Негізі,  жемшөп бағасының шарықтауына жылда қайталанатын құрғақшылық себеп болып жүрген. Енді биылғы қуаңшылықтан кейін қымбаттамай қоймасы анық. Әуелі көзімізбен көргенді айтайық. Аралда мал қырылып жатқан соң шаруалар Қызылорда облысына қарасты Сырдария мен Жаңақорған аудандарынан шөп тасымалдай бастады. Осы екі аудандағы тұрғындар былтырдан қалған бір орам (рулон) шөбін 9-10 мыңнан саудалаған. Ал бір орам шөпті тұрғындар былтыр күзде 5 мың теңгеден алғанын айтады. Сол сияқты былтыр 350-450 теңгеден сатылған бір жоңыш­қа пресі (төрт бұрыштап нығыздалған) биыл 900-1 000 теңгеден өтіп жатыр. «Қыстың қа­мын жаз ойла» демекші, жұрт алдағы қысқа қам­дай­тын жемшөбін жаздың басында-ақ әзірлеуге көшкен. Бұл бағалар күзде қалай құбылатынын болжау қиын. Бірақ бір анығы, құн түспейді.

Жеке қожалықтарды есепке алмаған күннің өзінде ауыл халқының түгелге жуығы мал өсіреді. Қыс кезінде қамсыз отырмайтыны белгілі. Бірақ өңір-өңірде жемшөп бағасы үйреншікті әдет бойынша науқан сайын қымбаттайды. Мысалы, 2019 жылы 1 орам (рулон) шөптің бағасы ел аумағында шамамен 3-7 мың теңгеге сатылса, былтыр 4-10 мың теңгеге дейін өсті. Ал биыл бұл баға тұрақтамайды. Жоғарыда біз Қызылорда облысының аумағындағы жағдайды айттық. Былтыр өңірде 1 орам шөптің орташа құны 4-5 мың теңге болса, қазір  8-10 мың теңге. Осыған қарап биыл ел аумағында бір орам шөптің орташа бағасы 10-15 мың теңгеге жетсе таңғалмаймыз. Мұның өзі ең арзаны болмаса.

Айтпақшы, былтыр Атырау облысында 1 орам шөптің құны 15 мыңға, ал қуаңшылықтан ылғи зардап шегіп, көбіне шөпті өзге облыстардан тасымалдайтын Маңғыстау аймағында 25 мыңға дейін шарықтап кеткен болатын. Биыл бұл бағалар аталған өңірлер үшін орташа құн болмаса игі. Расында да, елді мекендерде шөппен қамтамасыз ету жайы күрделі мәселеге айналды. Ал бағаны ешкім қадағаламайды, әркім өзі қалаған құнын белгілеп, саудалай бермек. Төрт түліктің қыстан аман шыққанын ойлайтын мал иелері жоғары бағаны амалсыздан елемей, жыл сайын қымбаттай беретін жемшөбін сатып алуға мәжбүр болмақ. Мысалы, орташа есеппен алғанда Қазақстандағы әр ауданға 200 мың тоннадай шөп қажет екен. Бір ірі қара қыстан аман шығу үшін жемін есептемеген күннің өзінде 10 орам шөпті азық қылады делік. Елімізде бір орам шөптің орташа бағасы биыл 10 мың теңге деп алсақ, бір ғана ірі қараның қыстық азығын қамдау үшін 100 мың теңгеге шығындаласыз. Ал он бастан артық малы бар адамның шығынын есептеп көріңіз.
Қорыта айтсақ, «малым – жанымның садағасы» дейтін мал иелеріне алдағы қыс оңай соқпайын деп тұр. Мал азығы турасында түйткілдер мен шешілмеген мәселелер көп екеніне көзіміз әлдеқашан жеткен. Баға бақылаудан шыққан. Сондықтан орған шөбін кім қаншаға сатса да, өз еркінде. Алдағы кезеңде мұндай келеңсіз үрдіс жалғаса бермеуі үшін Ауыл шаруашылығы басқармалары жағдайды қадағалап отырғаны жөн. Бұдан бөлек, әкімдіктер жемшөп жетіспесе,  қыста қар мен көктемдегі жауынның аз түскенін айтып, бәйек болады. Батыс Қазақстан облысы да жыл сайын қуаңшылықты алға тартып жүр. Ал көктемде мол жауынның әсерінен суға батқан осы аймақ болатын. Сонда кімнің сөзіне сенеміз? Мүмкін әкімдіктердің «ел өз азығын  өзі қамдасын» дейтін ұстанымы бар болар.
Мадияр Төлеу