Баспана – басты мәселе

Баспана – басты мәселе

Отан қорғау қызметінде жүрген әскери қызметшілердің баспаналы болуы үшін соңғы шыққан заңда қан­дай өзгерістер бар, мәселе қан­ша­лықты шешімін тауып жатыр, са­рап­тап көрейік.

Заң бойынша тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері әскери қызмет өткеру кезеңінде мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтама­сыз етіледі. Бұл құқықты іске асыру қыз­мет­­тік тұрғын үй беру немесе әскери қыз­мет­шілердің жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы жүзеге асы­рылады.

Ал енді ресми мәліметке сүйенсек, бү­гінде тұрғын үйге мұқтаж әскери қызмет­шілер тізімінде 47 138 адам тұр. Ал тұрғын үй қорында 12 444 пәтер мен жатақханада 4 562 бөлме бар. Оның 4 293 пәтері мен жа­тақханадағы 2 375 бөлмесі ашық әскери қалашықта орналасса, 5 447 пәтер мен жатақханадағы 1 512 бөлме жабық әскери қалашықта, ал 2 692 пәтер және жатақ­ханадағы 687 бөлме оқшауланған әскери қалашықта орналасқан.

Бұрын қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскери қызметшілерді тұрғын үймен қам­тамасыз ету 2013 жылғы 1 қаңтардағы әс­кери қызмет мерзіміне байланысты жүзеге асырылатын. Ол бойынша барлық әскери қызметшілер үш санатқа бөлінді. Бірінші санат бойынша көрсетілген уақытқа дейінгі әскери қызмет мерзімі 10 жылдан кем әскери қызметшілерге әскери қызмет өткеру кезеңінде қызметтік тұрғын үй беріліп, мұндай қызмет болмаған жағ­дайда тұрғын үйді жалдау үшін мақсатты өтемақы төленді.

 Екінші санатқа сәйкес әскери қызмет мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейінгі әскери қызметшілерге қалдық сомасы бойынша тұрғын үйді жекеменшіктендіру құқығы болды, бірақ қызметтік тұрғын үй беріл­ген­ге дейін тұрғын үйді жалға алғаны (жал­дағаны) үшін мақсатты өтемақы ала ал­мады.

 Үшінші санат. Көрсетілген уақытқа дейін 15 жылдан астам қызмет еткендерге күнтізбелік мерзімде 20 жыл әскери қыз­метте болғаннан кейін ақысыз жеке­ше­лендіру құқығымен қызметтік тұрғын үй берілді, сонымен бірге тұрғын үйді жалға бергені үшін мақсатты өтемақы құқығы жоқ қызметтік тұрғын үй.
 Ал ұсынылған қызметтік тұрғын үй жекешелендіруге жатпаған жағдайда, тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығы бірреттік ақшалай өтемақы төлеумен ауыс­тырылды.

Тәжірибе көрсеткендей, бұл жүйе мә­селені толықтай шеше алмады. Бұған дейін «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес баспанаға мұқтаж әскери қызмет­шілер мемлекет тарапынан бөлінетін тө­лемдерді тек пәтер жалдауға жұмсап келді. Жыл сайын әскерилерге тұрғын үйді жал­дап тұруға өтемақы төленгенімен, баспана мәселесі шешілмеген еді. Оның үстіне әскери қызметтен босаған адамға пәтер жал­дауға берілетін бюджеттік қаржы бөлін­бейтін.

 Ал 2018 жылдан бастап аталған жағдай өзгеріп, заңдарға енгізілген бірқатар өз­гертулер нәтижесінде тұрғын үй төлемдері тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілердің барлық санаттарына, әскери қызмет өті­ліне қарамастан, оларды ай сайын екінші деңгейдегі банктегі жеке арнайы есепшотқа аудару арқылы төленетін болды.

Заңға сәйкес 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілерді тұрғын үй­мен қамтамасыз ету тұрғын үй төлемдері арқылы жүзеге асырылады. Енді тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы «ұғымы» тұрғын үй төлеміне «ауыстырылды». Ал тұрғын үй төлемі әскери қызмет өтіліне қарамастан әскери қызметшілердің барлық санатына берілді. Бұл ретте әскери қызметшілерге қыз­меттік тұрғын үйді одан әрі жекешелен­дірумен алу немесе қызметтік тұрғын үйді жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығы­ның орнына ақшалай өтемақы алу құқығы сақталады.

Сөйтіп, 2017 жылғы 12 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес әскери қызметшілер тұрғын үй төлемдерін тек пәтер жалдауға емес, сондай-ақ оларды «Отбасы банкіндегі» шоттарында жинап, жеңілдетілген несиені өтеуге, басқа екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық займдарды қайта қаржылан­дыруға және де үлестік тұрғын үй құры­лысына қатысуға пайдалана алады. Яғни, несиені өтеуге жұмсалатын қаражат әскери қызметшінің ай сайынғы жалақысынан емес, мемлекет тарапынан бөлінетін тұр­ғын үй төлемдері есебінен алынатын болды.

Бұл заң жобасы үш санаттағы әскери­лердің барлығына қатысты орындалады. Осы күнге дейін бюджеттен бөлінетін қаржы І топтағы әскери қызметшілерді (10 жылдан кем қызмет еткендер) ғана арен­далық баспанамен қамтуға жеткен. Тұрғын үй қорының шектеулігіне байланысты қазынадағы пәтерлер бәріне бірдей жете бермегеннен, көп әскерилер баспанасыз жүрді. Жаңа заң осы олқылықтың орнын толтырды.

Тағы бір маңызды жаңа норма жабық әскери қалашықтар мен заставаларда орналасқандықтан, жекешелендіруге жат­пайтын қызметтік баспанамен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге қатысты. Заң жобасы бойынша оларға сол өңірге тие­сілі тұрғын үй төлемдері ай сайын 50 пайы­зының көлемінде аударылатын бо­лады. Бұл шара оларға алыстағы гарнизон­дарда әскери қызмет өткеруге кеткен уа­қытты қаржылай өтейді және әртүрлі мем­лекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысуға мүмкіндік береді.

Себеппен жұмыстан шығарылған әс­керилерге де баспана тиесілі. Оларға жұ­мыстан шығып кеткен уақытына дейін тұрғын үй төлемақысы төленеді.

Заңға енгізілген өзгерістердің нәти­жесінде 2018 жылы 14 000 әскери отбасы баспаналы болды. 5 772 әскери қызметші біржолғы тұрғын үй төлемі мен ақшалай өтемақы алды, 1 244-і қызметтік үйін жеке­шелендірді. 7 000 әскери қызметші тұрғын үй бағдарламасына қатысқан. 2018 жылы – 310 пәтер, 2019 жылы – 520 пәтер, 2020 жылы 414 пәтер жекешелендірілді.
2018 жылы 40 096 әскери қызметшіге 35,8 млрд теңге көлеміндегі тұрғын үй тө­лемі төленді. Қамтамасыз етілмеген кезең­де жұмыстан босатылған кезде 1,1 млрд. теңге көлеміндегі біржолғы тұрғын үй төлемі 140 әскери қызметшіге төленді. 897 әскери қызметшіге қайтарымсыз жекеше­лендіру құқығының орнына 17,7 млрд. теңге ақшалай өтемақы берілді. Бұл үрдіс 2019 және 2020 жылдары да жалғасын тапты. Атап айтқанда, 2019 жылы 43,7 млрд. теңгенің тұрғын үй төлемі 42 084 адамға, 2020 жылы 50,2 млрд. теңге 60 630 адамға төленді. Ал 2019 жылы қамтамасыз етіл­меген кезеңде жұмыстан босатылған 2 350 адамға 10,5 млрд. теңге, 2020 жылы 3 282 адамға 9 млрд. теңге төленді. 2019 жылы 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде әскери қызмет­тен шығарылған адамдарды өтеусіз жеке­ше­лендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы 11 адамға 137 988 мың теңге, 2020 жылы 37 адамға 1,3 млрд. теңге төленді. Жал­пы, сол жылдарда әскерилерді баспа­намен қамтамасыз ету қарқынды түрде жүргізілді.
2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бо­йын­ша Қарулы Күштерде 742 адам жекешелендіруге жатпайтын тұрғын үйде тұрған. Оның ішінде 312 адам жекешелен­діруге жатпайтын және жабық немесе оқ­шауланған әскери қалашықта орналасқан қызметтік тұрғын үйді жекешелендіруге жататын тұрғын үйге айырбастау құқығын пай­даланды. 430 әскери қызметші қызмет­тік тұрғын үйлерді алуды жалғастыруда.

Жалпы, тұрғын үй төлемдері барлық санаттағы әскери қызметшілерге бірдей төленеді. Оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген әскери қызметші­лерге тұрғын үй төлемдерінің 100 пайызы, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етіл­ген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлем­дерінің 50 пайызы аударылады.

Бұл заңның өзгешелігі бойынша 2018 жылдан бастап еңбек өтіліне қарамастан барлық әскери қызметшілерді пәтермен қамту көзделген. Енді әскери қызмет уа­қыты ескерілмейді. Төлем сомасы отбасы мүшелерінің санына қарай есептеледі.

Осы орайда, «Отбасы банкі» арнайы қар­жы бөліп, арнайы тұрғын үй бағдарла­масын әзірледі. «Бұл бағдарлама әскери қыз­метшілердің тиімді шарттар бойынша өз баспанасына қол жеткізуіне көмек көр­сету мақсатында дайындалып, іске қо­сылды. Арнайы осы үшін «Отбасы банкі» 98 млрд. теңге қаражат бөлді. Олардың 48 млрд. теңгесі – банктің өз қаражаты, ал 50 млрд. теңгесі – қарызға алынған ақша» делінген банктің хабарламасында.
Айта кетейік, «Әскери өнім» бағдар­ламасына, әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы және Семей қалалары мен Шығыс Қазақ­стан, Алматы, Қарағанды облыстарының тұрғындары белсенді түрде қатысты. Ал «Отбасы банкі» алдағы 15 жылда 60 мың әскери азаматты баспанамен қамтуды көздеп отыр.
Отанын қорғау жолындағы әскери қыз­метшілерді материалдық және моральдық қолдау, олардың баспана мәселесі әрдайым мемлекет назарында.
Е.ТАЙЖАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты