Қазақстанда бір апта ішінде ғана қайыршылықпен айналысып жүрген 62 шетелдік ұсталған. Олар енді елден аласталады және ең кемі 5 жыл бойы орала алмайды. Дегенмен қала көшелері бәрібір қайыр-садақа сұраушылардан арылмауы мүмкін. Сарапшылардың байламынша, бұл тұрғыда үрдіс-тренд өзгерді. Егер 10 жылдай бұрын тіленшілердің 80%-ы жатжұрттықтар болса, қазір қол жайғандардың көбі - қазақстандықтар. Жалпы, елде және әлемде бұл кері құбылыспен қалай күресуде? Осыны талдап көрсек.
Жұрттың тынышын алмаса, полиция тиіспейді
Көші-қон заңнамасын қасақана бұзғандарды анықтау мақсатында таяуда, 7-16 маусым аралығында ел аумағында «Келімсек-Мигрант» жедел алдын алу операциясы өткізілді. Оның барысында полицейлер барлық өңірде шетелдіктер шоғырлана тұрып жатқан жерлерге тексеру жүргізді. Жолай автокөліктерді тексерді. Нәтижесінде, жедел іс-шаралар кезінде көші-қон заңнамасын бұзудың 13 467 фактісі әшкереленген. Сонда қайыр-садақа сұрап, өткен-кеткенге тиіскен 62 шетелдік ұсталды.
Қолға түскен 62 тілемсек – шетелдіктер. Ал «отандық» қайыршылардың саны әлдеқайда көп. Мысалы, тек Ақмола облысында ғана тәртіп сақшылары жарты жыл ішінде қайыр тілеп, жұртқа тиіскен 640 адамға айыппұл салыпты. Қоғамдық орында қайыршылықпен айналысу – қоғамдық тәртіпті бұзу болып есептеледі. Бірақ ауыл-аймақта, тіпті, елорданың өзінде көшеде қол жайып, жүргіншілерге үнсіз телміргендерге полицейлер көп тиісе бермейді. Ал егер адамдардың етегіне оралып, қолына жармасып, ақша талап етсе немесе жолға шығып, көліктер арасын араласа, ол әрекетті тәртіп сақшылары тыюы тиіс.
Осы мақсатта Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде «Қоғамдық орындарда тиісу» деген 449-бап бар. Ол бойынша «қоғамдық орындарда бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызмет көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиіскен, яғни мазалап өтініш білдірген» жан 5 АЕК (14 585 теңге) айыппұлмен жазаланады. Әдетте, бірінші жолы тек ескертумен құтылады. 1 жыл ішінде қайта қолға түссе, айыппұл 10 АЕК-ке (29 170 теңгеге) дейін өседі. Немесе 5 тәулікке изоляторға қамалады. Осы тірлікпен шетелдік құрықталса, ол 5 АЕК айыппұл төлеуі немесе Қазақстаннан әкімшілік жолмен шығарып жіберілуі мүмкін.
Тіленшілерде тренд өзгерді
ІІМ-нің талдауынша, 10 жылдай бұрын ұсталған қайыршылардың 80 пайызы шетелдік болып келетін. Әсіресе, Тәжікстан азаматтары және азаматтығы жоқ босқындар қарасы көп болған. Ол кезде заңнамада қайыр сұрауға қатысты ешқандай бап жоқ-тын. Тиісінше, егер ұрлық жасамаса, төбелеске тартылмаса, тәртіп сақшылары тек полиция бөліміне әкеліп, әңгімелесіп, жөніне қоя беретін. Оларды құр әңгімемен тоқтата алмайтыны даусыз. Сөйтіп, қалаларымыздағы көріністі бұзатын, жұртшылыққа жайсыздық әкелетін құбылыс белең алды. Ақыры 2016 жылы ІІМ-нің бастамасымен Әкімшілік кодекске әлгінде аталған 449-бап қосылды, айыппұлмен жазалау енгізілді.
«Қазақстанда қайыршылық бизнеске айналып кетті. Заңнамада ешқандай жазаның болмауы Қазақстанда қайыр-садақа сұрау кәсібінің дамуына қолайлы жағдай жасады. ТМД елдеріндегі қатаң қудалаудан ыққан тілемсектер республикамызға ағылды. Олардың кейбір санатының табысы ресми, заңды жұмыс істейтін қатардағы көптеген адал еңбеккерлердің тапқан жалақысынан да асып түседі. Біз тек қоғамдық орындарда азаматтарға белсенді түрде тиісетіндерін жауапкершілікке тартамыз, – деді ІІМ-нің Әкімшілік полициясы комитетінің сол кездегі төрағасы Игорь Лепеха.
Содан бері жағдай өзгере қойған жоқ. Тіленшілер саны көбеймесе, азаймады. Дегенмен олардың құрамында өзгеріс бар: көшенің басым көпшілігінде қазақстандықтар қол жайып жүр. Мысалы, Шымкентте бір апта ішінде қалалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының «102» нөміріне саналы 21 азамат қоғамдық орындарда қайыр сұрап, тиіскендерге қатысты шағым айтқан.
Бұл «бизнестегілер» түрлі қулыққа баратыны да әшкереленді. Мысалы, өзін мүмкіндігі шектеулі адам ретінде көрсеткен қайыршы анықталды. Тұрғындардың бірі шымқаланың Полиция департаментінің «Жедел әрекет ету» атты арнайы чатына әлдебір әйелдің өз еркімен жүріп-тұра алатынына қарамастан мүгедектер арбасына отырып, жүргіншілерден ақша сұрап, мазалап жатқаны жөнінде хабарлама жазады. Расында, Республика даңғылында қайыр тілеп отырған әйелдің жеке басы анықталды: ол Қаратау ауданы Бозарық елді мекенінің тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары оның саусақ таңбасының іздерін алып, сұхбат жүргізіп, әкімшілік хаттама толтырып, ескертумен қоя берген.
Әрине, бұл «кәсіптің» қулықтары да жыл өткен сайын жаңғыра түсуі мүмкін. Мәселен, халықаралық ақпарат құралдары Кореяда және Шотландияда көшеге қайыршы-роботтар шыққанын жазды. Ал Қытайда, дамыған елдерде тіленшілер қайыр-садақаны қолма-қолсыз ақшамен, картамен, терминалмен жинайды.
Қайыршылыққа куә болудан қымсынады
Шымкенттегі «Абай саябағында» балиғат жасқа толмаған қызын қайыршылық жасауға үйретіп жүрген әке полицияға жеткізілді. Бұл дерек те қырағы адамдардың хабарлауы арқасында ашылды. Абай АПБ №1 учаскелік полиция пунктінің инспекторлары паркте ер адамды тауып алып, полицияға жеткізген. Ол 1957 жылы туған жергілікті тұрғын болып шықты. Осыған дейін Жамбыл облысында қайыршылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескертумен құтылған. Тәртіп сақшыларына ол Талдықорғанға қайту үшін ақша жетіспей жатқанын, зейнетақы алмайтынын мәлімдеген. Қасындағы балақай өз қызы екен. Аталған жайт бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, құжаттар сотқа жолданған. Өткен жылы үлкен дау тудырып, қайтарып алынған зорлық-зомбылық туралы жаңа заң жобасы осындай әкейлерді ата-аналық құқығынан айыруды қарастырған болатын. Сонда полиция баланы тартып ала алатын еді. Алайда қолданыстағы заңның жұмсақ болуы нәтижесінде сот көбіне баланы қолайсыз отбасында қалдыра береді.
Ақмолалық полицейлердің айтуынша, қайыршылардың «жұмыс орны» негізінен мешіт, шіркеу, базар, қалалық парк айналасында шоғырланған. Жарты жыл ішінде ғана Ақмола облысында 640 адам тілемсектенгені үшін жауапкершілікке тартылыпты.
«Егер қайыршылықпен бөтен елдердің азаматтары айналысып жүрсе, олардың жалғыз әрекет ететінін, әлде артында қылмыстық топ тұрғанын анықтауға тырысамыз. Сондай-ақ олар арнайы есепке алынады. Көші-қон заңнамасын бұза берсе, сот шешімімен елден қуылады», – дейді полицейлер.
Полицияның мәліметінше, белсенділік танытып, «102»-ні теретін шымкенттіктерден айырмашылығы сол, ақмолалық тұрғындар тіленшілерге назар аудармауға, қасынан жай ғана өтіп кетуге, олардың тиісуіне үнсіз төзуге не өз бетінше тойтаруға тырысады: «Азаматтардың қайыршыларға шағымдануы сирек. Кейбірі тіпті құқық қорғау органдарына қоңырау шалғанымен, артынша куәгер ретінде қатысудан, қайыршылық фактісін растаудан бас тартады. Сондықтан полицияға қайыр-садақа тілену деректерін тіркеу және ол бойынша дәлелдемелер жинау қиынға түседі», – дейді жергілікті тәртіп сақшылары.
Бірқатар адамдар бұлардың артында қылмыстық топтар тұр деп үрейленсе, енді бірі қайыршылық ісі бойынша куә болудан арланады.
Тіленші «экспорттайтын» елдер бар
Жемқорлық сияқты қайыршылықты да бірде-бір ел жеңе алған жоқ. Әйтсе де, әлемде тіленшілікпен күрестің неше түрлі тәсілі қордаланған. Кезінде КСРО-да қайыршылық жасау – «паразитизм және қоғамға пайдалы еңбектен жалтару» ретінде қабылданды. Онымен айналысушылар Қылмыстық кодекс баптары бойынша сотталатын.
Бразилияда да 1941 жылғы Қылмыстық бұзушылықтар туралы кодекске сәйкес, қайыр сұрау қылмысқа теңестірілген-тін және онымен шұғылданғандар 15 күннен 3 айға дейін тұтқындалатын. 2009 жылы ғана мемлекет қылмыстық қудалауды жойды. Дегенмен Шетелдіктер туралы жарғының 65-бабына сәйкес, Бразилия шетелдіктердің тілемсектенуіне қатал қарайды. Мысалы, жатжұрттық адам жергілікті тұрғыннан әлдебір затын, айталық смартфонын уақытша пайдалануға сұраса, бұл оны елден шығарып жіберуге себеп болуы мүмкін.
Осы орайда, көрші өзбек елінің үлгісі қызықты: олар тіленшілерді тегін жұмыс күші ретінде пайдаланады. Өзбекстанның Қылмыстық кодексінің 127-1-бабына («Қайыршылық») сәйкес, белсенді түрде ақша, тамақ және басқа да материалдық құндылық сұрағандар ұсталса, міндетті түрде 200 сағат қоғамдық жұмыс істеуі тиіс. Болмаса, 2 жылға дейін еңбекпен түзеу орындарына аттанады немесе 1 жылға сотталады. Егер қайыр сұрауға балаларды, қарияларды, мүгедектерді тартса, міндетті қоғамдық жұмыс 360 сағатқа, қылмыстық жазасы 3 жылға дейін өседі. Нәтижесінде, қазір Өзбекстанның ірі қалаларында қайыршы көзге түспейді. Оларды полиция дереу еңбекпен түзеуге әкетеді.
Швейцария осы күресте қулыққа барды. Ол таяуда, екі ай бұрын «қайыршылар саяхатын» жолға қойды: Basler Zeitung басылымының жазуынша, көшедегі тіленшілерге, даладағы сығандарға Еуропаның кез келген қаласына тегін жолдама ұсынылады. Билетті алу кезінде тіленші адам Швейцарияға бірнеше жыл ішінде қайтпауға міндеттеме алып, тиісті құжатқа қол қояды. Ерте оралса, қатаң жазаланады. Швейцарияның көп елмен визасыз режимі бар. Бірақ бұл «қайыршылық экспорты» оларға ұнамауы мүмкін.
Елдос СЕНБАЙ.