ШҚО-да Қызыл кітапқа енген өсімдікті жұлған 3 достың бас бостандығы 3 жылға шектелді
ШҚО-да Қызыл кітапқа енген өсімдікті жұлған 3 достың бас бостандығы 3 жылға шектелді
Риддер қаласының үш тұрғыны Қызыл кітапқа енген өсімдікті жұлғаны үшін сотталды. Разлеванка өзенінің жанында - орман шаруашылығы аумағында үш дос жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді жұлған.
"Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерді заңсыз жұлғаны үшін сот Риддер қаласының тұрғындарына қатысты айыптау үкімін шығарды. Жалпы алғанда, сотталғандар 250-ден астам Қызыл кітапқа енген өсімдіктің сабағын кескен", - деді Риддер қалалық пробация қызметінің бастығы Альмира Майылханова.
Сотталғандардың айтуынша, олар «ұсақ пияздан» салат жасамақшы болған. Алайда, өсімдіктің бұл түрі ҚР Қызыл кітабына енген. ШҚО Риддер қалалық сотының үкімімен жігіттер ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 2-бөлігі 2-тармағы бойынша сотталды.
«Оларға қатысты үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесіліп, пробация қызметіне есепке қойылды. Қазір есепте тұрған сотталғандармен профилактикалық жұмыс жүргізілуде және бұдан әрі пробация қызметінің бақылауында болады, сондай-ақ, қайта құқықбұзушылық жасаған жағдайда сотталғандардың бас бостандығын шектеу түріндегі жазасы неғұрлым қатаң – бас бостандығынан айыруға ауыстыруы мүмкін. Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу ережелері сотталғандарға түсіндірілді, - деп қорытындылады Риддер қаласы пробация қызметінің бастығы Альмира Майылханова.