Елімізде тұтынушылар құқығын қорғау шарасы жанданып келеді. Бұл заңнама енгізілген өзгерістермен байланысты. Мәселен, 2020 жылы қазақстандықтардың 20 мыңнан астам шағымы қаралып, 250 млн. теңгеге жуық ақшасы кейін қайтарылған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артық. Былтырғы істердің арасында Bek Air әуекомпаниясына қатысты деректер бар. Онда 1,7 мың тұтынушының құқығы қорғалып, 110 млн. теңге өндіріп алынды. Әйтсе де, елімізде құқығы бұзылған жағдайда қорғауға тырыспайтындар немесе білмейтіндер әлі бар.
Жарты жылда – 70 млн.
Ал жыл басынан бері Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінде 6 мыңнан астам шағым қаралып, уақтылы қабылданған шаралардың арқасында, соның ішінде сот арқылы 70 млн. теңге қайтарылған. Қазақстандықтар көп ретте туризм, көлік, бөлшек сауда және тұрмыстық қызмет көрсету саласында көп шағымданады екен. Сондай шағымдардың бірқатары сауда орталықтарындағы таразыдан жеу, сақтау мерзімінің өтіп кетуі, сөре мен кассадағы баға айырмашылықтарына қатысты. Комитеттің аумақтық департаменттері тұтынушылардың құқығын бұзған кәсіпкерлік субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері 5 айда олар 42 тексеру өткізіп, кәсіпкерлерге 28 ескерту беріп, жалпы сомасы 500 мың теңгеден асатын 7 айыппұл салған.
Мұндай өзгерістің бәрі 2020 жылы «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңға өзгерістердің алғашқы пакеті енгізілгеннің арқасында мүмкін болып отыр. Соның нәтижесінде дауды реттеудің 3 сатылы механизмі пайда болды. Біріншісі – дауды сотқа дейін шешу. Екіншісі – шағымды уәкілетті орган аясында реттеу. Осы ретте әкімдіктерге әкімшілік шараларды қолдану құзыреті берілген болатын және үшінші сатыда шағым сотқа жіберілмек. Алайда даудың басым көпшілігін алғашқы екі сатыда шешуге басымдық берілген. Заңдағы жаңашылдықтың бірі – тұтынушылардың шағымдарын қабылдаудың е-Тutynushy бірыңғай ақпараттық жүйесінің іске қосылғаны және Үкімет жанындағы ведомствоаралық кеңестің құрылуы. Заңда, сондай-ақ, тұтынушы шағымын 10 күн ішінде қарау көзделген.
Министр Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұл жұмыстарға биыл іске қосылған шағымдарды «бір терезе принципі» бойынша қабылдау жөніндегі е-Тutynushy ақпараттық жүйесі де өз әсерін тигізген. Бүгінде бұл платформа арқылы тұтынушылардың шағымдарын салалар бойынша, даудың мәні бойынша және қарастыру субъектілері бойынша бақылап отыруға болады. Ол өз кезегінде адамдардың өмірінің барлық саласында түрлі талдамалы мәліметтерді құрастыруға, жүйелі проблемаларды анықтауға және шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұтынушылардың мәселелерін қарау статусы Үкімет жанындағы ведомствоаралық кеңес деңгейіне дейін жоғарылатылды.
«Биыл біз тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңға екінші пакет өзгерістерді дайындауға кірісіп кеттік. Онда түрліше талданатын құқықтық кемшіліктер, нақты емес нормалар жөнделмек. Өйткені қазір тұтынушыларға құқығын, бизнеске міндетін түсінуде қиындық тудыратын тұстар бар. Жоба концепциясында Қазақстанның ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құру, тұтынушылар құқық қорғау омбудсмені институтын енгізу және тағы да басқа маңызды мәселелер қарастырылған», – деді ол.
Онлайн шағым – жедел әрі қолайлы
Тұтынушылар енді арыздарын ұялы телефондарына түсіріп, онлайн жібере алады. Ол үшін әрбір сауда ұйымында QR-код түрінде жеке айқындауыштар ілініп тұрады. Ол дүкеннің кіретін есігіне де жабыстырылған болуы мүмкін. Егер сатып алушы құқығым бұзылды деп санаса, кодты сканерлейді және телефонға арнайы қосымшамен жүйеге шағым жібереді. Оны веб-сайт немесе әлеуметтік желілер арқылы да жіберуге болады. Ақылды жүйе бұл шағымды қай мемлекеттік органға жіберу керегін автоматты түрде анықтайды. Сіздің шағымыңыз полицияға, Техникалық реттеу және метрология комитетіне немесе Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне жолдануы мүмкін. Шағым нәтижесі 10 күннің ішінде шығады.
«Біз сауда орындарында «Тауар қайтаруға немесе ауыстыруға жатпайды» деген хабарламалар көреміз. Бұл – дұрыс емес, «Тұтынушылардың құқығын қорғау» заңын бұзу. Қолдану мерзімі өтіп кеткен азық-түлік, бүлінген сапасыз бұйым сатып алған жағдайда да тұтынушы өз құқығын қорғай отырып, тауарды қайтарып немесе ауыстырып ала алады. Сондықтан да әркім өз құқығын талап ете білуі тиіс. Әрине, қайтаруға немесе айырбастауға болмайтын тауарлар бар. Олар – азық-түлік емес тауарлар, дәрі-дәрмектер, медициналық мақсаттағы бұйымдар, іш киім, шұлық сынды бұйымдар, жануарлар мен өсімдіктер, сондай-ақ, метрлеп сатылатын заттар. Бұлардан өзгесін қайтаруға немесе ауыстыруға болады», – дейді заңгер Салтанат Рахымбекова.
Заңгердің айтуынша, әдетте супермаркеттерде сатып алушыға баға белгісі (ценник) нақты қай өнімге тиесілі екенін түсіну қиынға соғатындай етіп қойылатын кездер де көп кездеседі. Кассаға ақысын төлеу кезінде тауардың құны көрсетілген бағамен сәйкес келмейтін жағдайларда сатушы тауарларды сөреде көрсетілетін сомада сатуға міндетті. Супермаркеттерде бағаларды шатастырып қою тұтынушыларды алдаудың жиі кездесетін бір түрі екен. Енді шағымдану онлайн түрде жүретіндіктен мұндай жайттар түбегейлі тыйылады деген сенім бар. Әзірге онлайн шағым беру пилоттық қарқынмен жүзеге асып жатыр. Бірақ уақыт өте келе ол барлық сауда және қызмет көрсету нысандарына жаппай таратылатын болады. Ал кәсіпкерлер үшін бұл рейтингтік әсер бермек. Шағым көп түсетін кәсіпкерлік нысандары жүйеде көрініп тұрады.
Өз құқығын білмейтіндер әлі бар
Әйтсе де, қазақстандықтар тұтынушы құқығын әлі толық білмейді. Мәселен, 2019 жылы тұтынушылардың 60%-ға жуығы сапасыз тауар сатып алған және қызмет көрсетілген жағдайда өзінің тұтыну құқығын қорғауға тырыспаған. Ал қалған 40%-ында шағымын сотқа дейін шешкендер небәрі - 12%, 4%-ы ғана сотқа жүгінген, 24%-ы түрлі мемлекеттік құрылымнан көмек сұраған. Заңгерлер, ең бірінші кезекте чек талап етілу қажеттігін айтады. Онсыз сапасыз тауарды қайтару немесе айырбастау өте қиын болады. Бірақ қалайда сатып алу фактісін дәлелдеу қажет болса және оны растайтын куә немесе чек болмаған жағдайда фотосуреттер мен бейнежазбалар арқылы сатып алу фактісін дәлелдеуге болады. Супермаркетте фото және бейне түсіруге тыйым салынбаған. Сіз «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Қазақстан заңына сәйкес, ұялы телефоныңыз немесе басқа құрылғыға тауарларды және олардың қасында тұрған бағаларды еркін түсіре аласыз. Ұялы телефон сатып алған болсаңыз, мүмкіндігінше тауардың жарамдылығын тексеріңіз. Төлем жасалғанын растайтын чек, сатып алынған заттың паспорты мен кепілдік талонының болуына назар аударыңыз. Шағым мәтінінде тауардың меншік иесінің нақты атауы, сауда орнының дұрыс мекенжайын көрсету қажет.
«Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан заңының тиісті нормаларына сілтеме де болуы тиіс. Егер тауардың жарамсыздығы тұтынушының кінәсінен болмағаны дәлелденсе, дүкен клиенттің талаптарын орындап, дереу ақшасын қайтаруға міндетті. Егер дүкен талапты орындауда заңда белгіленген мерзімнен асырса, әрбір мерзімін өткізіп алған күн үшін тауар құнының 1%-ы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын өндіріп алуға болады.