16 құрама плей-офф кезеңіне шықты
16 құрама плей-офф кезеңіне шықты
122
оқылды

Футболдан Еуропа чемпионатының топтық кезеңіндегі ойындар аяқталды. Сайдың тасындай іріктелген 16 команда келесі кезеңге өтті. Кей құрама­лардың плей-оффқа шығуына Е және F тобындағы матчтар әсер етті. Алдымен соларға тоқталайық.

Е тобында өнер көрсететін Словакия Испания құрамасынан 0:5 есебімен ойсырай жеңілді.  Бұл кездесуде Энрике командасын тану мүмкін болмады. Шабуылды шабуылға ұластыра берді. Бірақ қақпашы Мартин Дубравка словакиялықтарды құтқарып, тіпті пенальтиді қайтарды. Мората 11 метрлік айып добын сәтсіз орындады. Бірақ 30-минутта голкипер өз қақпасына гол соғып алды. Кейін испаниялықтар тағы үш гол соқты. Соңында словакиялық футболшы Куцка өз қақпасына гол соғып алды. Осы жеңісінің арқасында Испания топта екінші орынға көтеріліп, плэй-офф кезеңіне тікелей жолдама алды. Ал Словакия турнирмен қош айтысты.
Швеция мен Польша арасындағы кездесу тартысқа толы болды. Бұл ойында бес гол соғылды. Эмиль Форсберг екі гол соққан соң, шведтер  жеңіске еш қиындықсыз жетеді деп ойлағанбыз. Бірақ олай бола қоймады. Роберт Левандовский Форсбергтің екі голына қос голмен жауап қатты. Дегенмен сәттілік те, жеңіс те Швеция жағында болды. Ойынның қосымша уақытында Классон жеңісті голдың авторы атанды. Осылайша, Швеция топтық кезеңнен бірінші орынмен шықты, ал польшалықтар турнирмен қоштасты.
F тобындағы Германия мен Венгрия арасындағы ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Венгрия  топтық кезеңдегі кезекті үздік ойындарының бірін өткізді. Олар 1/8 финалға шыққан жоқ, бірақ «өлім тобында» екі ұпай еншіледі. Бұл ойында алдымен Адам Шалаи Венгрияны есепте алға шығарды. Кездесудің екінші бөлігінде Германия есепті теңестір­генімен, көп ұзамай Андрас Шофер есепті 2:1-ге жеткізіп, немістерді әбігерге салды. 83 ми­нут­та Горетцка соққан гол Германия құра­ма­сына тең есеп сыйлады. Осы бір ұпайдың өзі Германияның плэй-офф кезеңіне шығуына жеткілікті болды.

Еуродағы топтық кезеңнің соңғы ойынын Португалия мен Франция түйіндеді. Қоры­тын­ды есеп – 2:2. Ойындағы төрт голдың үшеуі пенальтиден соғылды. Қос құрама сапынан Криштиану Роналду мен Карим Бензема дубль жасады. F тобынан португалиялықтар үшінші, француздар бірінші орынмен шықты.

Біз осы орайда Еуропа чемпионатының әр ойынын үзбей көріп жүрген футбол жанкүйер­лері Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жанарбек Әшімжан мен «Nur Otan» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның пікірін білген болатынбыз.

16Жанарбек
ӘШІМЖАН,
Мәжіліс депутаты:
– Биылғы Еуропа чем­пионаты пан­де­мия­­ға қарамастан жо­ғары деңгейде өтіп жа­тыр. Оны футбол­сүйер жан­күйер­лер де жақсы бі­ле­­ді. 11 елдің стадио­нын­да әр ойын жоғары дең­­гейде ұйымдас­тыры­лып жатыр. Бұл тур­нирде екі құрамаға жанкүйермін. Бірі – Бельгия, екіншісі – Украина. Украинаның ойындарын бала күнімнен көріп келемін. Ертеректе Динамо Киевке жанкүйер болатынмын. Сол ко­манда­дағы ойыншы­лардың суреттерін жи­нақтап, әр ойынын үзбей көретінмін. Кейін Шевченко арқылы Украинаның ойындарын да көре бастадым. Сондықтан маған бұл құра­ма ыстық. Ал Бель­гия сөзсіз бұл чемпионаттағы басты фаворит­тер­дің бірі. Әрі бұл құраманың ойыны маған ұнайды.
Түнде Португалия мен Францияның ойы­нын қарадым. Ертесіне Украинаның плей-офф кезеңіне жолдама алғанын көріп қуан­дым. Олар Австриямен ойында өз деңгейлерін толық көрсете алған жоқ. Бірақ соған қара­мастан Украинаның жолы болып, топтан үшін­­­ші орынмен шығып отыр. Егер олар топ­­тан екінші орынмен шықса Италияға түсе­тін еді. Бұл жағынан алғанда команданың жо­лы жеңіл болды. Енді 29 күні өтетін Ук­раина мен Швецияның ойынын асыға күте­мін. Сол күні Шевченконың құрамасына жеңіс тілеймін. Егер шведтерден өте алса Украи­наның 1/8-ге дейін баруға мүмкіндігі бар.

Мені бұл турнирде Горан Пандевтің командасы таңғалдырды. Бұл құраманың деңгейі кейінгі жылдармен салыстырғанда біршама өскен. Біздің құраманы да 4:0 есебімен жеңуі жайдан-жай емес. Биылғы Еуропа чемпионатының жаңалығы осы Солтүстік Македония болды деп ойлаймын. «Спорт дейтін бір сиқыр» деп Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз айтқандай әр жарыстың өз қызығы, ерекшелігі бар. Биылғы Еуропа чем­пионаты 11 шілдеде аяқталады. Сол кезде шын мықтыны білетін боламыз. Мен қос құра­ма­ның тілеуін тілеймін.

16Айдос
САРЫМ,
Мәжіліс депутаты:
– Футболдан Еуро­па чемпионатын асыға күт­кеніміз рас. Қазір қол­дан келгенше бар­лық ойынды үзбей кө­ріп жүрмін. Мен негізі 30 жылдай Ис­пания құрамасының жан­күйер­і­мін. «Қызыл фу­рия­лықтар» сапында небір үздік футбол­шылар да талай чемпио­наттарда атой салды. Бірақ биылдыққа асқан үмітім жоқ. Себебі Испания құрамасында күрделі, буынауысар кезең. Үш ойынның еке­уін­­­де тең түсіп, шешуші үшінші кездесуде же­ңіс­ке жетіп, топтан шығып отыр. Жастар­дың шамасы қай шамаға жететінін болжау қиын.
Биылғы Еуропа чемпионатын Португалия, Италия немесе Англия командаларының бірі алса қуанар едім. Сонымен қатар Украина құрамасының топтан әупірімдеп шыққанына ерекше қуандым. Шевченконың командасы да бұл турнирде тәп-тәуір өнер көрсетті.

Енді олар Швециямен ойнайды. Украина мен Швецияның әлеуеті бір-біріне тең келетін сияқты. Көп нәрсені психология немесе бақ шешіп кетуі ықтимал. Сенсация демей-ақ қоялық, бірақ Италия құрамасының ойын өр­не­гінің мүлдем өзгергеніне таңғалдым. Анг­лия құрамасының ойыны, әсіресе қорғаныс шебі ұнады. Венгрия құрамасы да көптің мақ­тауына ілікті, талай жылдар бойы екінші, үшін­ші қатарда қалған құрама болатын. Жал­пы, Еурода топтық кезеңге өткен барлық ко­ман­да да мықты, әрқайсы­сының келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі бар. Ең бастысы, бізді, футболсүйер қауымды алда қызықты ойындар күтіп тұр.

Абылайхан ЖҰМАШ