Жетісулық журналистер марапатталды
Жетісулық журналистер марапатталды
488
оқылды

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Талдықорғандағы Салтанат сарайында журналистер қауымымен кездесу өткізді. Дөңгелек үстел басында пікір алмасып, өңірдегі жаңалық пен жақсылықты жұртшылыққа жеткізуде жақсы қызметтерімен ерекшеленген бірқатар журналистерге марапаттар тапасырды.

Мерекелік басқосу басталар алдында шақырылғандар назарына кжетісулық журналистердің тындырымды тірлігі, үздіксіз ізденісі мен шабытты шығармашылығы жайлы ауқымды көрме ұсынылып, экраннан бейнефильм көрсетілді. Фильмде өткен бір жыл ішінде бақилық болған белгілі журналистер және ақпарат саласы мамандарының есімдері мен еңбектері ерекше аталып өтілді. Жиналған қауым танымал тележүргізуші, «Жетісу» телеарнасынының басшысы болған Бейсен Құранбек, ҚР Мәдениет қайраткері, Журналистер Одағы мен «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері Нұртілеу Иманғали, ішкі саясат саласының ардагерлері Гүлжиян Сүлейменова, Ғалым Жазылбеков, қаламгер-журналист Мұхаметәлі Қазбанбетов сынды азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. журналист Салтанатты шараны құттықтау сөзімен жалғаған облыс әкімі Амандық Баталов Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында мереке күні кездесіп отырғанына қуанышты екенін жеткізіп, БАҚ-тың қоғам өміріндегі рөліне тоқталды. Жетісу өңірінің жаңалықтарына жаршы болып жүрген тілшілердің есімдерін атап, республикалық БАҚ өкілдеріне әріптестік байланыстары үшін ризашылығын білдіріп, ізгі тілегін айтты: – Құрметті журналистер! Қадірлі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Қаламдарыңыз қарымды, еңбектеріңіз жемісті болсын! Ақпарат құралдары мемлекеттік саясатты, жүргізіліп жатқан ірі реформаларды, рухани жаңғыру қадамдарын халыққа жеткізуде зор қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда медиа-кеңістіктің ауқымы ұлғайды. Осы 30 жыл ішінде мақтануға тұратын, тәуелсіздікті нығайтып, бүкіл әлемге паш етуге лайықты ауқымды істер жасалды. Тарихи оқиғалар, тағылымды істердің бұқаралық ақпаратта жариялануында сіздердің еңбектеріңіз мол. Жанкешті жұмысты, шығармашылық зор қабілетті талап ететін жауапты қызметтеріңіз табысты болсын! – деді өңір басшысы. Мұнан соң «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Шамшидин Паттеев, «ТенгриНьюс» сайтының бас директоры Сұңқар Қарабалин, ұзақ жылдар «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі болған ардагер журналист Тілеуқабыл Мыңжасар, Көксу ауданы мәслихатының депутаты, «Нұрлы Көксу» газетінің бас редакторы Айгүл Айманбекова әріптестерін құттықтап, арнайы қабылдау үшін ризашылықтарын білдірді. журналист Марапаттау рәсімінде бірқатар журналистер, ардагер қаламгерлер, өңірлік баспасөз қызметінің өкілдері облыс әкімінің қолынан наградалар алды. «Іле таңы» газеті редакторының орынбасары Роза Айдарбекова мен «Жетісу» газетінің меншікті тілшісі Қанат Біржансалдың жылдар бойғы еселі еңбектері «Еңбек ардагері» медалімен аталып өтілсе, «Огни Алатау» газетінің меншікті тілшісі Рамазан Елешевке Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі атағы берілді. «Жетісу» газетінің тілшілері Ұлбосын Исабекова мен Гүлжан Тұрсынова, «Жетісу» телеарнасының журналисі Назгүл Бошан, облыс әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы, ақын Сағыныш Намазшамованың ақпарат саласындағы атқарған алғаусыз қызметі «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі болып, әріптестердің мерейін тасытты. Тағы бірқатар журналистер Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталды. Кәсіби мерекелері күні мерейлері тасыған журналистер атынан сөз алған Қанат Біржансал әріпестерін құттықтаған соң, бұқаралық ақпарат қызметкерлерін арнайы шақырып, құрмет көрсетіп отырған облыс басшылығына алғысын жеткізіп, жырдан шашу шашты.

Болат Абаған, Алматы облысы.