Елбасы және ислам әлемі
Елбасы және ислам әлемі
238
оқылды

Қазақстан әдетте ислам әлемінің бір бөлшегі саналады. Еліміз зайыр­лы болғанымен, халықтың басым көпшілігі - мұсылман. Қазақ халқының салт-санасы мен әдет-ғұрпы да ислам дінімен біте қайнасқан. Бәлкім, со­дан да шығар, Қазақстан үшін ислам мемлекеттерімен арадағы бай­ланысты нығайту – стратегиялық бағыттардың бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та бұл жағдайға ұдайы көңіл бөліп, мұсылман мемлекеттермен қарым-қатынасты жоғары деңгейде ұстап келеді.

Жалпы, ислам әлемі жаһанда ірі өр­кениет қалыптастырған, бүгінде адам саны 2 миллиардқа жақындап қалған қауым. Жаһандағы 120 мемлекетте мұ­сылман қауымы өмір сүреді. Ал 1969 жылы құ­рылған Ислам ынтымақтастық ұйы­мына 57 мемлекет мүше. Демек, Қазақстан ислам әлемінен жырақтай алмайды деген сөз. Яғни, әлемге ашылып, өзгелермен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздесек, қалай болғанда да ислам елдерімен саяси-экономикалық, мәдени-рухани бағыттағы байланыстар орнатуға мәжбүрміз. Осыны ескерген Елбасы саясатының нәтижесінде 1995 жылы Қазақстан ИЫҰ-ға мүше болған еді. Дегенмен ислам әлемі бүгінде орта ғасырлардағыдай гүлденген, дамыған, жаһандағы жетекші өркениет емес. Әлемдегі «үлкен жиырмалық» деп ата­латын дамыған елдердің G20 тобына ислам әлемінен тек Түркия мен Сауд Ара­биясының кіретіні де соның айғағы. Алайда ХХІ ғасырдың ортасына қарай ислам әлемі елдері өзге саланы қайдам, демография жағынан жаһандағы шешуші күшке айналады. Зерттеушілер солай деп жүр. Демек, Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері ислам әлемі елдерімен тығыз байланыс орнату маңызды бағыттардың бірі болып қала береді деген сөз. Өйткені сан, ерте ме, кеш пе, сапа туғызары анық.

Ұқсастығымыз көп қауымбыз

Әдетте қазақ халқының тарихы мен танымын ислам дінінен бөлек қарастыруға болмайтыны айтылады. Расында да, тамыры тереңге кететін мәдениетімізде исламның орны айрықша. Өйткені ислам діні - қазақ мәдениетінің қайнарларының бірі. Ұлт танымында өшпестей із қал­­­дырған тұлғалардың басым көпшілігі өзін ислам әлемінен оқшау ұстамаған. Ертедегі әл-Фараби, Бируни, Ибн Сина тәрізді ғалымдар, Баласағұн, Қашқари тәрізді ойшылдар күллі мұсылман қауымының құрметті тұлғалары. Біз олардың бірқа­тарын тікелей бабамыз санаймыз. Қазақ мәдениетіндегі діннің, пайғам­бардың орны ерекше. Ұлы даланы мекендеген халықтар бері айтқанда 700, әйтпесе мың жылдан бері мұсылман. Бір ғасыр бұрынғы Алаш қайраткерлері де медресе шәкірттері болатын. Қысқасы, қазақты ислам әле­мінен бөліп қарастыру мүмкін емес. Сондықтан Қазақстанның сыртқы саяса­тында да бұл бағыт өте өзекті саналады. Нұрсұлтан Назарбаев та қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қатынасы ежелгі заманнан тамыр та­­­ртатынын атап өткені бар.

«Біздің байтақ даламызға ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Еліміз ислам мен батыс өркениеттері арасындағы достық диалогқа дәнекер болып отыр», – деген еді Елбасы 2018 жылы. Бір қызығы, бүгінде ислам әлеміне кіретін мемлекеттердің басым көпшілігі шикізат өндіретін елдер қатарына кіреді. Мәселен, ОПЕК ұйымына кіретін 13 мем­лекеттің 7-еуі ислам елі. Сол сияқты бей­ресми түрде ОПЕК+ деп аталатын топқа кіретін 10 мемлекеттің 6-ауы ислам елі немесе халқының басым көпшілігі мұсыл­мандар. Бір сөзбен айтқанда, әлемдегі көмірсутегі қоры мен саудасында ислам әлемінің ықпалы орасан зор. Қазақстан да осы топқа кіреді. Сөз басында «байла­ныссыз отыру мүмкін емес» деуіміздің бір сыры да осында жатыр. Яғни, шикізат сатып, біраз қаржы жинап алғымыз келсе, бәрібір өзгенің қас-қаба­ғына қараймыз. Мұнай мен газ экспор­тында мұсылман әлемінің ұста­нымын жаһандағы ірі дер­жавалар да ескереді. Біз де назардан тыс қал­дыр­маймыз. Алайда ислам әле­мінің дамуы кенже қалғанын алға тарта­тын­дардың қарасы көп. Тіпті, бұл жағ­дайды дінмен байланыстыратындар да бар. Бірақ Елбасы мәселенің олай емес екенін де айтқан. «Әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдері көш соңында қалып отыр. Кейбір сыншылар ислам дүниесінің артта қалуы діннің өзімен байланысты деп санайды. Алайда бұл ақиқатқа мүлде жанас­­­­пайды», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Әрі өр­кениет көшіне ілесу үшін ислам әлемі ел­­дерінің барын салуы керек екенін алға тартады.

Ғылымға көңіл бөлуді насихаттады

Елбасы саясатына назар аударған адам оның ислам әлемі дамуының артта қал­ғанынан көңілі жабырқайтынын бай­қайды. Нұрсұлтан Назарбаев күллі мұ­­сылман үмбетінің ғылым мен білімге ұм­тылуы керек екенін ұдайы айтатыны да содан болса керек. Қазақстанның EXPO – 2017 көрмесінде «Болашақтың энергиясы» тақырыбын таңдап алуы да ислам әлеміне жолданған месседж екені сөзсіз. Тіпті, Ислам ынтымақтастық ұйымына кіретін елдердің «үлкен он­­­бестігін» құру идеясын көтеруі де сол жана­шырлықтың белгісі. Елбасы бұл ойын 2017 жылы айтқан болатын. «Ислам әлеміндегі маңызды ғылыми-экономикалық мәселелерді шешу үшін G20 форумы сияқты бізге де бейресми топ құратын кез келді деп ой­лаймын. Ислам ұйымының алдыңғы қатарлы он бес мемлекеті бірігіп, оны OIC15 деп атасақ дұрыс болар еді», – деді Назарбаев.

Сөйтіп, ислам әлемі үшін ғылым мен технологияны дамыту өте өзекті екенін алға тартқан. Ол үшін ба­тыстың дамыған елде­рімен тығыз қарым-қатынас орнатуға да шақырған. Инновация трансфертіне бірлесе ұмтылуға үндеген. «Инно­­­вация­­лық клас­терлер ғылымды қамтитын орнықты эконо­миканы қалып­тасты­­рудың негізі болып саналады. Қа­зақстан осындай кластерлерді Назар­баев уни­верситеті мен Иннова­циялық тех­ноло­­­­гиялар паркі база­сында белсенді дамытып жатыр. Ислам ынтымақтастығы ұйы­мының барлық елдерінің ғалымдары мен зерт­­­теушілерін осы жұмыстарға белсенді атсалысуға ша­қырамын», – деген еді Елбасы. 

Тіпті, ол мұндай ұсыныстарын айтар­дан бұрын-ақ Қазақстанның сыртқы сая­сатында ислам әлемімен қарым-қаты­настың экономикалық негіздерін қа­лыптастыруға ұмтылғаны бар. Мәселен, 2014 жылдың соңында пайдалануға бе­рілген Өзен-Түркіменстан-Иран темір жол желісін салу туралы ойларын көрші мемлекеттер басшыларына 2007 жылдан бастап айтып жүрді. Нәтижесінде, кейін теміржол салынып, ұзақ жылдар бойы оқшауланып келген Иран үшін балама жол да ашылды. Ауғанстан, Пәкістан тәрізді мемлекеттердің жастарына Қа­­­­зақстанда білім алу мүм­кіндігін де қа­­растырды. Бү­гінде Қазақ­станның жо­­­ғары оқу орын­дарында Ауғанстан мен Пәкістанның жүздеген студенті білім алып жүр. Мұның өзі діні бір жұрттың өркениет көшінен қалып қоймауына қосылған үлес болса керек.

ИЫҰ-ға төрағалық еткен жылдар

Айтпақшы, биыл Қазақстанның Ис­лам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық еткеніне 10 жыл толды. 2011-2012 жылда­­ры Қазақстан бұл ұйымға жетекшілік ет­кен болатын. Сөйтіп, екі жыл бұрын, 2010 жылы ЕЫҚҰ саммитін өткізіп батыс ел­­деріне ой салса, ИЫҰ төрағалы кезінде Қа­­­зақстан назарын ислам әлеміне бұрған-ды. 2011 жылдың 28-30 маусымында Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сес­сиясы өткен болатын. Сол жиында Ислам кон­фе­ренциясы ұйымы Ислам ынты­мақтас­тық ұйымы болып өзгерген еді. Ис­лам әлемінің ең басты басқосуына Азия, Афри­­ка, Еуропа және Оңтүстік Амери­­­каның 56 елінен 1 200-ге жуық делегат, ИКҰ жанын­дағы 11 ба­қылаушы елдің және халықаралық ұйым­дардың өкілдері қа­тысқан болатын.

Басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев «Бү­гінде бейбітшілік, ынтымақтастық және даму үшін Ислам конференциясы ұйы­мының қажеттілігі арта түскені бәрімізге белгілі. Бұл ұйым – төрт құрлықтағы 57 мемлекетті біріктіретін «Ислам әлемінің өзіндік Біріккен Ұлттар Ұйымы» міндетін атқарып отырған бірегей құрылым болып саналады. Бүгінгі алмағайып заманда Умма салмақты проб­лемалармен бетпе-бет келіп отыр. Ислам қоғамдастығына бейбітшілік, жаңғыру, ғылыми-техни­калық даму және өркендеу ауадай қажет. Умманың жиынтық эконо­микалық әле­уеті шексіз және бізге өзара тиімді ын­тымақтастық, өзара көмек және дамуға ықпалдастық тұрғысынан күш біріктірген ұтымды болады.

Сауда-инвес­тициялық, технологиялық, әлеумет­тік және білім беру бағдарламаларын іс жүзіне асыруда Ислам ынтымақтастығы біздің ұйымның басты қағидаты рөлін атқарады. ИКҰ-ға мүше мемлекеттер тұрғындарының ор­таша сатып алу қабілеті – тоғыз жарым мың доллар, ал Еуропа елдеріндегі балама көрсеткіш жиырма төрт мың доллардан асады. Ислам конферен­циясы ұйымы елдері арасындағы дамудың өзінде үлкен айыр­машылықтар бар» дей келе ұйымға мүше елдер әлемдік энерге­тикалық ре­сурстардың 70 пайызын бақы­лауында ұстап отыр­ғанымен, оларға әлемдік жалпы ішкі өнім­­­нің тек қана 7,5 пайызы, жаһандық тауар айналымының 11 пайызы ғана тие­­сілі екенін алға тарт­қан. Сондықтан Ел­­ба­­сы мұсылман қауы­мының бәсекеге қа­­­бі­леттілігін арттыру өзекті деп санады. Әрі содан бері, тіпті сонау 1991 жылдан бері Қазақстан ислам әлемінің дамуына мүдделі екенін танытып келеді.
Қысқасы, Елбасы үшін ислам әлемі­нің орны ерекше. Ол мұсылман үмметіне жанашырлығын өмірінің мәні еткен сыңай­лы. Бәлкім, мұның барлығы оның адам­затты сүйетін дархан көңілінен бастау алатын шығар.
Ардақ СҰЛТАН