Дәрігер қателігі: жас ананы мүгедек еткендер жазадан құтылды
Дәрігер қателігі:  жас ананы мүгедек еткендер жазадан құтылды

Көкшетауда айы-күні жетіп, перзентханада босануға барған әйел дәрігерлердің кесірінен қазір жарымжан жандар қата­рын­да. Осыдан тура екі жыл бұ­рын акушер-гинеколог дәрі­гер­лердің қателігінен І топ мү­ге­дегі болып қалған Айғаным Боташқа ота жасаған ақ халат­тыларға сот үкімі шықты.

Оқиға осыдан тура екі жыл бұрын болған. Перзентханаға Айғаным Боташ мамыр айындағы мереке күндері түскен. Алайда кезекші дәрігерлер оның бұрынғы дәрігерлер жазған диагнозы мен тексерістерін назарына да алмапты. Дәрігерлердің шалалығынан құрсағынан су кеткен­нен кейін 50 сағат бойы босана алма­ған әйелге кесарь тілігін жасауға мәж­бүр болған. Бұдан кейін қатты ауырған әйел отыз күн бойы комаға түсіп, ақыры барлық жатыры түгел алынып тасталған. Аяқ-қолдарының саусақ ұштарына дейін кесіп алуға мәжбүр болған әйел перзентханадан І топ мүгедегі болып бір-ақ шыққан.

Босанған әйелді мүгедек еткендер жазасыз қалды

Бүгін екі жылға созылған соттың соңғы үкімі шықты. Дәрігерлер Е. мен О. Қылмыстық кодекстің 317-бабының 2-тармағына сәйкес кінәлі деп табылған.  Қылмыс аса ауыр емес санатқа жатқызылыпты. Қалалық сот судьясының айтуынша, қылмыстық құқықбұзушылықтың жасалғанына екі жылдан аса уақыт өтуіне бай­ла­нысты кінәлі тұлғалар қылмыстық жауап­кершіліктен босатылады.

«Сот үкімімен сотталушылар О. мен Е.-нің қылмыстық іске айыпты екені анықталды. Бірақ Қылмыстық кодекстің 71-бабына сәйкес, қыл­мыстық істің болғанына екі жылдан асып, қуыным мерзімі өтіп кеткен­діктен әрі онша ауыр емес қылмыс болғандықтан, олар қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сот өз бастамасымен оған бұдан ауыр жаза кесе алмайды. Өйткені прокуратура істі Қылмыстық кодекстің 317-бабына сәйкес қозғағандықтан, сот осы бап бойынша қарады. Соттың жеке ұйға­рымы­мен Ақмола облысының көп­бейінді облыстық ауруханасынан 3 928 168 теңге сомасында материал­дық шығын, 15 млн. теңге моральдық шы­ғын, сондай-ақ өкілдің көмегін өтеу шығындары үшін сотталушы­лардан 1 млн. 500 мың теңге өндіріліп алын­ды. Сот үкімі заңды күшіне ен­ген жоқ», – дейді Көкшетау қалалық сотының судьясы Ринат Шақуақов. 

Оған қоса, сот прокуратура және Полиция департаментіне істі тергеу кезіндегі қағазбастылыққа жол бер­гені үшін жеке қаулылар мен дәрігер­лер жұмысынан анықталған заңбұзу­шылықтарға байланысты  Денсаулық сақтау басқармасына қаулы шыға­рылған.
Сотта сотталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ. Ал жәбірленуші жақ қағазбастылық пен уақыттың созылып кетуі сот үкіміне де әсерін тигізгенін айтады. Журналистермен әңгіме кезінде Арман мен Айғаным Боташ сот үкімімен келісіп, қанағат­танғанын білдірді.

«Заңда осылай жазылса, біз не істей аламыз? Келісуге мәжбүрміз», – дейді Арман Боташ. 

Дәрігерлер әлі жұмыс істеп жүр...

Алайда акушер-гинекологтердің бұдан кейін де жұмыс істей беруіне олар қанағаттанбаған.
«Сотта дәрігерлерді айыптау үкімі шы­ғарылды. Бұл - ең бастысы. Біз олар­дың осыдан кейін қайтадан жұ­мыс істегендерін қаламаймыз. Ден­саулық сақтау басқармасы оларды жұмыс­тан шектейді деген сенімдеміз. Әрине, барлық дәрігерді жаман дей алмаймын. Олардың ішінде Ай­ғаным­ның өмірін сақтап қалу үшін жанталасып баққандары қаншама?! Оларға шексіз алғысымызды біл­діреміз», – дейді Арман Боташ.
Жәбірленушілер алда одан әрі күресіп, өміріне балта шапқан тағы  төрт дәрігерді жұмыстан шығартуға барын салмақ ниетте.

«Наурыздың соңында Полиция басқармасы мен прокуратураға олар­ды теріс уәжбен атқарған лауазым­дарынан шектеу туралы ұсыныс берілді. Бірақ бұл ұсыныс күні бүгінге дейін орындалған жоқ», – дейді Айғанымның жолдасы Арман Боташ. 

Денсаулығым әлі қалпына келмеді...

 Дәрігерлер жасаған қателік жас босанған Айғанымның өмірін тас-талқан етіпті.

«Мен жиырмадан артық отаны бастан кешірдім. Сепсис, перитонит, кли­никалық өлім, өкпе, бүйрек пен бауы­рым істемей қалды. Бір айдан ар­тық комада жаттым. Диализге тәуелді болдым. Өз бетіммен тыныс ала алмаған­дықтан, жасанды өкпені желдету аппаратымен жаттым. Қай­тадан тыныс алуға, жүруге үйретті. Саусақтарымның басын, аяғымдағы башайларды кесіп тастады. Барлық ана­лық жыныс органдарымды кесіп алып тастаған. Енді балалы бола ал­май­мын. Ішімнің тоқсан пайыз терісі қайта алынып тігілген. Көп наркоз берілгендіктен, басым қатты ауырады. Жүрегім тоқтап қалғандықтан, үнемі тахи­кардия болады. Қазір әлі ден­саулығым қалпына келген жоқ», –  дейді Айғаным Боташ. 

P.S. Жұбайларды әлі қандай қиын­дықтар күтіп тұрғаны беймәлім. Дәрігерлер қателігінен ауыр сынға тап болған Айғаным мен Арман шетелдік дәрігерлер мен емханаларды іздемек. Оған Денсаулық сақтау министрлігінен көмек болса дейді. Әрі болашақта басқа адамдар мұндай жағдайға ұшырамас үшін мемлекет тарапынан бақылаудың аса қатал болғанын жөн көреді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 
Ақмола облысы