Қызылордада автогаз бағасы 20 теңгеге қымбаттады
Қызылордада автогаз бағасы 20 теңгеге қымбаттады
142
оқылды

Қызылордада автокөлікке қажетті сұйытылған газ бағасы аспандап кетті. Бірден 20 теңгеге көтерілген баға табиғи газ өндіріп отырған аймақ тұрғындарының қалтасын қағып отыр. Сондай-ақ, жүргізушілер жетіспеушілік барын айтады, —  деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Жүргізушілер бұған дейін газды 60-65 теңгеден құйып келген. Ал енді ол 20 теңгеге бір-ақ көтерілген. Оның өзі қолжетімді емес. Кейбір бекеттерде ғана бар екен.
"Газ жоқ. Барлық жерде талонмен, карточкамен. Қолма қол ақшаға төлеу қиындау. Бұрын 600 теңгеге 10 литр құятын едік, қазір 1 000 теңгеге 10 литр құясың", — дейді тұрғындардың бірі.
Ал мамандар болса, газ бағасы мемлекет тарапынан реттелмейтінін айтқан. Олар қымбатшылықты газ тапшылығымен байланыстырып отыр. Оның негізгі себебі — еліміздегі ірі зауыттардың уақытша жұмысын тоқтауы.
"Әр маусым сайын үш зауыт тоқтайды. Жөндеу жұмыстарына. Шымкенттегі зауыт тоқтап қалғаннан кейін сұйытылған мұнай-газды шығармай қойды. Оның алдында Атырау да шығармай қойған. Бір "КазгерМұнайдың" газы бар. Бірақ ол Қызылорда облысына ғана емес, Жамбыл облысына да, Алматы облысына, Алматыға, Шымкентке, Түркістан облысына кетіп жатыр. Сондықтан газ тапшылығы бар", — дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Ерсін Орынбаев.
Дегенмен, мамандар алдағы уақытта талдау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Газдың құнын негізсіз көтерген кәсіпкерлер анықталса, тиісті шара көреміз дейді.