Бірлескен меморандумға қол қойды
Бірлескен меморандумға қол қойды

Алматы облысы мен Алматы қаласы­ның әкімдіктері және Жетісу өңіріндегі  кәсіпкерлер облыс пен қала аумағында азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету жө­нінде  өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Талдықорған­дағы салтанат сарайында өткен кездесу барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев өзара келі­сімнің жай-жапсарын тарқата түсіндірді.

«Жетісу» ӘКК «ӨДИ» АҚ-ның ұйымдас­тыруымен өткен жүз­десуде облыс пен қала  басшы­лығы, ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілер мен ірі сауда желілері жетекшілері отандық өндіріс орындары шығаратын азық-түлік өнімдерін ешбір дел­далсыз тікелей сауда орындарына жеткізу мәселесін талқылап, ортақ тоқтамға келді. Кездесуге Алматы облы­сы әкімінің орын­басары  Серік  Тұрдалиев,  Алматы  қаласы әкімінің орынбасары  Мақсат Қиқымов, «Жетісу» ӘКК басқарма төрағасы Руслан Қожас­баев, «Алматы» ӘКК төрағасы­ның орынбасары Айдын Керім­бек, сондай-ақ,  ірі кәсіпорындар мен шаруа қожалықтардың басшылары, сауда желілерінің жауапты тұл­ғалары қатысты.
Алматы қаласы  әкімінің орынбасары  Мақ­сат Қиқымов өз сөзінде бірінші кезекте Алматы облысы әкімдігіне арнайы алғы­сын жеткізді.  Облыс жетекшілігі қала басшылығы тарапынан түскен  ұсынысты жерге тастамай, бірлесе жұмыс істеуді барынша қолдапты. Өңірдегі шаруа­шылықтар мен кәсіпкерлер кө­тер­ме бағамен қалаға азық-түлік жеткізетін болды. Бұл ынтымақ­тастық Алматы агло­мерациясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға септігін тигізері сөзсіз. Мәселен, Көксу қант зауытымен келісім аясында 3,5 мың тонна қант қалаға жеткізіледі. Ал  «JLC Сүт» ЖШС сүт өнімдері Ал­ма­ты қаласында орналасқан дүкендері арқылы сауда көлемін ұлғайта түспек. Алда   Magnum Cash&Carry  дүкен желісінің сөре­леріне де «JLC Сүт» өнімдері қойылады. 
Талдықорғанға  Алматы қала­сы­нан келген делегация «JLC Сүт» ЖШС сүт өнімдерін шы­ғару  зауытына, «Көгер ЛТД» ЖШС және «Алатау Құс» АҚ құс фаб­рика­ларына, Көксу қант зауы­тына, «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС азық-түлік өнімдерін өндіру ком­паниясына және «Наздана» шаруа қожалығына барып, азық-түлік тауарларының шығарылуы барысын өз көз­дерімен көрді.

– Кездесу мен жасалған мемо­рандумның қорытындысы бо­йын­ша біз азық-түлік тауарларын жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойдық. Сондай-ақ Алматы қаласының әкімдігі Алматы облысының ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндірушілерге жеңіл­детіл­ген несие бере бастайды. Мысалы,  Magnum Cash&Carry  ірі сауда желісінің өкілдері сүт өндіруші «JLC Сүт» ЖШС-мен және  «Көгер ЛТД» құс фаб­рикасы­мен ынтымақтастық орнатты. Болашақта облыста өндірілетін азық-түлік пен көкөністер сауда желілеріне тікелей жеткізіліп, алматылықтар мен Алматы агломерациясының тұрғындары үшін қолжетімді болады. Бұл іске  басқа да азық-түлік шығарушылар мен сауда желілерін тартамыз, – дейді «Жетісу» ӘКК басқарма төрағасы Руслан Қожасбаев. 

Алматы облысында былтыр­дан бері әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіп­керлік субъектілерін жеңілдікпен несиелеу тетігі қолданылады. Содан бері «Сабыржан company» ЖШС, «Көгер ЛТД»  ЖШС, «Ақсай нан» ЖШС, «Ляззат-2016» ЖШС, «Ақсу қант» ЖШС және тағы басқа да бірқатар азық-түлік тауарын өндірушілерге жеңіл­детілген несие беріліпті.

Қалай болғанда да, еліміздегі ең ірі мегаполис пен онымен қоңсылас үлкен облыста тұратын 4 миллионнан астам тұрғынды бағасы қолжетімді, сапасы күмән тудырмайтын азық-түлікпен қам­тамасыз ету оңай шаруа емес. Сон­дықтан еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 20 пайызғы жуығын өндіретін Алматы облысының шаруалары және кәсіпкерлері мен ірі сауда орындары арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ларын делдалсыз тікелей сауда сөрелеріне жеткізу ісін жолға қоюдың маңызы зор. Мұндай қарекет бұрын да болған. Қымбат­шылық жағадан алғанда барып жанталасатын биліктегілердің ықпалымен бұған дейін де мемо­рандум  жасалған. Бірақ жағдай сәл оңалса, ондағы тараптар міндетке алған уағдаластықтарын тарс естен шығаратыны шындық. Бірақ бұл жолғы талпыныстың жөні бөлек. Басқа-басқа, қыстай қалыпты бағада тұрған көкөністің, оның ішінде картоп пен сәбіздің бағасы шарықтап кеткені халықты алаңдатып тастады. Осы орайда,  жұртшылық  облыс шаруалары мен қала кәсіпкерлерінің азық-түлікті «араағайынсыз», халыққа тікелей жеткізу жолындағы келісімдерінен үлкен үміт күтеді. 

Болат АБАҒАН, 
Алматы облысы