Жанар-жағармай неге тапшы?
Жанар-жағармай  неге тапшы?

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында осыдан екі апта бұрын автогаз табылмай жүргізушілер сарсаңға түскен болатын. Енді, міне өңірде бір аптадан бері дизель отыны жоқ. Жанар-жағармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек күткен жүк көліктері. Оған енді бензин тап­шылығы қосылды. АИ-95 маркілі жанармай кей бекетте мүлдем жоқ, барында тек талонмен беріліп жатыр. Сондықтан көлік иелері күн­ұзаққа бензин мен дизель отынын іздеп сабылып жүр.

Тапшылық  бағаны көтерумен аяқталады 

Түркістандық Howo жүк көлігінің жүргізушісі Қамбар есімді азамат бір апта бойы дизель отынын іздеп, шарқ ұрғанын айтады. «Кешеден бері «Казпромнефть» жанармай құю бекетінде ғана  200 литрден беріп жатыр. Лимит қойған. Басқа бекеттерінде ол да жоқ. Бір апта әбден сарсаңға түстік. Күнделікті нәпақамызды тауып отырған көлігіміз – осы.  Дизель отынынсыз қимылдай алмай қаламыз.  Жанармай құю бекеттерінде күнұзаққа кезекке тұрамыз,  олар да талон сұрайды. Талонды таныс арқылы іздеп, 186 теңге болып тұрған майды 250 теңгеге дейін көтерілгеніне қарамастан, табылғанына қуанып алып жүрдік.  Түнімен сұйық отын іздейміз. Бастапқыда шалғай елді мекен­дерде бұрыннан қалып кеткен майды ыдыспен тасып, әкеліп жүрдік. Кейін ол да таусылды. Жыл сайын осындай бір тапшылық болады да, бағаны көтеріп алады. Қазір дизель отыны 195-199 теңге аралығында сатылып жатыр. Жанармай бекеттерінде әлі де жүк көліктері кептеліп тұр. Таусылып қалмай ілінсек болғаны»,  – дейді ол.
Сондай-ақ диқандарға да дизель отынының тапшылығы едәуір шығын алып келетіні белгілі. Ерте көктемнен күні-түні тынымсыз еңбекпен еккен егіні пісіп-жетіліп енді ғана сатуға шығарамыз деп отырғанда жүк көліктерінің май таппай кептеліп тұрғаны мынау. Әсіресе, дәл қазір Жетісай, Мақтаарал аудандарындағы диқандар пісіп тұрған қауын-қарбызын шығара алмағанына күйінеді. Одан бөлек, Батыс Еуропа–Батыс Қытай дәлізі арқылы шетелден жүк тасымалдайтын «фура» көліктерінің де жағдайы мүшкіл болып тұр. «Ресейге, Тәжікстанға бет алған көліктер жол бойы дизель отынын таппай, азық-түлік заттар күннің ыстығына шыдамай, шығынға бататын болдық» деп шырыл­дайды жүргізушілер.

Қымбат болса да табылғанына қуанады

Ал өңірдегі өнімдері ерте пісіп, алыс сапарға аттандыратындардың бірі жеті­сайлық диқандар екені белгілі. Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбековтың айтуынша, ауылдағы жағдай қазір сәл тұрақталған. Жергілікті жанармай бекет­терінде дизель отыны аздап босатылады. Бағасы да аздап түсіпті.  «Иә, өткен аптада дизель отынына деген тапшылық қатты білінді. Sinooil бекетінде ғана болды. Оның өзінде талонмен, лимитпен. Басқа жанар­май бекеттерінде болмай қалды. 240 тең­геге дейін көтерілді. Шаруалар бағасының көтерілгеніне де емес, табылмай жатқанына қынжылды. Диқандарда талон қайдан болсын?! Әлі де бұрынғыдай қалыпқа түсе қойған жоқ. Дегенмен 2-3 күнде реттеліп қалатын шығар деген үміттеміз», – дейді ол.
Осылайша, шымкенттіктер мұнайдың үстінде отырып мұнайға жарымай отыр. Бүтін бір аймақты қамтуға мүмкіндігі бар мұнай зауытының шарапаты халыққа тимей келеді. Жылына бірнеше мәрте қайталанатын мұндай жағдайдан тек қара­пайым халық зардап шегеді. Салдарынан әлеуметтік тауарлар қымбаттап, шаруалар шығынға батады. Мұны реттеуге тіпті жергілікті биліктің де шамасы келмей отыр. Билік үнемі мұнай зауыттарының жөндеу жұмыстарына байланысты тоқта­ғанын айтып сылтауратумен келеді. Ми­нистрлік өкілінің сөзіне сенсек, Шымкент МӨЗ жөндеу жұмыстарын аяқтап, 18 маусымнан бастап дизель отынын қайта жеткізе бастаған. Алайда әзірге бұл тек сөз жүзінде болып тұр.

Жекеменшік болған соң білгенін істейді 

Шымкент қаласы жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров жанар-жағармай қорын жасау механизмі дұрыс жүргізілмегенін, жергілікті биліктің бұл мәселеге араласа алмайтынын айтып ренжиді. «Мәселен, өзіміз осы жайтты айтып министрлікке хат жазсақ, жауап бір жылдан соң келеді. Арнайы комиссия құрылып, оған халық атынан қауымдастықты мүшелікке енгізу керек. Сонда ғана бұл мәселе ашық болады. Бақылаудың жоқтығынан осындайға жол беріліп отыр. Өкінішке қарай, мұнай өнімдерін тасымалдайтын үлкен алпауыт компаниялар жоғары жаққа, яғни  билікке жақын жандар. Сондықтан олар өздерінің мәселелерін тез арада шешіп алады. Ал шағын жанармай бекеттеріне итке сүйек тастағандай аз ғана беріп қояды. Сонда Президенттің Жолдауындағы шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі қайда қалды?  Қазір жанар-жағармайды бар деп те, жоқ деп те айтуға болады. Бензин бар сияқты бірақ жоқ. Министрлік зауыттың тоқтайтынын біледі, тапшылықтың болатынын біледі. Сөйте тұра, осындай қателіктерге жол береді» деп қынжылды Қайыпбек Жауылбайұлы.
Қауымдастық төрағасы барлық мәселе бензиннің, дизель отыны мен газдың да жекенің қолына өтіп кеткенімен байланыс­тырады.  Тіпті, мұнай қорын ұстаушылар да жекеменшік. «Стратегиялық маңызы бар тауар болғандықтан, мұны мемлекет өз қолына алып, стратегиялық жоспармен жұмыс істеуі керек. Міне, салдарынан әлеуметтік тауардың бәрі қымбаттап отыр. Мұның қарапайым халыққа зардабы мол. Стратегиялық тауарды неге осылай жеке­нің қолына беріп жүгенсіз жібергеніне таңым бар. Тапшылық, әсіресе қор ұстау­шы­лардың, сондағы менеджерлердің қателігінен болып отыр деп ойлаймын. Ми­нистрлік тарапынан да арнайы меха­низм, жоспар түзілмеген. Тіпті, мұны заң­мен реттеу керек дер едім. Бұрын 2017 жылға дейін әр ауданға жеткізу мәселесі де қарастырылатын. Оны қазір алып тастаған соң жанар-жағармайдың қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Бірақ экспортқа кетіп жатқанын көріп отырмыз. Біз тек көзбен көргенімізді ғана жазып, есептейміз. Қағаз жүзінде ешкімнен мәлімет ала алмаймыз. Қалай болғанда да, тапшылықты уақытша қолдан жасап бағаны көтеріп алды», – дейді Қайыпбек Қамбаров.
Осылайша, министрліктегі механизм­нің жоқтығына, стратегиялық тауардың жекенің қолына өтіп кетіп, қазір олардың білгенін істеп отырғанына қынжылған қауымдастық төрағасы аты бар заты жоқ қауымдастықтың да дәрменсіз екенін жеткізді.

Алпауыт компаниялардың бірі «Казпромнефть» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Шымкент қаласындағы өңірлерге май тасымалдау  бойынша логисті Атабек Абдухаликов соңғы күндері жанар-жағармай мәселесінің реттеліп қалғанын айтты. Қазір өңірлерде тек АИ-92 маркалы бензин тапшы болып тұр екен. Ал дизель отыны қалада жеткілікті бол­ғаны­мен, аймақтарда әлі де лимитпен беріліп жатыр. «Дизель отынын бір күнде 200 литр көлемінде босатуға рұқсат бердік. Себебі одан артық жеткізіп беруге мүм­кіндік болмай тұр. 1-2 күнде барлығы да өз орнына келіп, реттеледі. АИ-92 маркалы май 170, АИ-95 маркасы 200 теңгеден сатылып жатыр. Дизель отыны 195-199 көлемінде босатылуда. Шымкент зауыты іске қосылғанымен, біз олардан аз көлемде май аламыз», – дейді ол.

Міне, әзірге  оңтүстікте дизель тап­шылығы әлі жойылған жоқ.  Ал энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың  бұл жағдай алдағы бір-екі күнде шешілетінін айтқанына да бір аптаға жуықтап қалды. Жағдай тұрақталамын дегенше, тасымалға тәуелді тауарлардың бәрінің бағасы аспандап кетті…
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы