Ел спортындағы егіз саңлақтар

Ел спортындағы егіз саңлақтар

Әлемде спортты отбасы­лық өнерге айналдырғандар көп. Әсіресе, бір күнде, бір сағатта туған егіз спорт­шы­лар­ға жұртшылықтың ықы­ласы ерекше ауатыны бар. Өнерінен бөлек, бір-бірінің жетістіктерін, артықшылық­тарын салыстыратындар да жетіп- артылады. Біздің еліміз­де де спорт сахнасында жүрген егіздер баршылық. Кейбірін жете таны­сақ, енді бірін көп ести бермейміз. Ендеше солардың бір- қата­ры­на тоқталайық.

Бокс әлемінде ағайынды Ген­надий мен Максим Головкиндер бар екенін былайғы жұрт жақсы біледі. Сол егіздердің бірі Генамыз әлде­қашан әлемдік спортшыға айналып үлгерді. Ал ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап жүрген қос батыр – Айбек пен Нұрбек Оралбайлар алдыңғы буын ағаларының жетіс­тіктерін қайталауды, жаңартуды мақсат тұтып жүрген спортшылар десе де болады. Нұрбек 81 келіге дейінгі салмақта, Айбек 91 келіде сынға түсіп жүр. Қос боксшының талабы таудай. 2018 жылы Айбек Оралбай жасөспірім­дер Олимпиадасының чемпионы атанса, Нұрбек Орал­бай Жастар арасындағы Әлем бірін­шілігінің жеңімпазы болды. Екеуі­нің де басты мақсаттары – Олим­пиада чемпионы болу. Одан бөлек, Саматәлі мен Санатәлі Төл­таев­тар да бокста жүрген талантты егіз спорт­шылары­мыз­дың бірі сана­лады.

Саматәлі мен Санатәлі 1999 жылы 11 қарашада дүниеге келген. Бүгінде былғары қолғап шеберлері Маңғыстау облысының атынан республикалық жарыс­тарға қатысып, халықаралық додада ел намысын абыроймен қор­ғап жүр. Қос боксшы жас­өспірімдер мен жастар арасында бақ сынаған барлық дүбірлі додада топ жарып, ересектер арасында да сенім үдесінен шыға білді. Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан спар­такиадасында жеңіс тұғы­ры­­нан көрініп, Қазақ­станның халық­аралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды.

Синхронды жүзу спортынан Александра және Екатерина Не­ми­чтердің өнері жоғары ба­ға­лана­ды. Екеуі 2013 жылдан бері халық­аралық додаларда дуэт ретінде ел намысын қор­ғап келеді. Егіздер 1995 жылы 3 қаңтарда дүниеге келген. Ұлттық олимпиадалық коми­тетінің сай­тына берген сұхбатында олардың бірі кішкентайынан белсенді, жан-жақты болғанын айтыпты.

– Бала күнімізде екеуміз бір-бірімізден аумайтынбыз. Уақыт өте келе, өскен сайын ерекше­ліктеріміз, айырмашылық­тары­мыз айқындалып келеді. Мәсе­лен, Екатеринаның бе­тін­де көп қал бар. Бізді кішкентай кезімізде со­ған қарап ажырататын. Әрине, басқа да егіз­дер сияқты біріміз сабырлы болсақ, екіншіміз тынымсызбыз. Біріміз пысықпыз, ал енді бірі­міз бостаумыз. Менің­ше, бұл егіздерде кез­десетін қа­лып­ты жайт. Ал егер визуальды қа­рай­тын болсақ, екеуміз бірдей­міз. Шаш­тарымыз, қол-аяқтары­мызда айырмашылық жоқ. Бір қызығы, мақсат пен жоспар­лары­мыз, өмірлік ұстанымздарымыз да бірдей. Тіпті, бірдей тағамдарды ұнатамыз, – дейді Алек­сандра Немич.

Одан бөлек, бозкілемде бел­десетін егіз балуандар қатарында 1992 жылы дүниеге келген Бағлан мен Қорлан Жақанша бар. Бұл спорт түрімен 9 жасынан бастап айналысқан. Отбасында әкесі күреспен шұғылданып, бапкерлік қызметте жүргеннен кейін ба­ла­ларын спортқа баулыған. Екеуі де әкелерінің арқа­сында бүгінде білікті балуандарға айналды.

Дзюдошы Ғұсман мен Ғұмар Қырғызбаев­тарды күрес жан­күйер­­лері жақсы біледі. Егіз бал­уан­дар 1992 жылы 28 қыркүйекте қазіргі Түр­кіс­тан облысына қарасты Ордабасы ау­данында дүниеге келген. Ғұсман Қырғыз­баев – дзюдодан ұлттық құрама үздігі. Сонымен бірге, ол - халық­аралық Дзюдо федерациясының рей­тингін­де үздік 10 спортшының қата­рында. Жақында Токио Олим­­пиадасына жолдама алды. Сыңары Ғұмар Қырғызбаев – Еу­ро­па кубо­гының қола жүлдегері.

Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының мүшелері Мадина мен Жамиля Бақбергеновалар бар. 1996 жылы Алматы облысы Ұзын­ағаш ауданында дүниеге келген егіздер спортпен 14 жа­сы­нан бастап шұғылданған. Бір қызығы, алғашында олар 2 жыл таэквондо үйірмесіне барған. Кейін бұл үйірме жабылған соң олар да таэквондоға баруды қояды. Оқушы күнінде екеуі де бұзық болғандықтан әпкесі Мади­на мен Жамиляны күрес спортына жетелеп апарады. Ана­сы қарсы болғанымен, әкесі қос қызын қолдап, бұл спорт түрімен айна­лысуға рұқсатын береді. Ал оның нәтижесін күрес жан­күйерлері жақсы біледі.

Өзге спорт түрлері секілді футболда да егіз спортшыларымыз бар. Олардың ішінде Пока­тиловтардың жұлдызы жоғары. Стас Қазақстан ұлт­тық құрама­сының және алматылық «Қай­рат­тың» негізгі қақпашысы болса, Владимир орал­дық «Ақжайық» клубында сәтті өнер көр­сетіп жүр. Алаңдағы орны – қорғаушы. Ал бокста Головкиндерден бөлек, Жанат пен Азамат Жақияновтарды ерекше атап өтуге болады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда егіздер мен ағайынды спортшылар көп. Жуырда ғана 24 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірінші орын үшін финалдық бәсекеге шыққан егіз Айя мен Сая Кенжеғалилардың әрекеті де көпті сүйсіндірген болатын. Екі спортшы төбелесу­ден бас тартып, «тас, қайшы, қағаз» ойыны арқылы жеңімпазды анықтады. Нәтижесінде, Айя жеңіске жетіп, алтын медаль алды. Ал Сая күміс медаль иегері атанды. Егіз спортшылардың финалға дейін сүрінбей жетіп, ұтымды шешім қабылдағанын жұртшылық таласа айтып жүр.

Мінеки, біздің назарымызға іліккен егіз спортшылар қатары осындай болды. Алдағы уақытта ел спор­тын­да атой салып жүрген ағайын­ды спортшыларды атап өтпекпіз.

Абылайхан ЖҰМАШ