Көпбалалы аналарға кәсіп ашуға берілген көмек
Көпбалалы  аналарға кәсіп ашуға  берілген көмек
137
оқылды

Жамбыл облысының әкімі Бер­ді­бек Сапарбаев FoodFest-Taraz  фестивалі жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөй­леп, өңірдегі көпбалалы аналар­дың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсететін жаңа жобаларды жариялады.

 FoodFest-Taraz  фестивалінде әр ұлттың тағамдар көрмесі, «Бауырсақ пати» және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Іс-шараға  зиялы қауым, өңірдегі этномәдени бірлестік­тердің өкілдері, кәсіпкерлер, арнайы орта оқу орындарының шәкірттері мен қала тұрғындары белсене қатысты.
Аталмыш фестиваль Тараз қаласы әкімдігінің және «Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен алғаш рет өткізіліп отыр.

«Өңірімізде жүзге жуық ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Әр ұлттың тарихы, мәдениеті мен руханияты, одан қалды асханасы өз алдына бір игілік. Бүгінгі фестивальда біз осыған тағы бір рет куә болдық.  Сонымен қатар мұндай іс-шара көпбалалы аналар мен кәсібін бастаймын деген қыз-келіншектерге үлкен мүмкіндік» деп атап өтті облыс басшысы.

Аталмыш шараның басты мақсаты – елімізде тату-тәтті өмір сүріп отырған әр ұлттың тағамдарын дайын­дау дәс­түр­лерін одан әрі насихаттау, мемлекет тарапынан грант алған және өз кәсібін бастаған көпбалалы аналарды қолдау және жастар арасында сұранысқа ие аспаз мамандығына деген қызығу­шылықты арттыру.
Мысалы, биылғы  5 айдың көрсет­кішін сараптайтын болсақ, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны был­тырмен салыстырғанда 19 мың адамға азайған.

Бұл дегеніміз – жамбылдықтар қол қусырып, мемлекеттен көмек күтпей, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиесілі гранттарды иеленіп, жеке шаруа­шылығын ашып, өз ісін дөңгелетіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге де айтарлықтай үлес қосып келеді.

Облыс әкімі екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһары ерте заманнан бері Ұлы Жібек жолы бойында сауда-саттықтың үлгісін күллі әлемге паш еткен қала екеніне баса назар аударды.
Ұлы Жібек жолында орналасқан Тараз қаласы  б.д.д 40-36 жылдары та­ри­хи-мәдени, ғылыми орталықтардың бірі болып қалыптасқан. Бұл қалада көптеген елдің саудагерлері аялдап, түрлі зат əкеліп сатқан.  Араб саяхат­шысы Ибн Хаукальда қаланы: «Тараз – мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын қаласы» деп суреттейді.
Тараздың мәдениеті мен руханияты, сонымен қатар қонақжайлылығы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, тарих бет­терінде қалған. Ертеде Тараз қаласын­дағы сауда базарын көргендер «Тараз базары – әлем айнасы» дейді екен. Міне, бұл үрдіс ел тәуелсіздігін алғаннан кейін де жалғасып отыр.

«Еліміздегі пандемия салдары орта және шағын бизнес жұмысының тұралауына алып келді. Бұл орайда кәсіпкерлер «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бір-біріне көмек қолын созып жатқаны жерлес­терімізді қуантады», –  деді Б. Сапар­баев.  

Екі күнге созылған фестиваль нәтижесінде сан алуан  ұлттық тағамды дайындау бойынша түрлі номинацияда жеңімпаз танылған көпбалалы аналар тоңазытқыш, асүйге арналған плита, қысқа толқынды пеш, мультиварка сияқты бағалы сыйлықтарға ие болды.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы