Нұр-Сұлтан қаласындағы Кенесары 9\1 мекенжайында орналасқан № 96 «Аяла» арнайы балабақшасы ашылмақ. Қала әкімдігінің қолдауымен тұрғызылған балабақшаның артықшылығы – ерекше білім беруді талап ететін балаларға арналған. Яғни, зағип жандар. Тек көру қабілеті нашарлаған, сөйлеу тілі дамымаған және психикалық дамуы кешеуілдеген балаларды қабылдайды.
– «Аяла» ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған балабақша негізі денсаулығының ақауы бар кішкентайлар үшін таптырмас дүние. Өйткені мұнда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға мектепке дейінгі тәрбие беріп, оқытып-тоқытумен шектелмейді. Мекемеге келген әр баланың дамуына, оның денсаулығының түзеуіне басты назар аударылады, – дейді Гүлдархан Нәзімханқызы.
Тоқсан балаға дейін қамтығалы отырған мекемеде бала дамуындағы 3 түрлі қажеттілік бойынша үш санатқа бөлінген. Атап айтар болсақ: көру қабілеті төмен балаларға, тіл мүкістігі бар жандарға және психологиялық дамуы тежелгендерге деп топталған. Осының әрқайсысында 2 топ жасақталып, барлығы 6 топ жұмыс істемек. Әр маманның өз бөлмесі бар. Бәрі бір аумақта орналасқан. Көзі нашар көретін балаларға, бір бөлмеден келесіге барып-келуі мен жүріп-тұруына өте қолайлы жасалған. Оның үстіне, күні бойы балалар білікті мамандардың бақылауында, тәрбиешілердің қадағалауында екен. Олар тек топқа бас-көз болмай, әр баламен жеке айналысады. Тіпті, әр топта екі тәрбиеші мен оның көмекшісіне дейін болады.
– Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлының сапалы білімнің барлығы қолжетімді болуын назардан тыс қалдырмай, халықтың мұң-мұқтажына қарай ерекше білім беруді талап ететін балаларды қолдауы – бүкіл елге көмек. Ал біз әрбір балаға, әсіресе ерекше қажеттілігі бар балалардың қай-қайсысына да медициналық, педагогикалық, әлеуметтік қолдау көрсетіп, бәріне бірдей оқып-жетілуіне мүмкіндік жасау – біздің міндеттіміз. Сондықтан балабақшадағы мамандар күнделікті балалардың жағдайын диагностикалық құрылғылармен тексеріп, қадағалап отырады. Арт терапия, монтессори, офтальмология секілді кабинеттің бәрі заманауи құрылғылармен жабдықталған, – деді «Аяла» арнайы балабақша меңгерушісі міндетін атқарушы.
– Балабақша толыққанды жұмысын енді бастайды. Ашылуын асыға күтудеміз. Портал арқылы ілігіп, құжаттарды әкелгенімізде балабақшаның жұмысымен таныстым. Мұнда баланың жүйелі дамуына, қабілетінің артуын қадағалайтын білікті мамандар жиналыпты. Тіпті, оларға қажетті заманауи құрылғылармен қамтылыпты. Соның арқасында баламның да көңілі түзеліп, жағдайы жақсарады деп сенемін. Сондықтан осындай игі бастаманың басында тұрған Президентіміз бен қала әкімі Алтай Көлгіновке ризашылығым шексіз, – дейді Гүлнар Баяндина.