2002 жыл: ел еңсесі тіктелген жыл
2002 жыл: ел еңсесі тіктелген жыл
392
оқылды

Сол жылы елорданың ғана емес, елдіктің белгісіне айналған Бәйтерек монументі бой көтеріп, қазақстандықтар алғаш рет еуро дейтін ақшаны қолына ұстап көрді. Бұрын Азия құрлығындағы аяқдоп жарыстарына қатысып жүрген ұлттық құрама мен клубтар сол жылдан бастап Еуропада ойнайтын болды. Қазақстан UEFA құрамына кірді. Бұлар 2002 жылғы оқиғалар еді.

Тәуелсіздік жылнамасын парақтап отырсақ, Қазақстанның іс жүзінде на­рықтық қатынастарға өткен мемлекет ре­тінде ресми түрде мойындалғаны да сол 2002 жыл екен. Яғни, азаттық ала сала на­рықтық экономикаға өтуге ұмтылып, же­кешелендіруді бастаған Қазақстан билігінің әрекеті тек 2002 жылға қарай нәтиже бере бастапты. Бәлкім, базарда сауда сатып, шағын кәсіпкерлік нысан­дарын ашуды бұқара одан бұрын-ақ үйрене бастаған шығар, алайда жаһан эконо­микасына ықпал ететін ең қуатты мемлекет АҚШ Қа­зақстанды нарықтық экономикаға 2002 жылы өтіп болды деп есептеді. Еуропа одағы да бұл пікірді құптады. Сөйтіп, «өт­пелі кезең» деп аталатын қызығы мен шы­жығы көп 11 жылды артқа тастадық. Әрі ел тұрмысының түзеле бастайтыны да 2001-2002 жылдар еді. Мемлекет тұр­мыс­пен бірге денсаулықты түзетуге де көңіл бөлген еді сол жылы.

Бірінші байлықтың қадірін сезіндірген жыл

2002 жылы Қазақстанда «Денсаулық жылы» деп жарияланды. Өйткені тоқса­ныншы жылдардың қиын-қыстау кезде­рінде бұқара денсаулықтың қадірін түсіріп алғандай болғаны бар. Қайтсін, тұрмысты түзеу үшін, «қара қазан сары баланың» қамы деп күні-түні жүгіріп жүргенде көп адамның денсаулығы да сыр берген-ді. Мемлекеттің де 2002 жылдан бұрын меди­цина саласын дамытуға көңіл бөлетіндей қауқары аз еді. Жаңадан тәуелсіздік алған мемлекет шын мәнінде жас еді. Шекараны бекіту, Қарулы Күштерді құру, төл валю­таны айналымға енгізу, нарықтық эко­номикаға көшу, жалақы мен зейнетақы қарыздарынан құтылу, түрлі салаларды реформалау, ин­вестор тарту, мұнай сатудан түскен қаржыны болашақ үшін сақтап қоюға қор құру тәрізді сансыз шаруаларды билік 2002 жылға дейін аяқтады. Сөйтіп, ендігі кезек денсаулыққа келген еді. Ел­­басы Нұрсұлтан Назарбаевты да сол кезде ел халқының орташа өмір сүру ұзақты­ғының 64 жасқа тең болуы алаң­датқан сыңайлы. Йод тап­шы­лығының салдарына да түрлі дерттің көбейгені сол жылдар еді. Туберкулезбен ауыратындар, ана мен бала өлімінің саны көп болатын. Бала туу көрсеткіші де тө­мендеп, ме­ди­циналық кө­мек қолжетімсіз бола бастаған-ды. Оның үстіне, денсаулық сақтау сала­сының мәсе­лелері де шаш етектен еді. Сондықтан би­ліктің бұл салаға жедел көңіл бөлуі қажет еді. Осылайша, 2002 жылы ресми түрде Денсаулық жылы жарияланды. Біздің пайым­дауымызша, дәл сол кезеңнен кейін Қазақстандағы ден­саулық сақтау саласы еңсесін тіктеп, бірте-бірте даму жолына түсті. Кейін медициналық клас­терлер бойынша түрлі орталықтар салынып, жұ­мыс істей бастады. Қазақстан Орталық Азиядағы медицинасы дамыған елдердің көшін бастап тұр. Бүгінгі осынау жетіс­тіктерге жеткізген жол 2002 жылы бас­талған болатын.
Жалпы, 2002 жыл туралы сөз еткенде, кейінгі кезеңдерде атқарылған жұмыс­тардың көбінің іргетасы сол кезде қалан­ғанын атап өтуге болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2003-2005 жылдарды «Ауыл жылдары» ретінде жариялауға даярлықты 2002 жылдан бастауға тапсырма бергені бар. 2002 жылдың 16 сәуірінде жариялаған Жолдауын да тұтастай дерлік ауылға, ауыл шаруашылығына арнаған еді. Елбасы сол кезде Үкіметке жыл сайын ауыл шаруашы­лығын дамытуға 8-10 млрд теңге бөліп оты­руды тапсырған. Сөйтіп, 2003-2005 жылдар аралығында ауылдағы медицина, білім беру салаларын дамыту, әлеуметтік қолдауды күшейтуді мақсат тұттық. Алайда масыл­дыққа жол бермеуді назарда ұстадық.

«Бiздiң бәрiмiз алдымен ауылға қолдау көрсету дегенiмiз кез келгендi және көрiн­гендi оңды-солды мемлекеттiк қаржы­ландыруға келiп тiрелiп тұрмағанын мық­тап ұғынып алуымыз керек. Бiз бәз бая­ғыдай масыл болушылық тәжiрибесiн қай­та түлете алмаймыз және олай iсте­меймiз. Алдағы уақытта да адамның өзi үшiн және өзiнiң отбасы үшiн ырзығын теруiне қажеттi жағдай туғызу бағытын нысаналы жүргiзу керек, жұмыс iстей бiле­тiн, өзiнiң еңбексүйгiштiгiн көрсеткен адамдарға қолдау көрсету керек. Мемле­кеттiң ха­лықтың және оның болашағының ал­дындағы жауапкершiлiгi де, мiне, осында жатыр», – деген еді Елбасы.

Бірақ Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті мемле­кеттік әлеуметтік міндеттерін де естен ышғарған жоқ. Конституциядағы «әлеу­меттік мемлекет» сипатына сай болудың, халықтың хал-жағдайын жақсартудың түр­лі жолдарын қарастырды. Айталық, 2002 жылы Нұрсұлтан Назарбаев мұғалім­дер жалақысын 30 пайызға өсіруде тап­сырған болатын. Әу баста 25 пайыз деп жос­пар­ланғанымен, Елбасы Жолдауда 30 пайыз етуді бұйырды. Үкіметке бұл мақ­сатқа қосымша қаржы көздерін табуды тапсырды. Сөйтіп, бюджеттік сала қыз­меткерлері 2002 жылдан бастап тәп-тәуір айлық ала бастады. Кейін жыл сайын мұғалімдер жалақысы өсіп отырды. Біле­тіндер 2002-2020 жылдар аралығында мұға­лімдер жалақысы 11 есе өскенін айтады. Демек, экономистер жиі айтатындай, Қа­зақстанның тұрақты даму жолына түскені де 2002 жыл деген сөз. Әрі әлеу­меттік мемлекет құруға ұмтылы­сы­мызды ай­­­­шық­таған жыл еді.

Жаһандағы қазақтар екінші рет бас қосты

2002 жылы Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті. Алғашқысы 1992 жылы өткенімен, одан кейінгі қиын кезеңдер шартарапты қазақ­тың басын қосуға мүмкіндік бермеген еді. Әрі осы аралықта ел астанасын Алатау бау­райынан Арқаға көшіру процесі де басталып кеткен еді. Демек, екінші құ­рылтайға дейінгі кезең тым қарбалас, қауырт уақыт болатын. Бәлкім содан ба, жоқ әлде өзге себептері болды ма, әйтеуір Дү­ниежүзі қазақтарының екінші құрыл­тайы он жылдан соң ұйымдас­тырылды. Алайда бұл жиынды Түркістанда өткізу арқылы Қазақстан Президенті қиырдағы қан­дастарға ерекше месседж жолдаған еді. Яғни, он жылда Қазақстан қол жеткізген жетістіктерді көру мүмкіндігін ұсынып, күллі қазақ үшін киелі саналатын қаланың айрықша атмосферасын сезі­нулеріне ық­пал еткен-ді. Ұлы хандар мен ұлт қайрат­керлері мәңгілікке байыз тапқан шаһарда бас қосқан қазақтар алдында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев: «Міне, көңілдері ата­жұрт деп алып-ұшқан алыстағы ағайын­дарымыз киелі Түркістан төрінде мәре-сәре күйге бөленген тамаша мерекенің куәсі болып жатыр. Қуаныштарыңыз құт­ты болсын, бауырлар! Бұл құрылтай қа­зақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқанының белгісі. Біздің бәріміз үшін бұдан артық бақыт, бұдан артық қуаныш болуы мүмкін емес», – деген болатын. Осылайша, құ­рылтай мәртебесін асырып, мыңжыл­дық­тың алғашқы жиыны ретінде баға бергені бар.

Негізі, 2002 жылы түрлі форумдар, бас­қосулар, құрылтайлар молынан ұйымдас­тырылған жыл еді. Тараздың 2000 жыл­дығын да ЮНЕСКО деңгейінде сол жылы тойладық. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бірінші басқосуы өткен болатын. Әдетте журналистер мен саясаткерлер Азия кеңесі деп бейресми атай беретін ұйымның ал­ғашқы жиынына Қазақстан, Ресей, Қытай, Пәкістан, Түркия, Моңғолия, Қырғыз Рес­публикасы, Тәжікстан және Ауғанстан президенттері, Әзербайжан және Үндістан премьер-ми­нистрлері, Иран, Мысыр, Палестина және Израильдің өкілетті ресми тұлғалары, бақы­лаушы мемлекеттер: АҚШ, Индо­не­зия, Малайзия, Жапония, Таиланд, Вьет­нам, Украина және Корей Респуб­ликасы­ның өкілдері, бақылаушы ұйымдар: БҰҰ, ЕҚЫҰ басшылары қатысты. Басқосу ба­ры­­­сында Алматы актісіне, Лаңкестікті жою және өркениеттер арасындағы сұхбат­қа қолдау көрсету туралы декла­рацияға қол қойылды. 

Сол жылы күзде Қазақстанға БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Кофи Аннан ресми сапармен келгені бар. Кетерінде «Достық» орденімен марапатталған Бас хатшысы Қазақстан халқы Ассамблеясын көпке үлгі болатын құрылым ретінде бағалаған еді. Әрі елімізде тұрып жатқан түрлі этнос өкіл­дерінің тату-тәтті өміріне тамсанған. Тіпті, Кавказда ұзақ жылдар бойы Ресейге қарсы соғысып, сол кездері түрлі дала ко­ман­дирлерін тудырған ше­шен-ингуш халық­тарына қатысты көз­қарасын да өзгертіпті. Оны Қасым-Жомарт Тоқаев естелігінде жазғаны бар. «Кофи Аннан Қазақстан халқы Ассамб­леясы ұлттық-мәдени орта­лықтарының басшы­ларымен кездесті. Бас хатшы аз ұлт өкіл­дерінің қысқаша айт­қан сөздерін мұқият тыңдады. Әйтсе де, бұ­лардың ара­сынан шешен-ингуш диас­порасы же­тек­­шісінің сөзі оның жадында қалыпты. Іс-шара аяқталғаннан кейін ол сыпайы ғана «Бұлар Ресейде соғысып жатқан әлгі сол халық па?» деп сұрады. Сұрағына нақты жауап алған К.Аннан «Өзіндік сипаты бар халық екен» деді ойлы жүзбен. Содан соң іле «Олар Сіздерге қиын проб­лемалар тудыр­май ма?» деп сұрады. Бұл диаспора та­рапынан ешбір қиындық жоқ­тығы жөнін­де жауап алған ол ойланып қал­ды…», – деп жазады осы оқиға туралы ес­телігінде Қа­сым-Жомарт Тоқаев.

2002 жылы алғаш рет Еуразиялық медиа форум да өткені бар. Он шақты жыл бойы үзбей өткізілген форумға әлемге танылған саясаткерлер, журналистер, ға­лымдар қа­тысатын. 2002 жылдан бастан жыл сайын осы форумға қатысу үшін біздің елге Нобель сыйлығының талай иегерлері келгені бар. Бүгінде елге белгілі форум 2002 жылы бұ­қараға таңсық еді. Алғашқысының өзіне 30 елдің 200 ге жуық журналисі қатысқан болатын. Біздің пайымдауы­мызша, мұндай ірі жиындарды, басқосу­ларды өткізе бастау Қазақстан экономи­касының даму жолына түскенін білдіреді. Олай дейтінміз, ақша жоқ жерде жиын-той, форум-құрылтай ұйымдастыру да мүмкін болмас еді.

Тағы не болып еді?

Сөз басында айтқанымыздай, 2002 жылы Қазақстан футбол федерациясы UEFA құрамына кірді. Екі жылға созылған келіссөздерден кейін Қазақстан футбол клубтары еуропалық турнирлерге қатысуға мүмкіндік алды. Сол кезде футболдың төңі­регінде жүрген атқамінерлер Еуропада ойнау Қазақстан футболын дамытады деген ұстанымда еді. Бұқара да соған сенді. Әйтпесе, Жайықтан батысқа қарай со­зылған шағын аумағы ғана Еуропа құр­лығына кіретін, халқының түрі, ділі мен болмысы тап-таза азиялық саналатын Қа­зақстан Еуропа емес еді. Бірақ содан бері 20 жылға жуық уақыт өтсе де қазақ­стандық футболшылардың ішінен Еуропаның үздік клубтарында ойнаған бірде-бір спортшы жоқ. Клубтардың Чем­пиондар лигасы мен Еуропа кубогінің бастапқы іріктеу ке­зеңдерінен өткен кезі болған емес. Күллі футболсүйер жанкүйерді қызықтыратын топтық кезеңде Қазақстан клубтарын жуық арада көре қоямыз де­генге сенім де азайып барады. Ал 2002 жы­лы біз менсінбей кеткен азиялықтар сол жылғы Әлем чемпионатында жарқылда­ғаны бар. Корейлер үшінші орын алып, жапон спортшылар Еуропалық клубтардың төрінен бір-ақ шыққан.

Айтпақшы, 2002 жылы қазақстандықтар алғаш рет еуро дейтін ақшаны көрді. Сол жылдың қаңтарында «Қазкоммерцбанк», «ТұранӘлемБанк» және «Халық банк» үшеуі елге 30 млн еуро әкелді. Ұлттық банк 2002 жылдың қаңтары мен тамызы ара­лығында еуроның айырбас құнын 150 теңге 97 тиын деп белгіледі. Ол кезде 1 доллар 154 теңге 10 тиын еді. Қазір қос валютаның алғашқысы 500-дің, екіншісі 400 теңгенің үстінде жүр. Еуроны Қазақстанға алып келген үш банктің екеуі жоқ.

2002 жылы елордада «Астана-Бәй­терек» монументі ашылды. Биіктігі 97 метр болатын нысанның үсті Самұрықтың жұ­мыртқасын бейнелейтін шар еді. Ел аста­насына келген қонақтар мен тұрғындар Бәй­теректің биігі­нен қаланы тамашалап, Елбасы ала­қанының та­бы делінетін қолдың ізіне ала­қанын қоятын. Тілек тілейтін. Ырым­дағаны ғой. Бү­гінде жар­­қырап-жай­нап тұрған елорда­­дағы ға­жайып құрылыс еді. «Бәй­теректен» кейін Есілдің сол жағалауын­дағы бос жатқан жер­лерге сансыз құрылыс са­лынды. Ақорда да, Министрліктер үйі де, Парламент ғи­ма­­раттары да, Хан Шатыр да, қысқасы бү­­­гінде елорданың сәнін келтіріп тұрған ны­­сан­дардың бәрі «Бәйтеректен» кейін бой кө­терді. Демек, 2002 жыл эконо­миканың ғана емес, барлық саланың еңсе тіктей бастаға­нымен есте қалса керек.
Ардақ СҰЛТАН